Басты жаңалықтар

Шағын жинақталған мектептер: бүгіні мен болашағы


Шағын жинақталған мектептердің проблемасы көп. Әсіресе, бастауыш және негізгі мектептердің жағдайы төмен. Материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ. Көрнекі құралдар ескірген. Интернет желісі қосылмаған. Кітап қоры аз. Кадр тапшы. Бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ береді. Мұның үстіне, бала саны аз болғандықтан сыныптар топтастырылып сабақ өтетіндігін ескерсек, оқушының бағдарламаны толық игеріп, жан-жақты білім алуы мүлде мүмкін емес.

Ең қиыны, елімізде мұндай мектептердің саны да көп. Соңғы 15 жылда ШКМ-ның саны күрт өскен. Қазақстандағы 7576 жалпы білім беретін мекеменің 4288-і (56,5) ─ ШЖМ. ШЖМ-ның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан (облыстағы барлық мектеп санының 88,1 пайызы), Ақмола (81 пайыз), Қостанай (77,5 пайыз), Павлодар (76,5 пайыз), Батыс Қазақстан (72,9 пайыз), Ақтөбе (68 пайыз), Шығыс Қазақстан (67,9 пайыз) облыстарында.

Елімізде әрбір төртінші мұғалім шағын жинақталған мектептерде жұмыс істесе, әрбір алтыншы оқушы осы мектептерде білім алады. Облыста 309 (68 пайыз) ШЖМ бар. Оның ─ 305-і ауыл мектебі.

Біз облыстық білім басқармасының  бастығы Айгүл Арынғазиевамен шағын жинақталған мектептердің жағдайы, аталған білім мекемелеріндегі білім сапасын көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы тілдескен едік.

Жаңа оқу жылында қанша мектеп жабылды? Қанша мектептің мәртебесі өзгерді?

─ Шағын жинақталған мектепте бастауыш, негізгі, орта мектептердің мәртебесі  бала санына байланысты анықталады. Мысалы, бастауыш мектепте 40 баладан, негізгі мектепте 100 баладан, ал орта  мектепте 270 баладан кем болмауы тиіс. Өткен оқу жылында Ойыл ауданындағы Ақшатау негізгі мектебі, Мұғалжар ауданындағы Абай орта мектебі, Қобда ауданындағы Қаракемер, Талдықұм мектептері контингентіне байланысты мәртебесін өзгертіп, шағын жинақталған мектептердің қатарына қосылды. Биылғы оқу жылына келсек, әлі жылдық есеп анықталған жоқ. Әзірге белгілісі, 3 бастауыш шағын жинақталған мектеп жабылды. Себебі, аталған мектептердің әрқайсысында 3 баладан қалған. Хромтау ауданындағы Көктерек бастауыш мектебінің балалары сол маңдағы Майтөбе орта мектебіне орналасты. Шіліктісай мектебінің балалары Бөгетсай орта мектебіне ауысты.  Ал Шалқар ауданында жабылған Талдықұм мектебінің оқушылары Т.Шанов атындағы орта мектепте білім алады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы №10 мектеп-бақша жабылып, орнына балабақша ашылды. Аталған мектептің оқушылары №33 мектепке жүр. Үкіметтің қаулысына сәйкес, шағын жинақталған бастауыш мектепте бала саны 5-тен кем болмауы тиіс. Сондықтан, аталған мектептерді жабудан басқа амал қалмады.

─ Бала санының аздығына байланысты мектептердің мәртебесі өзгергенде кейбір оқушылар жақын маңдағы ауылдарға қатынап оқуына тура келеді. Мұндайда балаларды интернатпен қамту және тасымалдау мәселесі қалай шешіледі?

─ Мектептер жабылса немесе қайтадан құрылса, оқушылардың да, мұғалімдердің де жағдайы жан-жақты ескеріледі. Ата-аналардың келісімімен балалар сол ауылға жақын елді мекендердегі мектепте оқиды. Егер оқушылардың ауысқан мектептерінде интернат болса, міндетті түрде сонда орналастырылады. Болмаса, балаларды мектепке тасымалдау ұйымдастырылады. Мысалы, жоғарыда аталған Хромтау ауданындағы Көктерек бастауыш мектебінің балалары үйлерінен қатынап оқиды. Оларды арнайы көлік тасымалдайды. Ал жабылып қалған Шіліктісай мектебінің оқушылары Бөгетсай мектеп-интернатына орналасты.

Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес, елді мекен мен мектептің арасы 3 шақырым қашықтықта болса, онда оқушылар тасымалы ұйымдастырылуы тиіс. Бұл мақсатта  мектептерге 2009-2011 жылдары жалпы құны 187 миллион теңге тұратын 46 автобус алынды. Жалпы өткен оқу жылында 6147 бала (235 топ) тасымалы ұйымдастырылды.

Айта кету керек, соңғы жылдары білім саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай көбейді. Соның нәтижесінде, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып, жағдайы жақсара түсті. Мысалы, биыл біздің облыста республикалық және жергілікті бюджет есебінен 13 мектеп салынып жатыр. Оның 4-еуі ─  шағын жинақталған мектеп. Олар ─  Мұғалжар ауданындағы Жаңажол, Қобда ауданындағы Жиренқопа, Алға ауданындағы Шибаевка және Хромтау ауданындағы Көктау орта мектептері. Хромтау ауданындағы Көктау орта мектебінің құрылысына қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр.

─ Дегенмен, шағын жинақталған мектептердің проблемасы өткір болып тұр ғой. Аталған мектептерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, кадрлармен қамтуда қандай проблемалар бар?

─ Рас, шағын жинақталған мектептердің проблемасы жетерлік. Бұл біздің облысымызға ғана тән емес. Елімізде, тіпті, шетелде де солай.

Облыстағы 371 ауыл мектебінің 305-і (82,2 пайыз) ─ шағын жинақталған мектеп. Небары 4 шағын мектеп қана қаланың үлесінде. Яғни, шағын жинақталған мектептердің басым бөлігі ауылдарда орналасқан. Бұл мектептерде сабақтар сынып-кешен болып  оқытылады. Мысалы, 6,7-сыныптар топтастырылып, ұқсас сабақтар өтеді. Бұдан бір емес, бірнеше проблема туады. Бала жан-жақты білім ала алмайды. Мұндай мектептерде материалдық-техникалық база төмен болғандықтан, әсіресе, арнайы жабдықталған кабинеттер болмағандықтан оқушы тақырыпты толық игере алмайды. Сағат аз болғандықтан, шағын жинақталған мектептерге баруға мамандар ықыласты емес. Соның салдарынан бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ беруіне тура келеді. Дегенмен, проблемасы шаш етектен деп шағын жинақталған мектептерді жауып тастауға мүлде болмайды. Шағын жинақталған мектептердің дені ауылдарда екендігін ескерсек, мектептерді жабу ұлт болашағына балта шабумен тең. Өйткені, бүгін мектеп жабылса, ертең ол ауыл да жоқ болады. Ауылдың болашағы мектепке тікелей байланысты. Мектеп білім шаңырағы болумен қатар, сол ауылдың әлеуметтік те, экономикалық та проблемаларын шешіп отыр. Шағын жинақталған мектептер жас ұрпақтың, ауылдың, тұтас ұлттың болашағы үшін қызмет етуде. Сондықтан, ауыл мектептерін көркейтуге, дамытуға көбірек күш салу керек.

─ Бұл мақсатта қандай шаралар қолға алынып жатыр? 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен кезде де шағын мектептерде сапалы білімді қамтамасыз ету мәселесі алғашқы орынға шығатыны белгілі.

─ Еліміздің білім беру жүйесі халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл ─ Елбасы тапсырмасы. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бір парасы ─ білім беруді дамытудың

2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Осы бағдарлама негізінде шағын жинақталған мектептердің проблемасын шешуде ресурс орталығы моделі қолға алынды. Қазір еліміз бойынша 20 ресурстық орталық (тірек  мектебінің) құрылды. 2010-2015 жылдары біздің облыста 12 ресурстық орталық ашу жоспарда бар. Қазірдің өзінде мұндай орталықтар Мұғалжар (Ақкемер орта мектебі) мен Темір аудандарында (Шұбарқұдық орта мектебі) ашылды. Бұл орталықтар жаңа оқу жылынан бастап жұмысын бастады. Ақкемер орта мектебінің жанынан ашылған ресурстық орталықта 3 магниттік мектептің оқушылары білім алады. Түсінікті болу үшін нақтырақ айтсам, ресурстық мектеп ─ шағын жинақталған мектеп оқушыларының бейімделген, әр деңгейлі, көп салалы, саралай және терең білім алуына жағдай жасайтын, оқу-тәрбие үрдісінің әрекеттерін бағыттап отыратын ауыл мектебі. Ал магниттік мектеп ─ бала саны аз, біріктірілген   сыныптары бар және ресурстық орталықтың  біртұтас жүйесіне енетін жалпы білім беретін мектеп. Магниттік мектептің балалары өз мектептерінде оқиды. Оқу жылында  3 рет бір аптадан ресурстық мектепте оқу процесін жалғастырады. Айта кету керек, ресурстық орталықта тек қана 5-9-сыныптардың оқушылары білім алады.

Былтыр облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты  жанынан ШЖМ-дің оқу-әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыратын ғылыми-әдістемелік лаборатория ашылды.

Республикадағы алғаш ашылған лаборатория

Нағима Тойбазарова, шағын жинақты мектептің дамуын ғылыми-әдістемелік зерттеу лабораториясының меңгерушісі:

─ Шағын жинақталған мектептердің проблемасын шешу үшін былтырдан бастап облыс орталықтарында арнайы лабораториялар ашу қолға алынған болатын.  Біздің лаборатория елімізде алғаш болып ашылуымен ерекшеленеді. Жұмыстың басты мақсаты ─ шағын жинақты мектеп мұғалімдерінің қажеттіліктерін  әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шағын жинақталған мектеп мұғалімдерін ғылыми-зерттеушілік жұмыстарға тарту, ШЖМ мәселелерін шешуде оқытудың заман талабына сай жаңа технологияларын мектептің оқу-тәрбие үдерісіне енгізе отырып, оқу-әдістемелік кешен әзірлеу.

Лаборатория облыс бойынша шағын жинақты мектептер туралы мәліметтер жинақтап, ШЖМ-тердің жұмыс мазмұнын зерттеп, өзекті мәселелерді шешуде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Қазір ШЖМ-терге арналған жекелеген пәндерден бағдарламалар дайындау, ШЖМ-терде негізгі пәндерден жасалған бағдарламаларға сай оқу-әдістемелік кешен әзірлеу және оқу-әдістемелік құралдың  электрондық нұсқасын дайындап, шығару және басқа да жұмыстар жасап жатырмыз.

Ресурстық орталық пен магниттік мектептер

Қарлығаш Сәти, Ақкемер орта мектебі директорының орынбасары:

─ Мұғалжар ауданы әкімдігінің  2011 жылғы қаулысы негізінде білім берудің ресурстық орталығы Ақкемер орта мектебі болып бекітілді. Осы қаулыны негізге ала отырып, аудандық білім бөлімі бұйрық шығарды. Соған сәйкес, ресурстық орталыққа Елек (19 оқушы), Көтібар батыр (16 бала), Көктөбе (15 бала) негізгі шағын жинақты мектептері магниттік мектептер болып белгіленді.

Магниттік мектептердің ресурстық орталығы ─ Ақкемер орта мектебінің материалдық базасы мықты. Заман талабына сай информатика, физика және мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған. Биылғы оқу жылында биология кабинетімен жабдықтау жоспарда бар. Шағын жинақталған мектептердің балалары біздің мектепте теориялық білімін практикамен ұштастыруларына мүмкіндік көп.

Магниттік мектептердің оқушылары (52 оқушы) жылына 3 рет сессияға  (қараша, наурыз, мамыр айларында) келеді. 1 сессия  6 күнді қамтиды. Оған арнайы бірыңғай жоспар құрылып, сабақ кестесі бекітіледі. Балалар ұзартылған күн режимінде оқиды. Түске дейін базалық пәндер бойынша білім алса, түстен кейін үйірмелер, клуб, қосымша сабақтарға қатысады. Әзірге балалар ауылдарынан қатынап оқып жүр. Бұл үшін көлік тасымалы ұйымдастырылды. 2012 жылы мектеп жанынан интернат салу жоспарланып отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. шынымен де проблема өте-өте көп.
    Жұмыс жасауға мүмкіндік жоқ. Материалдық техникалық база былай тұрсын мектептің орыстар «условие» дейді ғой, «уславие» жоқ ешқандайда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button