Мәдениет

Тойған ІЗІМ: Мені үлкен сахнаға жетелеген — ақтөбелік әнші Геннадий Шульга 

Қазақтың би өнері дегенде, алдымен Шара Жиенқұлова мен Нұрсұлу Тапалованың еске түсетіні рас. Отандық хореографияның тарихы, ­соның ішіндеқазақ биінің қимыл терминологиясынан хабары бар адамдарға жерлесіміз Тойған Ізімнің есімі де жақсы таныс. Өйткені біз сұхбаттасқан Ақтөбенің перзенті — биші ғана емес, осы сала бойынша ғылымға ден қойған, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан педагог.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, өнер­тану ғылымдарының кан­дидаты, Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Тойған Оспанқызымен Ақтөбедегі балалық шағы, осындағы алғашқы еңбек жолы, тұлға боп қалыптасуына ерекше әсер еткен ақтөбеліктер мен шығармашылығы, т.б. туралы әңгімелескен едік…

Жұмысқа дипломсыз-ақ қабылдандым

— Сіздің Ақтөбеден екеніңізді білеміз. Есіміңізге қарасақ, көпбалалы отбасыда тәрбиелегенге ұқсайсыз…

— Соғыстан кейін туған ұрпақпын, 2021 жылы мерейлі жасқа толдым. Туған жерім — қазіргі Хромтау ауданы (бұрынғы Новоресей — А.Т.). Қарапайым шопанның отбасында дүниеге келдім. Үйде 4 ағайындымыз.

Әкем атадан жалғыз болған. Ағамнан кейін өмірге мен келгенімде: «О, енді менің ұл-қызым бар. Тойдым, Аллаға шүкір» деп есімімді өзі қойыпты. Негізі әкем — торғайлық. Бірақ қиын-қыстау уақытта осы Ақтөбе облысында тұрақтаған. Есейе келе, бәрін ой елегінен өткіземіз ғой, әкем еңбекқор адам ретінде есімде қалды. Бала кезімде мал қайырамын деп екі тәулік із-түзсіз кеткені, анамның жан ұшыра іздегені, бәріміздің қатты уайымдағанымыз ұмытылмайды. Осы оқиғадан-ақ оның табанды, өз ісіне адал болғаны көрініп тұр деп ойлаймын. Соғысқа қатысып келгені бар, ауыр еңбектің зардабы да тиген болуы керек, әкем арамыздан ерте кетті… Анам Балдай балаларын қатардан қалдырмай, біздің әрқайсысымыздың жақсы адам боп қалыптасуымызға қолдан келгеннің бәрін жасады.

— Сіздің балалық шағыңызда жұртшылықтың өнерге, осы салада қызмет ететіндерге деген көзқарасы мүлде басқа болды. Бишілік салаға қалай келдіңіз?

— Ақтөбе қаласындағы Мақсот Құсайынов атындағы мектеп-интернат біздің кезімізде малшылар мен теміржолшылардың балаларына арналған интернат болды. Мен сол жерде оқыдым. Қай нәрсенің де қат кезі болса да, сондағы кітапхана, балаларға жасалған жағдай жақсы еді. Үйірмелер көп болатын. Домбыра да тарттым, хорда ән де айттым, бірақ биге бүйрегім ерекше бұрды. Мектеп-интернаттағы би үйірмесімен шектелмей, облыстық Мәдениет үйіне де барып жүрдім.  Менің осы жолды таңдауыма Үміт Ғайнуденова, Байназар Қоңырбасов, Виктор Ящук сынды ұстаздарымның сіңірген еңбегі зор.

Содан 1968 жылы мектеп-интернатты бітіріп, Алматыдағы эстрада-цирк өнері студиясына оқуға тапсыруға барғанымда, мұнда екі жылда бір рет қабылдайтынын білдім. Қасымдағы қыздар: «басқа мамандықты таңдасайшы…» дейді. «Жоқ, биші боламын» деп қырсығып тұрып алдым (күліп). Бір жыл бос жүрмей, жұмыс істейін деп Ақтөбеге қайтып келдім. Онымен 17 жастағы қызды жұмысқа кім алсын? Бірталай жерге барсам да ештеңе табылмады. Көп ұзамай «сені Геннадий Шульга іздеп жатыр» деген хабар келді. Концертте 1-2 рет көргенім болмаса, жақын танымайтын адамым, Ақтөбеге әйгілі әнші екенін ғана білемін. Басында кәдімгідей тосылып қалдым. Қорқасоқтап барсам, оқушы кезімде Ақтөбенің сахналарында билеп жүргенімді көргенін, жұмысқа алатынын айтты. Сөйтіп, дипломсыз-ақ 17 қыркүйекте Ақтөбе облыстық филармониясына биші ретінде қызметке қабылданып, бір жыл еңбек еттім де, өзім қалаған жоғарыда аталған студияға оқуға түстім. Осы орайда Геннадий Шульганың ағалық қамқорлығын, жастарға деген риясыз көңілін, жалпы, аңқылдақ мінезін ерекше атап өткім келеді. Ол кісінің жары Ханбибі апаның, өзге де аға буынның шарапатының арқасында шыңдалдым, біраз би үйрендім. Гена аға сахналық мәдениет туралы ылғи айтып отыратын. Әр сұхбатымда мені кәсіби өнерге жетелеп, өнегесімен есте қалған ағаға алғыс айтуды парызым санаймын.

1971 жылы Алматыдағы оқу орнын тәмамдағасын бір топ жасты жолдамамен жаңадан құрылған Торғай облысына жіберді. Сол өңірде Торғай облыстық партия комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың тәлімін алдық, көп нәрсені үйрендік. Кейін сол кісі «Шертер» фольклорлық ансамблін құрып, соның құрамында өнер көрсеттім. Ансамбльдің атағы алысқа тарады. Бұған, әрине, Өзағаңның қосқан үлесі өлшеусіз.

Көп ұзамай қазіргі Ақмола облыстық филармониясы, одан соң Алматыда жұмыс істедім.«Сазген», «Алтынай» ансамбльдерінде еңбек еттім. Арасында жоғары білім алып та үлгердім. Оңтүстік астанада ұзын саны 30 жыл өмір сүріппін. Әйткенмен, бишінің сахнадағы ғұмыры қысқа екені белгілі. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы сахнада билеген соң 1995 жылы оқытушылыққа ден қойдым.  Алматыдағы өнер лицейінде, Александр Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде шәкірттер тәрбиеледім. 2011 жылы елордаға қоныс аударып, Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс бердім. Кейіннен Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылғаннан бері сол жерде еңбек етіп келемін. Қазір негізінен магистранттар мен докторанттармен жұмыс істеймін.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Тойған Оспанқызы Ізім 1951 жылдың 5 қыркүйегінде  Ақтөбе облысы Хромтау ауданында (бұрынғы Новоресей ауданы Мамыт ауылында) туған. Биші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

1971 жылы Алматы эстрада-цирк өнері студиясы,1999 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірді. Бишілік өнер жолын Ақтөбе облыстық филармониясында (1968-1969 жылдары) бастады. Ол бұрынғы Торғай («Шертер» фольклорлық ансамблі) мен Целиноград облыстары филармониялары, «Сазген» мен «Алтынай» ансамбльдерінің құрамында жеке биші ретінде жемісті еңбек етті. Сахнада жеке билеумен қатар алғаш рет жұбайы Үсен Мақанмен жұптасып билеу арқылы да көпшілікке кеңінен танылды.

Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің бүкілдүниежүзілік XII фестивалінің дипломанты, Бельгияда өткен халықаралық би фестивалі мен I республикалық бишілер байқауының жүлдегері, т.б. марапаттары бар.

Дарынға да демеу керек

—Педагог ретінде еңбек еткен 25 жылдан астам уақытта бірталай шәкірт тәрбиеледіңіз. Солардың арасында ақтөбеліктер көп пе?

— Аз емес. Асылы, студенттерімнің руын, туған жерін, жалпы шыққан тегін сұрамайды екенмін. Өз басым жүзге, жерге бөлінуге қарсымын. Мен үшін оқушыларым тек талантымен бағаланады. Жалпы, дәл қазір өзім сабақ берген Арайлым Сайлауова, Жанна Қасым сынды ақтөбелік қыздар есіме түсіп тұр. Бүгінге дейін жүздеген жасқа сабақ бердім қой, көпшілігінің аты-жөнін ұмытып та қалдым. Ақтөбеге жол түскенде, әуежайда, көпшілік орындарда өздері келіп амандасып, «осындай шәкіртіңізбін ғой» деп ықыласын білдіріп жатады. Әйтпесе қым-қуыт тіршілікпен етене араласуға уақыт таппаймыз…

— Ақтөбеге келгенде деп қалдыңыз, елге жиі сапарлатасыз ба?

— Анам2016 жылы дүние салды. Әке-шешең өмірден өткен соң қара шаңырақ сенің үйің еместей көрінеді екен… Бұрынғыдай асығып тұрмайсың. Дегенмен жылына бір рет баруға тырысамын. Қазір Ақтөбеде інім мен сіңлім тұрады.

— Бұны сұрап отырған себебім, туған жеріңізде бенефисіңізді өткізу ойда жоқ па? Бірер жылда мерейлі жасқа толдыңыз…

— Шыны керек, соңғы жылдары ғана мені ақтөбелік деп «мойындап», елдегі мәдени шараларға шақыратын болды. Неге екенін білмеймін, көбіне-көп елеусіз қалатынмын. Тек биыл ғана қазақтан шыққан тұңғыш балет бишісі, жерлесіміз Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығына орайластырылған республикалық «Аққу – 2023» бишілер байқауына қазылық етуге шақырғанда қатты таңғалдым.

Жасым 72-ге келді. Бишіліктен қол үзіп, оқытушылыққа ауысқаныма 30 жылға таяп қалды. Бірақ шәкірттерім өнер көрсетіп, өзім билердің тарихы, жалпы біздегі хореография туралы айтатын «Атадан қалған асыл мұра» деген концерттік бағдарламам бар. Егер біздің қызымыз деп шақырса, осы бағдарламаны ұсынуға әбден болады. Әйтпесе шақырмаған жерге баратын адамдардың қатарынан емеспін.

— «Ойылдың Заремасы» атанған Нұрсұлу апайдың көзін көрдіңіз бе? Сосын неліктен еліміз егемендік алғалы Ақтөбеден танымал биші шықпады деп ойлайсыз?

— Нұрсұлу апайды тек сахнадан көрдім. Ол кезде жас болғаннан ба, әлде жақын араласуды құнттай қоймадым ба, жерлес болсақта таныспаппын. Әттең-ай, қазір сол мүмкіндік қайта берілсе кездесіп, жақсылап әңгімелесер едім деп ойлаймын. Ол кісі орындаушылық шеберлігі мықты, өнерге жан-тәнімен берілген тұлға еді.

Екінші сұраққа келсек, өнерде бақталастық басым. Аяғыңнан шалатындар көп. Сосын менің жолымда Геннадий Шульга, Өзбекәлі Жәнібеков сынды шынымен жанашыр, жастарға болсын деген азаматтар кездесті. Қазір ондай ақжүрек адамдар жоқтың қасы. Өнер адамына қолдаукөрсетілмесе, сіз айтып отырған деңгейге көтерілуі қиын… Әйтпесе бидің қай жанрында да талантты жерлестер бар.

—Сөзіңіз аузыңызда,өзіңіз атаған тұлғалардың жолын жалғап, бүгінде жас талаптарға қамқорлық көрсетіп жүрсіз бе? 

— Би өнерімен бойында табиғаттан берілген қабілеті барлар ғана айналыса алады. Әрі би мектебіне қабылдауға келгенде талап қатаң. Егер содан сүрінбей өтіп, жоғары оқу орнына түсуде қиындыққа тап болса, көмектесуге әркез әзірмін. Менің өмірлік принципім — қандай жағдайда да ең әуелі қазақ балаларына көмектесу.

— Сала маманы ретінде ақтөбелік бишілерге, осындағы ұжымдарға берер бағаңызды білсек.

— Әртүрлі деңгейде өнер көрсетіп жүрген бишілер көп-ақ. Олардың шығармашылығымен жете таныс болмағандықтан, пікір айтқаным дұрыс болмас. Өзім құрылған кезден бастап білетін, арасында билерін тамашалап жүрген «Аққу» би ансамблінің деңгейі жақсы деп айта аламын. Әсіресе облыстардағы би ұжымдарының аяқ алысын салыстырғанда, біздің «Аққудың» өнері үстем.

Меніңше, сырттан балетмейстер шақырса кез келген ұжымның кәсіби деңгейі өседі.Мұндай жұмыс тәсілі «Аққуда» бар.

Ізімді ұлым жалғады

— Қазақтың би өнеріне өзіндік үлес қосып жүргеніңізге 50 жылдан асты. Отандық хореографияда қандай қолтаңбаңыз қалды деп есептейсіз?

—Ең бірінші кезекте халық мені орындаушы, яғни биші ретінде біледі. Халық билерін сахнаға қайта әкелдім. Себебі бір уақытта «қазақта би болмаған» деп әңгіме айтқандар да ұшырасты… Екіншіден, ғылымға қосқан аздаған үлесім — би бойынша қазақ тілінде алғашқы болып кандидаттық диссертация қорғадым. Тақырыбы — қазақ биінің даму кезеңдері: «Салтанат» және «Алтынай» би ұжымдарының шығармашылығы хақында. Сондай-ақ қазақ тілінде білім алатын болашақ бишілер үшін шетелдік және отандық хореографияның тарихы туралы оқулық жаздым. Жалпы, осы сала бойынша мемлекеттік тілдегі бірнеше кітаптың авторымын. Әйтпесе бұған дейін барлығы орыс тілінде еді… Құдайға шүкір, қазір шәкірттерім де докторлық диссертациясын қазақ тілінде қорғап жүр. Түсіне білгенге бұл — үлкен жетістік.

— Ал шығармашылық өзіңізге не берді?

— Осы би өнерінің арқасында көптеген игі жақсылармен танысып, араласудың сәті түсті. Өзім сұхбатта айтқан Гена ағай мен Өзағаның өзі неге тұрады?! Талай дос-жаран таптым. Материалдық игілікке келсек, кезінде Алматы қаласынан өзім таңдап жүріп 3 бөлмелі пәтерімді алдым. Шетелдің бәрін араладым. Жалпы, би өнері өмірімнің мәніне айналды.Осы өнер түрін меңгеремін деп оқуға түскенде өзімнің өмірлік серігімді жолықтырдым. Курстасым, жолдасым Үсен Мақан да өнер адамы. Қазақ биінің фолькорлық үлгісін дамытуға ерекше үлес қосты. Кезінде екеуміз сахнада жұп боп билегенбіз. Өкінішке қарай, 2010 жылы қайтыс болды.

Айбек пен Жәнібек атты ұлдарымыз бар. Тұңғышымызды ата-әжесі бауырына басты. Ал Жәнібек жолымызды қуып, балетмейстер болды. Қазір өзіммен бірге академияда сабақ береді, екеуміз әріптеспіз. Бос уақытымды немереме арнауға тырысамын.Кішкентаймен дүкен аралап, саябақтарда серуендеп, уақытты көңілді өткіземіз.

 Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button