Басты жаңалықтарМереке

Ел тарихының шежірелі шаңырағы

Архив

Облыстық мемлекеттік архивтің құрылуына 100 жыл толуына орай Ақтөбеде «Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Осы шара аясындаТ.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева, Астана қаласындағы орталық архивтердің басшылары, ақтөбелік және еліміздің өзге де өңірлерінен келген архив қызметкерлері, мәдениет саласының еңбеккерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерейтойлық шараға жиналғандар алдымен театр ғимараты жанындағы Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң облыстық мемлекеттік архив ұжымы әзірлеген «Архив — ел тарихының шежіресі» атты көрмені тамашалады. Көрмеге архивтің алғашқы құрылған кезінен бастап бүгінге дейінгі тарихынан сыр шертетін суреттер мен деректер ғана емес, сонымен қатар «Архив — 2025» бағдарламасының аясында шетелдік мұрағаттардан әкелінген құнды құжаттардың көшірмесі де қойылған. Сондай-ақ «Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне — 100 жыл» кітабы мен архивте сақтаулы құжаттар негізінде әзірленген «Ұлы Отан соғысының тарихынан. 1941-1945 жылдар» атты ғылыми-көпшілік жинақтың тұсаукесері өтті.

Салтанатты жиында алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа берілді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебайға табыстады.
Мемлекет басшысының құттықтау хатында: «Бір ғасыр ішінде шежірелі шаңырақта ел дамуының түрлі кезеңдерінен сыр шертетін мол мұрағат қоры қалыптасты. Бұл — мекеме мамандары мен ардагерлердің ерен еңбегінің жемісі. Архив қызметіне жүктелетін міндеттің мән-маңызы айрықша. Мұрағатта сақталған тарихи деректер мен құнды құжаттарды зерделеу өткенімізді танып, бүгінімізді бағамдауға және болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде архив ісі үшін озық технологияларды және тың тәсілдерді кеңінен қолдану өте маңызды. Сол арқылы көптеген құндылықтар жұртшылыққа қолжетімді болады. Осы саланы дамытуға еңбек сіңірген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін», — деп жазылған.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өзінің құттықтау сөзінде:

Тарихтың деректерін жинақтап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу — өте жауапкершілікті іс. Сондықтан да елімізде архив саласының маңыздылығына, бұл саланы дамытуға көңіл бөлініп отыр, — деп атап өтіп, архив саласы еңбеккерлеріне, оның ішінде облыстық мемлекеттік архив ұжымына сәттіліктер тіледі.

Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымов, архив саласының ардагері Нұржамал Құлбаева, «Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрайымы Нәзира Табылдинова құттықтау сөз сөйледі.
Осы жиында мерейтой иелері — облыстық мемлекеттік архивтің бірқатар қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Архив ісінің үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

«Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда архив саласының мамандарымен қатар, мұрағат құжаттары арқылы зерттеу еңбектер жазып жүрген тарихшы ғалымдар да баяндамалар жасады.

ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты  Сәбит Шілдебай өзінің «Тарихи тұлғатану және архив құжаттарын пайдаланудың өзекті мәселелері» атты баяндамасында бүгінде қоғамда тарихи тұлғалар төңірегінде мифтердің көп екенін, ал олардың анық-қанығын білуге, айқындауға архив деректерін пайдалану керектігін, өзінің осы іспен айналысып жүргенін айтты.

Мысалы, өткен ғасырдың 20-жылдарында большевиктер билігі біржола орнығып, кеңестік республикалардың шекарасы айқындалып жатқан тұста, қазақ үшін ең маңызды да күрделі мәселелердің бірі — жердің біртұтастығын сақтауболды. Осыған байланысты қазір «жерімізді сақтап қалған — Алаш партиясының қайраткерлері» деген пікір басым. Шындығына келгенде, жерімізді сақтап қалу үшін бір ғана Алаш қайраткерлері емес, қай ұйымда, қай партияда болғанына қарамастан, сол кездегі қазақ қайраткерлерінің көпшілігі бірлесе күресті. Бұл іске большевиктік партияға өткен қазақтар да көп үлес қосты. Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, Сейітқали Меңдешовтер де ұлттың тағдырына алаңдады, ұлттың болашағы үшін көп істер атқарды. Ал қазір кейбіреулерден олардың ұлт үшін істеген істерін айналып өтіп, керісінше, ұлт мүддесін сатқан, мансапқұмар етіп көрсету пиғылы байқалады. Алайда архивтегі деректер мұны жоққа шығарады. Сәкен мен Сейітқали республика билігіне келген кезде ісқағаздарын қазақыландыру керектігін алға тартып, қазақ болыстарының басшылығына қазақтілді адамдарды қойды, одан әрі осы жұмысты уез, губерния деңгейінде жалғастыруды көздеді. Тек Мәскеу олардың бұл істі соңына дейін жеткізуіне жол берген жоқ. Алаш қайраткерлерінің беделін көтеру үшін большевик партиясының қатарында болған қайраткерлерді жамандауға жол бермеу керек. Архивте олардың да ұлт мүддесі жолында еңбек еткенін дәлелдейтін құжаттар көп. Егер олар большевиктердің қатарында үлкен қызметтерде жүрмегенде, халқымыздың тағдыры бұдан да қиын болар еді, — деді Сәбит Шілдебай.

Осы орайда ол ХХ ғасыр басында Ақтөбеде еңбек еткен қазақ қайраткерлерінің бірқатарының әлі де зерттеусіз жатқанын, архив материалдарын кеңінен пайдаланып, олардың өмірі, қызметі жөніндегі деректерді жарыққа шығару керектігін айтты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұзақбай Исмағұлов — архивте өткен ғасырдың 20-30жылдарындағы қуғын-сүргіндерге қатысты зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалым. Конференцияда ол 1928-1930 жылдар аралығындағы дайындау науқандары, осы тұстағы асырасілтеушіліктер, олардың зардабы туралы баяндама оқыды.

Шаруашылық-саяси науқандар Сталиннің қатаң нұсқауымен астық дайындаудағы төтенше шаралар арқылы қолға алынғаны белгілі. 1928 жылдың 6 қаңтарында жер-жерге құпия телеграммалар түсті. Бұл құжат Ақтөбе губерниясына да жолданды. Осы мәселеге қатысты құжаттар облыстық архивте көп. Құжаттарға көз жіберсек, тұрғындардан астық алу әрекеттері асқан қатыгездікпен жүргізілген. Олардың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы ескерілмеді. Тіпті шамасы келмейтін мөлшерде астық тапсыру талап етілді, — дей келіп, профессор Исмағұлов нақты архив құжаттарын алға тартты.

Сондай-ақ ол Ақтөбенің облыстық мемлекеттік архивінен Әлихан Бөкейханның өміріне қатысты бұрын-соңды жария етілмеген деректің табылғанын айтты.

1926 жылы Әлихан Бөкейхан КСРО ҒА-ның С.П.Швецов жетекшілік еткен статистикалық-экономикалық экспедициясының қатарында Қазақстанға, соның ішінде Ақтөбеге де келген.

Әлихан Ақтөбеге келген күннен бастап, соңына тыңшылар қойылған. Тыңшылар оның қайда барып, не айтқанын жіпке тізгендей етіп жазып отырған, — дейді ғалым.

ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова «Архив — 2025» мемлекеттік бағдарламасы, оның нәтижелері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, осы бағдарлама арқылы шетелдерден Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құжат әкелінген.

Конференцияда одан әріҚ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева, т.б. баяндама жасады.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button