Мәдениет

Сарының әні: қолғап па, қол қап па?

Тарихи-танымдық кездесу

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, әнші, композитор Сары Батақұлының туғанына 160 жыл толуына арналған «Баласы мен Батақтың атым Сары» атты тарихи-танымдық кездесу өтті.

Шараға ақын, Сары Батақұлы туралы «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты еңбектің авторы Нұрлыбек Қалау мен күйші, өнер зерттеушісі Абдулхамит Райымбергенов, музей ұжымы, ақтөбелік зиялы қауым және БАҚ өкілдері, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушылары қатысты.

Нұрлыбек Қалау жұрты өнерін ерекше бағалаған Сары Батақұлының қасіретті тағдыры жөнінде әңгімеледі:

Сары Батақұлы небәрі 30 жыл өмір сүрген. Осы аз ғұмырында халқының махаббатын да, ел ішіндегі жуандардың өшпенділігін де көріп, ақыр аяғында патша жендеттерінің жауыздығынан өлді. Ол жаланың құрбаны болды. Аталас екі рудың арасында дау туып, оның соңы төбелеске ұласады.Төбелес кезінде жазатайым болып, Есенаман деген кісі өледі. «Есенаманды кім өлтірді?» — деп, кінәліні іздегенде, бұрыннан Сары Батақұлына тіс қайрап жүрген жуандар төбелес арасында оның да болғанын «пайдалана» қойыпты. Сөйтіп, Сары ақынға нақақтан жала жабылды. Ол «кісі өлтірді» деген айыппен Жармоланың түрмесіне қамалды. Бірақ түрмеден қашып шығып, қарақалпақ арасына кетеді. Арада біраз жыл өткен соң «екі рудың арасы тынышталды, енді қауіп жоқ» деген хабарды естісімен туған жерін аңсап, құстай ұшып жеткен екен. Алайда туып-өскен жерінде оны тыныш жүргізбейді, соңына түскен баяғы жуандар қапысын тауып, қайта ұстап, қаматып қояды. Халық шығарып алғысы келгенмен, амалын таба алмайды. Сарыны Жармоладан Ресейге қарай әкетер күні түрменің айналасы күңіренген адамға толы болған екен. Үш мың адам болды деген дерек қалыпты. Өйткені Сары Батақұлын «өнер адамы» деген түсіндірмемен шектеуге болмайды, ол ең алдымен азамат, өз заманының әділетсіздігін әнге, жырға қосқан күрескер еді. Халық өзінің батырымен жылап қоштасқан екен, — деді.

Белгілі өнер зерттеушісі Абдулхамит Райымбергенов те Сары ақынның тағдырына қатысты әңгімені жалғады:

Сол күні Жармолада жиналған үш мың адамның арасында күйші Қазанғап Тілепбергенұлы да болған. Бүкіл жұрт болып нақақтан кетіп бара жатқан бір адамға араша түсе алмағанына қиналып, Сарымен қоштасып, ауылына қайтқаннан кейін осы оқиғаның әсерімен күй шығарады. Сонда күйді тыңдап отырған топтың арасынан бір бала саңқ етіп: «Бұл күйдің аты: «Дүркін-дүркін дүние» болсын!» — депті. Ауыр ойда, үнсіз отырған үлкендер жағы шошыған жандай селк етіседі. «Үлкен тұрып, кіші сөйлеген бұл қайсың? Бері кел», — деп, күйші баланы қасына шақырады. «Ержанның баласы Қадырәлімін», — деп таныстырады бала өзін. Жаңа ғана естіген күйін сол жерде қайта тартып беріпті. Сонда Қазанғап: «Енді маған өлім жоқ», — деп қатты толқыған екен. Сонымен бірге Қазанғап «Толғау» күйін де Сарышолақ шайырмен кездесіп, Сары туралы естеліктер айтысқаннан кейін шығарған, — деді ол.

Сондай-ақ Абдулхамит Райымбергенов Сарының:

«Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,

Аузын таспен зерлеп қойған торлап…»— деп келетін «Қыз Қосан» әніндегі «қолғап» жайына да тоқталды. Бұл туралы өзінің «Сары» атты мақаласында Ахмет Жұбанов та: «Қосан Сарыға европалық түсініктегі талисман сияқты, ескерткіш деп мақпал қолғап тігіп береді. Қайда жүрсең де, мені есте ұстап жүр деп», —  деген дерек жазған еді.

Шалқардың аудандық музейінде кезінде Қосанның Сарыға сыйлаған мақпал қалтасы тұр. Демек, кейін әнде «қолғап» деп айтылып кеткенімен, оны «қол қап» деп түсінсек те болады деп жорамалдаймыз, — деді өнер зерттеушісі.

«Қол қап», яғни қолға ұстайтын шағын қалта ел ішінде «қол дорба», «қол қап» түрінде де айтылуы мүмкін екені, әрине, ойға әбден сыйымды.

Шалқар аудандық музейінде сақтаулы бұл құнды жәдігерді кезінде Сарының ағасы Тілеулінің ұрпағы — Зияда Мәмбетованың тапсырғанын біз бұрын жазған едік. («Ақтөбе», 2013 жыл,10 қазан)

Облыстық музейде өткен кездесуді музей қызметкері Қыдырғали Ермұқан жүргізіп отырды. Музей басшысы Мейрам Дүйсенғали Сары ақынның тағдырына, шығармашылығына үңіліп, әр деректі тірнектеп жинап, халыққа насихаттап жүрген зерттеушілерге алғысын жеткізді.

Мазмұнды іс-шарада ән мен күйге де кезек берілді. Күйші Абдулхамит Райымбергенов Қазанғаптың «Дүркін-дүркін дүние», «Толғау» күйлерін тартса, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің 4-курс оқушысы Бекжан Бақытқали домбырамен «Сарының әнін» орындады.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button