Басты жаңалықтар

Ойлы оқырман дәстүрлі баспасөзден қол үзбейді

БАСПАСӨЗ — 2024

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері редакциялары 2024 жылға баспасөзге жазылу науқанын жалғастыруда.

Аталған басылымдарды біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдері жақында Темір ауданында болып, мектеп мұғалімдерімен, білім беру саласы әдіскерлерімен, жалпы білім беретін және спорттық мектептердің жаттықтырушыларымен кездесті. Журналистер сондай-ақ локомотив депосы, Кеңқияқ ауруханасы, орман шаруашылығы мекемелерінде болды, ардагерлермен және мұнайшылармен кездесті.

Ақпараттың айқын көзі

Жұртшылықпен кездесулер барысында «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Мұратбек Ержақып баспасөздің сенімді және шынайы ақпарат көзі болып отырғанын атап көрсетті.

—XXI ғасыр — гаджеттер ғасыры, бірақ біз күнделікті өмірімізде қаншама жалған ақпараттарға, бояма хабарламаларға кезігіп отырмыз. Қайсысы нақты, қайсысы өтірік, айыру қиын. Ал мерзімді басылымдар қашанда шынайы қалпын сақтап келеді. Біздің байырғы бір оқырманымыз газеттің ескі тігінділеріндегі жарияланым арқылы өзінің еңбек өтілін дәлелдеп шыққаны бар, — деді ол.

Біз облыстық басылымдар қандай да бір ақпаратты нақты дерек көзінен алатынын айттық. Әріптестеріміз аудан орталықтарына ғана емес, шалғайдағы елді мекендерге де жиі және тұрақты түрде барады, олар бармаған ауыл-селолар жоқ деуге болады. Өңірдегі басқа бұқаралық ақпарат құралдары мұндай жетістіктерімен мақтана алмайды.

«Актюбинский вестник» газеті биыл 105 жылдық белесіне шықты, ал «Ақтөбе» газеті алдағы жылы өзінің ғасыр тойын атап өтпекші.

Егер жалпы тұжырым жасайтын болсақ, бұл аудандағы кездесулер жылы жүзді жағдайда өтті. Тұрақты және байырғы оқырмандарымыз жалпы сипаттағы, сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселелерге де қатысты сауалдарын қойды. Оларды көбінесе жол сапасы, экология жайы, сайлау сипаты сияқты тақырыптар қызықтырды.

Қазақстанның құрметті журналисі, аудандық «Темір» газетінің бас редакторы Меңдіхан Әділханұлы әлеуметтік желілердің дәстүрлі баспасөздің орнын баса алмайтынын, сондықтан газеттерді жаздырып алу оқырман үшін басты ақпарат көзі екенін айтты.

Бұл — мұнайлы өңір

Темір ауданы туралы сөз қозғалғанда ойымызға ең алдымен Шұбарқұдық және Кеңқияқ атаулары оралады. Оның біріншісі күннен-күнге қанатын кеңге жайып, өсіпкеле жатқан аудан орталығы болса, Кеңқияқ селолық округі — айрықша әкімшілік-аумақтық бірлік. Осы орталыққа сегіз шақырым қашықтықта орналасқан Сарыкөл мен Шұбаршиді де жергілікті тұрғындар Кеңқияқ өңірі деп айтады. Бұл аумақта 12 мыңдай адам тұрады.

Басқарудың күрделілігі жер қашықтығына байланысты — аудан орталығынан 130 километр. Бұдан басқа осы аумақта облыстағы негізгі мұнай кәсіпшіліктерінің бірі орналасқан, бұған экологиялық мәселелерді қоссаңыз, шешімін күткен бірқатар проблема бар. Атап өтерлігі, билік тарапынан жергілікті белсенділермен бірігіп, бұл ретте жүйелі түрде игілікті қадамдар жасалуда.

Кездесулер барысында мемлекет мүддесі халық мүддесімен сабақтас екені жұртшылық тарапынан жиі айтылды. Ал облыстың байырғы басылымдары мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері беттерінде өңірдегі өткір проблемаларды шешу жолдары туралы бірнеше мәрте жазылды, жұртшылық үніне құлақ аспайтын кейбір шенеуніктер сын тезіне алынды да.

Кешегі кеңестік уақыттарда газет сынынан соң басшылардың лауазымдық қызметіне қауіп төніп жатса, бүгінде төртінші биліктің салмақты сөзі қоғамда орнықты ойға, парасатты пікірге жол сілтейді.

Біздің негізгі ұстанымымыз — өткір мәселелерді шешуде ойлылық, кәсібилік, шынайылық, өмірде дәлелденгеніндей, мейлінше тиімді болып отыр.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Темір ауданы:

Жер аумағы бойынша облыста сегізінші орында—12 600 шаршыкм.

Тұрғындар саны жөнінен бесінші орында—35,8 мың адам.

Қала тынысы

Бұл аудандағы жалғыз қала — Темір туралы өз алдына әңгімелегіміз келеді. Бір айта кетерлігі, біздің облысымызда ресми қала атағына ие сегіз елді мекен бар.

Әдетте орман шаруашылығы мекемесі ауданның басында немесе облыс орталығында орналасады. Бірақ Темір — облыстағы осындай мәртебеге ие болып отырған екі өңірдің бірі. Осы кәсіпорынның қызметкерлерімен кездесуіміз аталған мекеме ғимаратында өтті. Біздің газетімізде бұрынырақта Темір орман шаруашылығы мекемесі туралы көлемді мақала жарияланған, ал биылғы жазда мәртөктік орманшылардың еңбегі көрініс тапты. Онда бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді. Өрт сөндіру машиналары мен тракторшыларының еңбекақыларын көтеру қазіргі уақытта өз шешімін табуда. Құрғақшылық аймақта орналасқан Темір ауданы үшін орман шаруашылығының маңызы тіпті ерекше.

Темір қаласының бай тарихы туралыкеңірек айта беруге болады. Бұл шаһар бір жағынан Ақтөбенің құрдасы іспетті: уездік елді мекен мәртебесін облыс орталығымен бір уақытта дерлік алған.

XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басынан большевиктер билік басына келгенге дейін жылына екі рет мұнда жәрмеңке өтіп тұрған. Оған Ташкент, Бұхара, Уфа, Орынбор және Орск қалаларынан саудагерлер келіп қатысқан.

Алғашқы мектептер 1870 жылы ашылды. Ақырында қала атауы ауданға берілді.

Жол және басқалары…

Екі селолық округте ғана 11 мыңнан астам адам тұратындығын жоғарыда айтқанбыз. Ауданда барлығы 35,8 мың адам мекен етеді. Бұл тұрғындар санағына дейінгі мөлшерден сәл ғана аз. Алайда облыс орталығына шалғайдағы аудандардан ағылып жатқан көштің ішкі өсімін де ескеру қажет. Мұны Шұбарқұдық және оған іргелес орналасқан бірнеше округ арқылы өтетін Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы автожолы ғана тоқтата алады. Мамандардың есептеуінше, Шұбарқұдықтан Ақтөбеге дейінгі жолмен жүру уақыты орта есеппен екі есеге дейін қысқарады.

—Бұрын ескі жолмен жүруге үш сағаттай уақыт кететін еді. Ауа райы бұзылғанда немесе жүргізушілердің тәжірибесіздігі жағдайында ол төрт сағатқа созылатын. Енді жолдың жөнделіп, жарақты болуына байланысты бір жарым-екі сағатта облыс орталығына жетуге болады, —дейді кәсіби жүргізуші Талғат Сәулебаев.

Мамандар жаңа жолдың уақытты қысқартумен бірге, бірқатар экономикалық перспективаларды ашатындығына да сенімді. Мәселен, жұмысшы күші қозғалысы, тауарларды жеткізіп, қызмет көрсету уақыты ықшамдалады.

Басқаша сөзбен айтқанда, енді темірліктер аудан орталығында көбірек жинақталып, Қандыағаш, Алға, тіпті Ақтөбе секілді неғұрлым ірі елді мекендерге қатынап жұмыс істей алады. Көлік иелері өздерінің автомобильдерінің жүріс бөлігін жөндеу шығындарын елеулі түрде азайтады. Азаматтар үшін өздерінің жеке кәсібін, оның ішінде дүкен, логистика жүйесін ашу мейлінше жеңілдейді.

Азық-түлік, құрал-жабдықтар, техника, қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдарын, жиһаздар жеткізуде қиындықтар болмайды. Ауданның инвестициялық әлеуеті күшейеді.

Сөз түйіні

Темірліктердің де жер жағдайына, кәсіби тіршіліктеріне қатысты бірқатар өз ерекшелігі бар. Олардың іскерлік қабілеттері мен ілкімділігі жөнінде бөлек әңгіме қозғауға болады. Жергілікті тұрғындар экономиканың әртүрлі салаларында — мұнай, газ, ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, қызмет көрсету, тағы басқа бағыттарда жемісті еңбек етуде. Бұл ауқымда кадрлардың әмбебаптығы да айқын көрінеді.

 Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button