Жасөспірімдер волейбол ойнады
Спартакиада
Республика күні мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруыменкәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында бір айлық іс-шаралар жобасы басталған болатын.
Айлық жоба аясында алғаш рет спартакиада ұйымдастырылып, қатысушылар жеңіл атлетика, үстел теннисі, үлкен теннис, волейбол секілді төрт спорттүрінен сайысқа түсті. Волейболшылар сайысы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің спортзалында өтті.
Волейбол жарысына барлығы 7 команда қатысты. Қаламыздағы Көлік, байланыс және жаңа технология, Жоғары политехникалық, автожол, құрылыс-монтаж, индустриалды-кәсіптік, құрылыс-техникалық колледждері және қала мектептері оқушыларынан жасақталған Ақтөбе қаласының білім бөлімі командалары бақтарын сынады. Жасөспірімдер күні бойы волейбол ойнап, бойларын сергітті.
Төрешілер шешімімен волейбол жарысында жоғары ұпайға қол жеткізген Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжі бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға Жоғары политехникалық колледжі ие болды. Үшінші орынды Көлік, байланыс және жаңа технология колледжі иеленді.
Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айгүл Махамбетованың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жасалған бір айлық жоба 17 қарашада қалалық Мәдениет үйінде түйінделмек. Айлық іс-шаралар кестесіне сай, қалалық білім бөлімінің қолдауымен білім беру мекемелерінде жасөспірімдерді волонтерлік жұмысқа тарту жоспарланған.
— Жоба барысында мектеп және колледж оқушыларынан жасақталған еріктілер қаламыздың Алматы және Астана аудандары бойынша анықталған аз қамтылған, көпбалалы 84 отбасына азық-түлік пакеттерін таратып жүр. Қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, полиция инспекторларымен бір күндік профилактикалық кездесулер өткізіліп жатыр, — дейді Айгүл Махамбетова.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясықалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен 14-15 қараша күндері «Туризм күнін» ұйымдастырып, оқушыларды Бестамақ ауылындағы Тама Есет батыр кесенесіне апармақ.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.