Білім

Географ Айнаш және оның шәкірттері

Қазіргідей жаһандану заманында, қай адам болсын, әуелі білім көрсеткішімен бағаланады. Бұл — дүниежүзіне ортақ, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осы жағынан келгенде, ұрпақ тәрбиесі жолында орны бөлек, қоғамда ерекше қадірлі мамандық — ұстаздық қызметтің жүгі ауыр. Бұның салмағын баласының тәрбиесіне мықтап көңіл бөлетіндер ғана түсінсе керек. Әйтпесе мектеп табалдырығын тарыдай болып аттайтын баланы таудай һәм тәрбиелі етіп өсіруде, ең бастысы, білім нәрімен сусындатуда мұғалімніңеңбегі өлшеусіз екенін ешкім жоққа шығара алмас.

Осындай мәртебелі мамандық иелерінің бірі — республикалық, облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы, педагогика ғылымының магистрі, Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектептің география пәні мұғалімі Айнаш Қоңырбаева.

Білім беру саласында еңбек еткеніне он жылдан енді асқан Айнаш — Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтты да, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің магистратура бөлімін де қызыл дипломмен тәмамдаған. Осы аралықта түрлі деңгейдегі байқауларда жақсы нәтиже көрсеткен маман оқушы кезінен-ақ мұғалім болатынын білгенін айтады.

— Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектепте оқып жүргенде география пәніне қатты қызықтым, картадан басқа мемлекеттерді тауып, солар туралы қызықты мәліметтерді білуге ұмтылатынмын. Бір жағынан, анамның, алыс-жақын туыстарымның дені ұстаз болғаны да әсер еткен шығар. 7-сыныптан бастап география мен математика пәндері бойынша ұйымдастырылған қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанғаным да ықпалын тигізді. Кейін оқушылар арасында өтетін халықаралық «Кенгуру» олимпиадасында жүлделі III орын алғанымда, ұстаз боламын деп шешім қабылдадым. Ол кезде қазіргідей байқаулар көп емес еді, жаңағы кішкентай жетістіктерім мамандық таңдауда үлкен рөл атқарғаны сондықтан, — дейді педагог.

Осы саланы мақсатты түрде таңдаған Айнаш білім беру ісінде «оқушыларды қазіргі заманға сай, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу керек» деген принципті ұстанады. Соған сай әр сабағында жаңа технологияларды, ерекше әдістемелерді қолдануды жөн санайды. Географ бұл туралы:

— Қазір бәрі дамыған, әр кабинетте интерактивті тақта орнатылып, ғаламтор желісіне қосылған. Соның арқасында сабақ барысында әр мемлекет, тіпті қалаға онлайн режимде экскурсия жасауға, кез келген аймақтың қазіргі тынысымен танысуға мүмкіндік бар. Танымдық хабарлар да көп. Осы жағынан келгенде, оқушылардың пәнге деген ынта-ықыласын арттыру үшін әр сабағымда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Саяхатшылармен бейнебайланыс арқылы сұхбат өткіземін. Сонымен қатар сәті түскенде облыстық планетарий, музей, басқа да жерлерге экспедиция ұйымдастыратыным бар. Өйткені кітаптан оқумен шектелмей, осындай танымдық іс-шараларды өткізгеннің пайдасы зор.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл». Мен үшін ең бірінші кезекте оқушыларымның жетістігі, олардың жақсы нәтижеге қол жеткізгені қымбат. Мәселен, шәкірттерім — республикалық «Altyn urpaq» зияткерлік олимпиадасыныңжүлдегерлері Сабина Еркінқызы менМадияр Бақыт, халықаралық пәндік олимпиадада I орын алып, республикалық олимпиадада жүлдегер атанған Рахат Төлеутаев, республикалық «Эрудит» зияткерлік ойынында II орын иемденген Әлихан Хамидулла, облыстық «Жас ғалым-2021» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары байқауының жеңімпазы Зарина Сүйеуова, республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасында II орын әрі Түркістандағы Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне грант ұтып алған Жасұлан Айбеков, сондай-ақ ғылыми жобалар жазып, түрлі білім бәсекелерінде жүлдегер болған Данияр Сарытаев, Диана Әділова, Меруерт Балғазина, Дильназ Едіге, Сымбат Сағат, Әнуарбек Нұржауғанов, Ернар Құлатай, Аружан Асановалармен мақтанамын. Шәкірттеріме үлкен үміт артамын, — деген Айнаш Қоңырбаеваның өзі де жетістіктерден кенде емес. Мәселен, кейіпкеріміз 2021 жылы география пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиадада, кейіннен «Үздік педагог олимпиадасы-2021» атты III республикалық педагогикалық олимпиадасында I орын, сондай-ақ барлық типтегі білім беру мекемелерінің пән мұғалімдері арасында ұйымдастырылған республикалық олимпиадада жеңімпаз атанған. Оның республикалық, облыстық ғылыми-әдістемелік басылымдарда жарық көрген авторлық материалдары мен сабақ үлгілерін де тынымсыз еңбегінің жемісі деуге болады.

— Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, төр — мұғалімдікі», — деген сөзі ел арасында ұстаз ұғымының қандай бағалы екенін көрсетеді. Бүгінге дейін осы саланы таңдағаныма өкінген емеспін. Қағазбастылығы көп, жауапкершілігі мол, әр үйдің еркесімен жеке жұмыс істеуді қажет ететін қызмет болғанмен, өз мамандығымды жақсы көремін, — деп түйіндеді сөзін Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Айнаш Қоңырбаева.

А.ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button