🇰🇿🇷🇺 Ақтөбелік делегация Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысты
Қостанай қаласында «Ауыл шаруашылығы – қуатты экономиканың негізі» тақырыбында Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастығы форумы өтті. Форумға бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты.
Сондай-ақ, шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ресей Премьер-Министрінің орынбасары Алексей Оверчук, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай және өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары қатысты.
Форум аясында «Қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық технологиялар», «Жастар және ауыл шаруашылығы: білім берудегі жаңа үрдістер» тақырыптары бойынша пленарлық отырыстар, Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің отырысы, панельдік сессиялар ұйымдастырылған.
Ақтөбе өңіріндегі «Айбек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры Самат Қалдығұлов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтылғанымен, аталған мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Әсіресе, еліміз бен Ресей арасындағы азық-түлік қауіпсіздігін сақтауымыз керек. Форум аясында бағдарлама қабылдау қажеттігі туралы екіжақты шешілген бастаманы ақтөбелік кәсіпкер де қолдайды.
Жалпы, Ресей Федерациясы – Ақтөбе облысының ірі сауда серіктестерінің бірі. Өңірде ресейліктермен бірлескен жобалар тау-кен, металлургия, химия, азық-түлік және экономиканың басқа да салаларында жүзеге асуда.
Биылғы қаңтар-тамыз айларында Ресей Федерациясымен өзара сауда көлемі 900 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласындағы экспорт пен импорттағы көрсеткіш 500 мың АҚШ долларға жуықтайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысына көршілес елден тікелей тартылған шетелдік инвестиция көлемі 150 млн. доллардан асты.
Бұл ретте облыста ресейлік капиталдың қатысуымен 4 инвестициялық жоба іске асырылуда, атап айтқанда, темір жол дөңгелектерін шығаратын зауыты (2026 ж.), «Лиманное» кен орнын игеру (2024 ж), «Авангард» кен орнын ашу және игеру (2025 ж), «50 лет Октября» кен орнын игеру (2026 ж). Бұл инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы 800-ден аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Екіжақты ынтымақтастықта көлік саласындағы бірлескен жобалар ерекше маңызға ие. Жолаушылар автобустары өңірлер арасында күн сайын қатынап, жылына 75 мыңнан астам адамды тасымалдайды. Оның үстіне екі бағыттағы барлық өткізу пунктері арқылы күніне 1500 жүк көлігі шекарадан өтеді. Айтып өтейік, облыста 2 халықаралық өткізу пункті бар: Жайсаң-Сағаршын және Әлімбет-Орск.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.