Басты жаңалықтар

Мереке күнгі марапат

30 тамыз  — Қазақстан Республикасы Конституциясы күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстың педагогикалық қауымын құттықтады.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта ұйымдастырушылар «Ата Заң — арым, ұлы ұстаз — бағым» деп атаған педагогикалық жетістіктер байқауының қорытындысы бойынша мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімі А.Мұхамбетов, қала әкімі Н.Әбдібеков, облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалының төрағасы Б.Ордабаев, облыстағы білім мекемелерінің қызметкерлері — марафон-конкурстың жеңімпаздары қатысты. Облыс әкімі педагогтарды, қала тұрғындары мен қонақтарын ҚР Конституциясы күнімен, Білім күнімен құттықтады.

—  Бұл жыл – ел тарихының елеулі жылы. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, алмағайып кезеңде сенімге серт беріп, ел тағдырын мойнына алды. Тарих таразысына салып қарағанда бар болғаны жиырма жыл ішінде Отанымыздың әлемдік деңгейдегі мәртебесі  көтеріліп, мерейі тасыды…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім саласында қол жеткізген табыстарымызға айрықша тоқталды. Атап айтқанда, еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді. Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді. Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар 5 302 мектепке дейінгі мекемелер, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылды. Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды, — дей келе А.Мұхамбетов соңғы бес жылда облыстағы білім саласында жеткен жетістіктерге тоқталды. Дерек бойынша, осы уақыт аралығында аталған саланы қаржыландыру деңгейі 3,1 млрд. теңгеге артқан, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 85 пайыздан асты, бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Мектептер түгелге жуық Интернет жүйесіне қосылған.  Республикалық және халықаралық жарыстардан оқушыларымыз 36 алтын, 75 күміс және 98 қола медаль алып келді.

Облыстық білім басқармасы берген деректерге қарағанда, былтыр облыста 463 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасаған, оларда 117,7 мың адам оқыды. Ал 2010-2011 оқу жылы аяғындағы ҰБТ нәтижесіндегі орташа балл былтырғыдан 0,6 пайызға жоғарылады. Оқытушылардың мәртебесін көтеру бағытында да іргелі жұмыстар жасалып жатыр. Соның бірі — жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мұғалімдердің педагогикалық жетістіктерінің облыстық конкурс-марафоны. Биыл бұл марафон 16 маусым-30 тамыз аралығында өтті. Бұл байқауға қатысуға облыстағы 100-ге жуық білім беру мекемелері мен 1500-дей педагог өтініш білдірді.

Марафон қорытындысы бойынша 506 мұғалім — «Облыстың үздік мұғалімі», 111 мұғалім — «Облыстың үздік класс жетекшісі», 94 мұғалім — «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы», 37 педагог — «Коррекциялық білім ұйымының үздік педагогы», 30 өндірістік оқыту шебері — «Облыстың үздік кәсіптік оқыту шебері», 78 оқытушы «Техникалық және кәсіптік оқу орнының үздік оқытушысы» атанды.

Сонымен бірге 30 білім беру ұйымы, 4 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 2 қосымша білім беру ұйымы, 1 кәсіптік лицей мен 2 колледж үздіктер қатарынан аталды. 40 грантты жеңіп алған білім беру мекемелері мен ұйымдарының әрқайсысы 500 мың теңгеге ие болды, ал марафонға жеңіске жеткен 916 педагогқа берілген облыс әкімі грантының көлемі — 120 мың теңге,

— Үздік мұғалімдерді марапаттауға биыл 130 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгін үздіктер қатарындағы 1 мыңға жуық ұстаз бен 40 білім беру ұйымдары өздеріне лайықты марапаттарға ие болды.

Биылғы жаңа оқу жылында облыстағы 451 жалпы білім беретін мектепте 116 996 оқушы білім алады. 11 514 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр.

Білім саласын ілгері және серпінді дамытуды облыс әкімдігі ұдайы назарда ұстап келеді. Осы орайда, биыл білім беру мекемелері құрылысына, күрделі және ағымдағы жөндеуге 1 миллиардқа жуық теңге жұмсалды. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге жергілікті билік қашанда толық мүмкіндіктер жасап келеді. Ендеше ұстаз бен шәкірт тарапынан да тиісті қайтарым бола береді деп сенемін, — деді облыс әкімі.

Марапат соңы облыс өнерпаздарының концертіне ұласты. Саябақтың басты сахнасында қалалық Оқушылар сарайы мен Қазанғап атындағы өнер мектебінің үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сахна алдындағы алаңда «Табиғат сыйы» бау-бақша көрмесі, гүлдер көрмесі мен «Қызанақ мерекесі» байқауы өткізілді. Жиналған жұртшылық таэквондодан, интеллектуалдық ойындардан өткізілген жарыстарды, балалардың техникалық шығармашылығын тамашалады.

Д.Кенжебаев, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат директоры:

— Мұғалімдердің еңбегін бағалап, жыл сайын сый-марапат көрсетіп жатқан басшыларға әріптестерімнің атынан алғыс білдіремін. Бұл — ұстаз беделін, мәртебесін көтеретін шара. Біздің мектеп жалпы орта білім беретін мектептер арасында «Үздік инновациялық мектеп» номинациясы бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен қатар біздің мектептің тоғыз мұғалімі облыс әкімінің грантына ие болды. Былтыр да, алдыңғы жылы да мектебіміз бен мұғалімдеріміз облыс әкімінің грантына ие болды. Бұл біздің ұжымның жасап жатқан еңбегінің нәтижесі деуге болады.

Б.Елшібай, Қобда қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

— «Үздік пән мұғалімі» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым. Дәстүрлі түрде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан байқауға бірінші жылы да қатысып, грантқа ие болдым. Отыз жылдан бері мұғалім боп жұмыс жасап келе жатырмын. Осы уақыт аралығында жеткен жетістіктерді тізбелеп айтып беруге болады. Мектепті «Алтын медальмен» аяқтаған, республикалық олимпиадалардан жеңімпаз болып оралған оқушыларымды мақтан тұтамын.

Қ.Байгуринов, Пригород орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

— Облыстағы 916 үздік мұғалімнің қатарына іліккенім үшін қуаныштымын. Біздің Пригород орта мектебінің үш мұғалімі — Ақзина Әбішева, Төлебай Жолаушыбай және мен «Үздік пән мұғалімі» номинациясы бойынша облыс әкімінің грантына ие болдық. Өзім аталған мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен отыз жылдан бері дәріс беріп келемін. Аталған пәннің маңызы басқа пәндерден бір де кем түспейді. Балаларды әскери дайындыққа баулу ісінде жеткен жетістіктер баршылық, биылдың өзінде менің оқушыларым талай додадан жүлделі орындар алып келді.

Г.Мирова, Байғанин орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі:

— Мен 25 жылдан бері мектепте жұмыс жасап келе жатырмын, ұстаз еңбегінің қаншалықты ауыр да, жауапты екенін жақсы білемін. Менің оқушыларымның арасында мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, республикалық түрлі байқаулардан, ғылыми жарыстардан тарих пәні бойынша топ жарып келіп жатқандары бар. Тарихшы ретінде біздің тарихымызда әлі де ашылмаған, зерттелмеген мәселелер бар екендігін айтқым келеді. Өз сабағымда оқушыларымды өлкетануға баулуға, жеріміздің еліміздің тарихын терең танытуға тырысамын. Ұстаз еңбегінің бағалануы жұмысқа да тың серпін беріп, әсіресе, жас ұстаздарды одан әрі ынталандыра түседі деп ойлаймын.

М.Жылтырова, Шалқар оқушылар сарайының ән-терме үйірмесінің педагогы:

— Біздің оқушылар сарайы төрт жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Төрт жыл ішінде жеткен жетістіктерді ұялмай айта аламыз. Облыс әкімі грантына ұйымдастырылған марафонға биыл бірінші рет қатысып, төрт мұғалім  — би үйірмесінің жетекшісі Ардақ Мұхтарова мен хор және вокал үйірмесінің жетекшісі Ардақ Нысалина, биден беретін ұстазымыз Салтанат Әлібекова және мен «Қосымша білім беру педагогы» номинациясы бойынша грантқа ие болдық. Алдағы мақсатымыз — жасап жатқан жұмыстарымызды одан әрі қазіргіден де жоғары деңгейде ұйымдастыру.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button