Дара тұлға – дәрігер
Ишанбай Қарақұлов 1909 жылдың 1 мамырында дүниеге келген. Ертең – оның туғанына 100 жыл, яғни бір ғасыр.
Облыстық музейдің «Ақтөбелік жұлдыздар шоғыры» атты экспозициясының ең әсерлі, фотоқұжаттар мен заттай экспонаттарға бай бөлімі Ишанбай Қарақұловқа арналған, ал музей қорында сексеннен астам түрлі құжат көшірмелері сақталған.
Атақты Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаштан өрбіген оныншы ұрпақтары – біздің заманымызға жеткен Қарақұлдан Ишанбай баласы Болат, Дүйсеннен Яқып баласы Ермұхан, Нұрмұқан, Есмұхан, Байнияз баласы Дауылтайдан Қайреден, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ащы Ойылдан көшіп, Ақырабтан жер сатып алып, елді егін егіп отырықшылдыққа шақырған, сол жерде алғашқы мешіт ашып, бала оқытып, 1929 жылы қудаланып, 1937 жылы Орынбор қаласында атылып кеткен, киелі «көк асаны» ұстаған Нәкешов Хұсайын, Қобдада Тәши, Нәбиден тараған буындар. Сонымен, әкеден қалған дерек бойынша Қарлығаштан өрбіген Қарақұл малшының он төртінші баласы болып Ишанбай атан қомында дүниеге келіпті. Атақты ғалым, әдебиетші, публицист Евней Букетов осы туралы өзінің «Жазушы» баспасынан шыққан «Атан қомында туған адам» кітабында келтірген.
Атам қазақ балаларының атына үлкен болашағына, бақыт, биік дәреже тілеп, олардың атына хан, бай, төре, би сөз тіркестерін қосып қойған. Бұл баланың да ата-анасы қуана күткен ұлы ишан, оқымысты бай болады деп болашағынан үлкен үміт күткен болар, бірақ балалары ишан да, бай да болмай, үлкен ғалым, екі академияның корреспондент мүшесі, медицина ғылымының докторы, профессор, оның үстіне, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, министр, әр түрлі шетел мемлекеттерінің Достық қоғамының вице-президенті болады десе, түсінбес еді.
Осы қордағы деректер бойынша Ишанбай бес жасында анасынан айрылып, жетімдікті көп көрген, әке қамқорында болған. 1919 жылы елдегі қиын жағдайларға байланысты ағасының еңбекақысына берген арық түйелермен көшіп, Қарақалпақстанға алпыс үш күнде зорға жетіпті. Ол жақта он жастағы бала әлі келгенше әр түрлі жалданбалы жұмыстар атқарады. 1925 жылы он алты жасында ересек бала алғашқы рет үш айлық сауатсыздықты жою мектебінің алты-жеті жастағы балалармен бірге есігін ашады. Онан кейін Ташауыз қаласында асханада жұмысшы, Қарақалпақстан АССР-ның Ташауыз округінің партия атқару комитетінде курьер болып, сол маңда пионер жас ұлан одағының ұйымдастырушысы қызметін атқарады.
1926-29 жылдары Орынбор қаласында үш жылдық қазақ мектеп-интернатында білім алады.
1929 жылы Орал медицина техникумының дайындық бөлімін шалалау бітіріп, Алматыда жаңадан ашылған медицина институтының І курсына емтихансыз қабылданады. «Институтта мен, жалпы, білім жағынан замандастарымнан алты жылдай кенже қалғанымды түсіндім, күндіз-түні бас көтермей оқуға берілдім, оқу қиын болды, бірақ оқуды тастап кетпей, «сен коммуниссің, комсомолецтердің абыройлы ағасы, институттағы партия ұйымының хатшысысың» деп өзіме қайрат жігер беруші едім», – дейді естелігінде. Ол институтқа даярлықсыз түсіп, 1937 жылы Алматы медицина инситутын сәтті бітіріп, сол жылы КазССР-інің Денсаулық сақтау халық комиссары болады.
Ел басына түскен ауыртпалық- сұм соғыс зардабы Ишанбай Қарақұлов ағаны да айналып өтпеді. 1941-1945 жылдары ол КСРО майдан тылында Ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.
1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда кеңес халқының және оның айбынды қарулы күшінің гитлершіл Германияны жеңуі құрметіне Жеңіс парады болады деген хабар тарады. Осының артынша Жеңіс парадына қатысуға №04829 санды рұқсат қағаз жіберіледі. Бұл сирек құнды құжаттың көшірмесі музей экспозициясында көрсетулі.
Соғыс аяқтала сала өте жауапты қызметтер атқара жүріп, 1946 жылы кандидаттық, 1948 жылы докторлық диссертация қорғайды және бұл тұрмыстың қиын ауыр жылдары орындалған дүниелер. «Бұл кездің талантты жастарының көбінде болған жағдай, әрине, мұндай аттап басқан, асығып алған білім кемшіліксіз де болмайды», – дейді өзінің естелігінде.
Жауапкершілігі мол қызметтерді атқарып жүріп, сол заманның заңғар тұлғаларымен танысқанын, кезінде коммунистік интернационалдың хатшысы Д. Мануильскиймен достық қарым-қатынаста болғанын айтып: «Оның ыстық ілтипатын еске түсіру, өзі бір ғанибет, бірде Қазақстаннан барған Жоғарғы Кеңес депутаттары Сталин бастаған үкімет басшыларымен бірге суретке түсті. Сол сессияда екі рет сөз сөйледім, менің сөзім ол кісіге ұнап қалса керек, сонан кейін банкет ұйымдастырылып, құрметті орынға Сталин, Молотов, Ворошилов және Чкалов келіп жайғасты, Сталиннен кейін санағанда алтыншы орында Мануильский, ал оның жанында мен отырдым. Банкетті В. Молотов ашып, бірінші тосты Сталин үшін көтеруге ұсыныс жасады. Бұдан кейін мерекелік кешті Сталин өзі жүргізіп отырды», – дейді өз естелігінде. Ол өз дәуірінде көптеген дүние жүзі елдерінің басшыларымен – Долорес Ибарурри және Хосе Диасумен, Индира Гандимен достық қарым-қатынаста болған, оның ішінде: «Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматы қаласында жұмыс істеген атақты балерина Галина Уланованың шақыруымен Мәскеудің Үлкен театрында болған сәттерімді мақтанышпен еске аламын», – деп естелігінде жазған.
Ишанбай Қарақұлов – денсаулық сақтау ісінің белсенді ұйымдастырушысы ғана емес, сондай-ақ ол қайта өрлеген Қазақстанның көп салалы мәдениет құрылысының көрнекті өкілі де. Ғалым Қазақстанда жаңадан ұйымдастырылған көптеген қоғамдық, ғылыми мекемелер жүйесін: жаңа қазақ латын алфавиті жөніндегі қоғамды, республикалық және Алматы қалалық «Білім» қоғамдарын, республикалық бейбітшілік қорғау комитетін Кеңес-Үндістан достығының Қазақ бөлімшесін, АПН-ның Қазақ бөлімшесін, Қазақстан эпидемиологтары, микробиологтары, гигиенистері және инфекционистерінің біріккен ғылыми қоғамын, Қазақ телевизиясында киносаяхатшылар клубын, Қазақстан астрономиялық қоғамын, Қазақстан пролетар студенттер бюросын құрушылардың бірі болды. Сонымен бірге бірқатар жылдар бойы осы аталған қоғамдардың біразында бірінші басшы болып жұмыс істеді, мысалы, оған Қазақстан астрономиялық қоғамы, Алматы қалалық «Білім» қоғамы, т.б. кіреді.
Профессор Қарақұлов өзінің педагогтік қоғамдық ұйымдастырушылық, әкімшілік қызметтерін маңызды ғылыми жұмыстармен тығыз байланыстырды. Ол айналысқан әлеуметтік экономикалық мәні зор тақырыптардың бірі бруцеллезге қарсы күрес болды. Шынын айту керек, бұл іс сол кезде де, қазір де мемлекеттік маңызды міндеттердің қатарына жатады. Осы ізденістердің қорытындылары өте жоғары бағаланды және денсаулық сақтау тәжірибесіне кеңінен енгізілді. Ол адамдарда кездесетін бруцеллез ауруының республикада тіркелген басқа инфекциялар арасындағы үлесті мөлшерін ең бірінші болып анықтады, бруцеллезді келтіретін әлеуметтік-экономикалық зиянын кешенді түрде зерттеу әдісін енгізді.
Кейінгі он бес-жиырма жыл көлемінде И. Қарақұлов жастарды жан-жақты етіп тәрбиелеу проблемасымен де үзбей айналысты. Бұл ретте ең алдымен оның 1983 жылы белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің алғы сөзімен шыққан «Қырық сұрақ – қырық жауап» атты кітабының мәні зор екенін айтқан жөн.
Атан қомында дүниеге келген бала…
Ишанбай Қарақұлов дүниеге келген кезінен бастап өмір тауқыметін көрді, тұрмысы өте ауыр болыпты, оның дүниеге келуі де, кіндігінің шала кесілуі де жақсы тұрмыстың белгісі болмаса керек. Үлкендерден естуінше, малдың жағдайына қарай кешкі салқында көшіп келе жатқанда түйенің үстіндегі екіқабат Аханай ана толғақ қысып босанғанда баланың кіндігін кесетін әйел болмай, оған амалсыздан қайын інілері жәрдемдесіпті. Баланың кіндігі бітпей, көпке дейін өлім халінде болады. Түйе үстінде аман қалғаннан гөрі, сондай шала кесілген жаралы кіндікпен тірі қалғанына ауылдағы әйелдердің бәрі таң қалыпты, сол нәресте жетімдіктен де, ашаршылықтан да, басқа қауіп-қатерден де, кешегі қырғын соғыстан да аман қалды.
«Атан қомында дүниеге келген бала…»
«Апыр-ау, сонда көшті неге тоқтатпады екен?» – дегенде, Ишанбайдың анасы мінген түйесі басқа біреудікі екен. Түйеге қомдап артқан екі кебеженің бір жағында жаңа туған қозы-лақтар бар-ды. Екінші жағында Аханай отырған.
«Есімді білгеннен бастап менің ойым тамақ пен киім болды. Менімен бірге ойнайтын балалардың көбі қауғабас, қамыт аяқ, арық болатын-ды. Бұлар жазда жайлауға көше алмай, қыстауда қалатын, тақыр кедейлердің балалары еді. Даланың жуасы мен атшоңқай деген өсімдігі, Ащыойыл өзенінің жағасында өсетін борық түбі – балалардың үйреншікті тамағы. Үйдің тұсынан ағатын Ащыойыл өзенінің майда шабақтары тамақ атаулының ең асылы болатын. Ал жазғытұрым Саралжын көлінің жағасына құстар ұя салған кезде жұмыртқа жинап, ауыл үстінен күйлі шаруалардың көші өткенде олардың қой-ешкілерін сауып, бір кенеліп қалушы едік.
Анамыз ортамызға бір керсен көже қоятын, соны айнала шүпірлеп отырушы едік. Ол кезде дүние қат қой, әлгі көжені бір қасықпен кезектесіп ішетінбіз. Бір ұрттағаннан кейін келесі балаға беруге тиіспіз. Іздегеніміз – тары, бидай, көженің түйірі. Тамаққа, әсіресе, етке тою – кедей балалары үшін үлкен оқиға. Жаз күндерінде саршұнақ, тышқан аулап терісін өткізетінбіз, ал оның етін жеу мұсылмандарға күнә, ұрлық жасап тамақ асырау да күнә. Ендеше, өлсең де күнәлі болма! Бұл біз үшін, бүкіл ауыл үшін бұлжымас қағида еді. Сол халіме карамай өнер десе құлағымды тігіп, үйренгім келіп, елпектей бастайтын болдым. Бес-алты жастан бастап әкемнен домбыра тартуды, аналарымнан ор теке ойнатуды, аздап ән салуды үйрендім. Мені тыңдайтын көбіне үй арасындағы жеңгелеріміз, бойжеткен қыздар болды.
Тоғыз жасымда бірінші рет көйлек-дамбал кидім. Оған дейін жазда да, қыста да кигенім түгін ішіне қаратып, құлын терісінен тіккен жалғыз ғана тон болатын. Көріп отырсаң, оқушым, менің балалық шағым аштық пен жоқшылықпен, қандала, бүрге, битке таланып ауыр жағдайда өтті. Мұндай азапты құдай ешкімнің басына салмасын. Манағы киген көйлек-дамбалым ағаларымның тозған киімінен тігілгенін кейінірек білдім. Көне болса да көйлек-дамбал кию қандай мәртебе! Сонымен үсті-басым бүтінделіп шақырған жерге тартынбай барып домбыра тартып, ортеке ойнап, анда-санда болса да тамағымды тойдыратын жағдайға жеттім. Бірақ менің жағдайым, семья халы жақсарып кете қойған жоқ. Аштық біздің үйдің қыр соңынан қалмады. Қыстың қаттылығы жаздағы құрғақшылыққа жалғасып, мал қырылып, егін шықпай, жыл сайын жазғытұрым ұялайтын көшпелі қүстар келмей, аз да болса қорек болатын шабақ балықтар болмай, Саралжын көлі суалып, Ащыойыл өзені құрғап, кедейлердің көбі ісініп, кеуіп өле бастады…».
Осы бір естелік жолдары көп ойға жетелейді…
…Нәрестенің киіз, сырмақ үстінде тумай, атан қомында – аспанда, жаратушыға бір табан жақын жерде дүниеге келіп, даланың саф таза желі қағып, күн сәулесіне шомылып тууы – өте сирек құбылыс. Жайдан жай болмас, сондықтан бұл нәресте пірәдар, сопы, ғұлама діндар ишан болғай-ақ та деген тілекке лайықталды бұл ат.
Атан қомында дүниеге келгеннінің өзі сирек құбылыс, түбінде атақ-даңқы танымал азамат, білімдар ғалым болатындығын болжаған, жақсылықтың нышаны болғаны да.
Ол кісінің өмірі халқына адал қызмет етуге арналды. Артына өшпес мұра қалдырған ғалым азамат тірі кезінде атақ-абыройдан, құрметтен кенде болмаған-ды…
Зада МҰҚАШЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің қор меңгерушісі.




1974 жылы менім әкем Ақбаев Әбілғазы менім кішкентай кезімде Алматыдағы М.Горкий атындағы демалыс сая бағында қыдыртып жүргенде, Ишанбай ата мені көріп, қызығып көп қарап тұрып, басымнан сипап: «үлкен азамат бол, қарағым!!!!» – деп өз батасын беріпті. Оны әкем кейін маған: «Саған үлкен ғалым-ата Ишанбай Қарақұлов өз батасын берген қарағым» -деген еді. Содан болар мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін үздік дипломмен бітіріп, кейін сол аталған университеттің күндізгі бөлім аспирантурасын тамамдап, кейін педагогика саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықтым. Бірер жылдан соң доцент ғылыми дәрежесін алдым. Міне, осының бәрі Ишанбай атамыздың берген оң батасы болар деп әлі күнге дейін өзім соған үлкен мән беріп жүремін. Негізі қазақта аталы сөз бар ғой: «Батамен ел көгереді, жауынмен жер көгереді»-деген. Осыдан әрі де Ишанбай атаның әруағы қолдап жүретініне сенімдемін. С/н Ақбаева Шолпан Әбілғазықызы.
жанадан кітап кашан шыгады