Басты жаңалықтар

Ойыл ауданы әкімінің алдына бірқатар нақты міндет қойылды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 5 қараша күні өткен саяси науқан қорытындысы бойынша аудан әкімі болып сайланған Асқар Қазыбаевпен Ойыл ауданының активінің отырысына қатысты.

«Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 5 қарашада Қобда, Ойыл және Ырғыз аудандарының әкімдерін тікелей сайлау өтті. Президент халықтың тілектерін тыңдау қажеттігін үнемі атап өтеді. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау – бұл елдегі саяси реформалардың жалғасы. Ойыл ауданының тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Аумақтық сайлау комиссиясының шешімі негізінде Асқар Қайырғалиұлы Қазыбаев аудан әкімі болып сайланды. Оған қызметінде сәттілік тілейміз», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі Ойыл ауданының экономикасы бүгінде Президенттің тапсырмаларын орындаудың арқасында тұрақты дамып келе жатқанын және аудан басшылығы әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне одан әрі қол жеткізу және өсу үшін шаралар қабылдауы қажет екенін алға тартты.

«Ауданда шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер бар. Аудандық маңызы бар жолдардың сапасын арттыру, елді мекендерді газдандыру, баспана кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, тозығы жеткен әлеуметтік нысандар мәселесін шешу бойынша жұмыс істеу қажет», – деді Асхат Шахаров.

Облыс басшысы өзекті мәселелердің нақты мысалдарына тоқталды. Мәселен, көгілдір отын тартылған Қаратал ауылында мектеп ғимараты әлі де газға қосылмапты. Ал Амангелді ауылында 100-ге жуық бала балабақша кезегінде тұр. Бүгінде олардың тек 22-сі мектеп жанындағы шағын орталықта оқиды, қалған 78 бала жаңа балабақшаның салынуын күтуде.

Аудан үшін халықтың ауылдан көшуі, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру үшін инвесторларды тарту, жол бойындағы сервисті дамыту, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелері өзекті.  

«Сонымен қатар, абаттандыру, елді мекендердің санитарлық жағдайы мәселелерін үнемі назарда ұстау қажет. Аудан әкімі осы мәселелерді сапалы шешу жөнінде нақты шаралар қабылдап, тапсырмаларды қатаң бақылауда ұстап, олардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету», – деп Асхат Шахаров сөзін қорытындылады.

Отырыс барысында сөз алған Асқар Қазыбаев бар қажыр-қайратын, білімін аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына арнайтынын жеткізді.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button