Спорт

Төртеудің бірі — «Ақтөбе»

Футбол

Биылғы маусымның соңғы ойыны да өтті.

4 қараша күні «Астана Арена» стадионында Қазақстан Кубогы үшін болған финалдық сайысқа «Ордабасы» мен «Тобыл» командасы шықты.

11 мыңнан астам жанкүйер көруге келген ойын әуелі сылбырлау өрбіді. Бұл түсінікті де еді. Өйткені бір ғана қателік кездесудің бүкіл тағдырын шешіп кетуі мүмкін еді. Солай болды да. Екінші таймда қостанайлық Ислам Чесноков өзіне қолайлы тасталған пасты тиімді пайдаланып, сол аяқпен жойқын соққы жасады да, шымкенттік қақпашы Шайзада Бекханды отырғызып кетті. 67-минутта шалт соғылған доп қақпашының екі аяғының арасынан зу етіп өте шықты да, жібек торды бүлк еткізді. Іле-шала Роман Асыранқұлов жасаған соққы Шайзада қорғаған қақпаға және еніп кете жаздады. Бұл жолы шымкенттік команданы қақпаның маңдайшасы қорғап қалды.

Осылайша «Тобыл» екінші рет Қазақстан Кубогының иегері болды. Олар бұл Кубокты бірінші рет 2007 жылы жеңіп алған болатын.

«Ордабасы»-«Тобыл» — 0:1.

Гол авторы: Ислам Чесноков, 67-минут.

4 қараша 2023 жыл. Астана, «Астана Арена» стадионы, 11 024 адам.

*   *   *

Сонымен келер жылы Еурокубок ойындарына қатысатын төрт команда да анықталып болды.

Олар — чемпионатты алғашқы үштікте аяқтаған шымкенттік «Ордабасы», «Астана» және «Ақтөбе».

Енді бұларға Кубок иегері «Тобыл» қосылды. Еске сала кетсек, «Тобыл» биылғы чемпионатты 8-ші орынмен аяқтаған болатын.

Келер жылы осылайша Еурокубок турниріне біздің еліміздің төрт командасы қатысады:

«Ордабасы» — Чемпиондар лигасы (1-ші іріктеу кезеңінен бастап);

«Тобыл» — Еуропа лигасы (1-ші іріктеу кезеңінен бастап);

«Астана» — Конференция лигасы (2-ші іріктеу кезеңінен бастап);

«Ақтөбе» — Конференция лигасы (1-ші іріктеу кезеңінен бастап).

Премьер-лига чемпионатын төртінші орынмен аяқтаған «Қайрат» екі жыл қатарынан Еурокубок ойындарына қатыса алмайын деп отыр.

*   *   *

«Ақтөбенің» бас бапкері Андрей Карпович қызметін аяқтады. Ол командасымен, команда жанкүйерлерімен қоштасты. «Қазақстанның ешбір қаласында тап Ақтөбедегідей футбол әлемі, мұндай тамаша ахуал жоқ, — деп бастаған сөзін бас бапкер, — Ақтөбеде өткізген уақытымды мен ешқашан ұмытпаймын, зор ықыласпен еске алып отыратын боламын. Барлығыңызға рақмет», — деп аяқтады.

Еске сала кетсек, Андрей Карпович 2022 жылғы мамыр айында тізгін ұстағанда «Ақтөбе» турнир кестесінің екінші бөлігінде жүрген болатын. Жаңа бапкер келісімен жерлестеріміздің жеңіске жолы ашылды: «Ақтөбе» қатарынан 8 рет жеңіске жетті. Ақыры чемпионатты күміс жүлдемен аяқтады. Ал биылғы доданы үшінші орынмен тәмамдағанымыз мәлім.

1981 жылы 18 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген Андрей Владимирович Карпович Қазақстанның белгілі жартылай қорғаушыларының бірі болды. Өзі ойнаған командалар құрамында Қазақстан чемпионы (1998,2004), күміс, қола жүлделер иегері (2009, 2010, 2005), Ресей футболы чемпионатының қола жүлдегері (2008) атанды.

Екі футболдық маусымда командамызды екі рет жүлделі орынға жеткізген Андрей Владимировичке алдағы жаңа қызметінде де табыстар тілейміз!

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button