Спорт

Мақсат — ұлттық лига ойындарында нәтижелі өнер көрсету

Волейбол

Ақтөбеде волейбол спорты жақсы дамып келеді. Жергілікті волейболшылар түрлі спорт додаларында облыс намысын қорғап, жетістіктерге жетіп жүр.

«Ақтөбе» ерлер волейбол клубының бас бапкері Сергей Трикоздың айтуынша, бұған дейін аймақта кәсіби волейбол клубы болмаған. Бүгінде құрама ойыншылары Жоғары лигадан бастап Ұлттық лига ойындарына дейін қатыса алатындай кәсіби деңгейге көтерілді. Ақтөбедегі волейбол федерациясы спортшылардың дүбірлі додаларға қатысуына бар жағдайды жасап отыр.

Өңірде бұрын волейболшылар дайындық өткізетін арнайы орталық болған жоқ. 2014 жылы ашылған «Әлихан» спорт кешенінде ақтөбелік волейболшылардың жаттығу жасауына толық мүмкіндік бар.  Спорт кешенінде республикалық деңгейдегі жарыстарды да өткізуге болады. «Ақтөбе» ерлер волейбол командасы қысқа мерзім ішінде — 2021, 2022 жылдары Жоғары лиганың жүлдегері атанып, елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Биыл спортшыларымыз Қазақстан чемпионатында нәтижелі ойын көрсетіп, Қазақстан кубогының финалына берілген алғашқы жолдамаға ие болды.

Спорт кешенінде оқу-жаттығу сабақтары тегін жүргізіледі. Орталықта 18 жастан жоғары 500-ге жуық спортшы волейболмен шұғылданады. Спортшылардың республикалық, халықаралық турнирлерге қатысуы бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты іске асырылады, — дейді ол.

Ақтөбелік клубта 4 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бас бапкер Сергей Трикоздың ендігі мақсаты — Ұлттық лига ойындарында нәтижелі өнер көрсету.

Маған 2019 жылы ерлер құрамасына бас бапкер болу жөнінде ұсыныс түсті. Мен еш ойланбастан «Ақтөбе» ерлер волейбол клубын таңдадым. Мұндағы спортшылардың дені — облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері. Яғни ақтөбелік балалар спортқа ерекше даярлықпен келеді. Менің ендігі міндетім — оларды жоғары деңгейге көтеру. Біздің жігіттердің қолынан көп нәрсе келеді. Сондықтан уақыт өте келе Ақтөбе футболдан бөлек, волейбол спортының да астанасы атанарына сенімім мол, — дейді бапкер.

Бала кезінен спортты жанына серік еткен спортшы волейболдың денсаулыққа пайдалы екендігін айтады.

Волейбол спорты тірек-қимыл мүшелеріне өте пайдалы, әрі иммунитетті де көтереді.  Әсіресе жаздағы жайма-шуақ ауа райында жағажай волейболын ойнау денсаулыққа өте пайдалы. Үнемі және белсенді физикалық жаттығулармен айналысып, шұғылданатын волейболшылардың денесі шымыр болады. Сондықтан балаңызды ерте жастан спортқа баулыған жөн, — дейді Сергей Трикоз.

ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК:

1983 жылы Бразилияда волейболдан өткен Әлем чемпионатына 100 мың жанкүйер жиналған.  Бұл спорт тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелді.

Волейболшылар әр ойын сайын кемінде 300 рет секіреді екен. Сондықтан спортшының бұлшық еті нығайып, сымбаты арта түседі. Волейбол — доп жерге тимейтін жалғыз ойын. Бұл ойын уақыт үшін емес, нәтиже үшін ойналады. Мәселен, 1976 жылы өткен Олимпиада ойындарында Польша құрамасы 6,5 сағат бойы тартысты өнер көрсеткен. Волейбол ойынының шапшаң шешім қабылдауға септігі мол деседі. Мысалы, кәсіпқой волейбол  ойыншыларының соққысы допты секундына 12,3 метрге ұшырады, сондықтан олар шапшаң шешім қабылдауы керек.

Волейболшылар не дейді?

Нұрсұлтан Бимырза, Волейбол жастар құрамасының ойыншысы:

Волейболға қызығушылығым 11 жаста басталды. Ең алғаш Атырау командасының сапында өнер көрсеттім. Алматы, Атырау, Хромтау командаларында ойнап, тәжірибе жинадым. Көптеген жарыстарға қатысып, Ұлттық лига ойындарының жеңімпазы атандым. 2019 жылдан бері жастар командасының атынан сынға түсіп келемін. Қазір Павлодар қаласында өтетін волейбол турниріне дайындалып жатырмыз. Асқан жылдамдықты, шыдамдылықты қажет ететін ойын денсаулыққа өте пайдалы. Мен бос уақытымды көбіне спортзалдарында өткіземін. Жастарды спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

Төлеген Тынысқалиев,

Волейбол жастар құрамасының ойыншысы:

Волейбол спортымен бала кезімнен бері айналысып келемін. Бапкерім Сергей Трикоздың жетекшілігімен Қазақстан кубогында нәтижелі ойын көрсетіп келеміз. Волейбол — тек физиологиялық тұрғыда ғана емес, ойыңды да жаттықтырып, жүйелі жоспарлауға үйрететін спорт. Эмоцияға толы ойында жарақат алған кездерім де болған. Себебі жаттығу барысында түрлі әдістерді пайдаланып, қарсыласқа тойтарыс берудің тәсілдерін ойластырамыз. Алға қойған мақсатқа жетуіміз үшін волейбол клубындағы жастар командасы күн-түн демей бас қосып, достық мачтарын да ұйымдастырып тұрады. Спорт шеберлігіне үміткер ойыншы ретінде «Ақтөбе» ерлер волейбол клубының мерейін асқақтатқым келеді.

Асылхан Ізбергенұлы,

Волейбол жастар құрамасының ойыншысы:

— Ауылда доп қуып өстік. Спорт мектебіне барғанда мені волейболды шебер ойнауға үйреткен жаттықтырушым Айбат Дайрабаевқа алғысым шексіз. Ол тек спортқа баулып қана қоймай, жетістікке жетіп жүрген спортшылардың өмірін бізге өнеге ретінде айтып отыратын. Спорт болған соң кейде жеңіліс те, жеңіс те болып тұрады. Ең бастысы, осы спортпен айналысып жүріп, өзіме орта, достар таптым. Командалық ойын әрдайым бізді жеңіске жетелейді. Волейбол ойнауға апта сайын келемін. Күніне 2 сағатымды спорт кешенінде өткіземін.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button