Басты жаңалықтар

Ақтөбедегі білім беру нысандарының жай-күйі қаралды

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбеде орналасқан білім беру нысандарына барды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысын бағамдап, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі, №5 «Жұлдыз» санаториялық түрдегі балабақша және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында 18 мектеп бой көтереді. Бірыңғай стандартқа сәйкес келетін білім ордаларының бүгінде құрылысы қарқынды. 2024 жылы жоспар бойынша 14 мектеп оқушыларын қабылдауы тиіс.  Есет батыр тұрғын үй алабындағы 2000 орындық мектептің де келер жылы құрылысы аяқталады. Мердігерлер облыс әкіміне жұмыс жоспарын баяндады.

«Қазір құрылысқа 80-нен астам жұмысшы тартылған. Оның басым бөлігі – жергілікті мамандар. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз, нысанды уақытылы тапсырамыз деген жоспар бар. Мәселе жоқ. Барлық инфрақұрылыммен қамтылды», – деді жоба жетекшісі Тоқтар Боранбаев.

Асхат Шахаров әлеуметтік жоба сапалы орындалуы керектігін, мектеп салынса, білім саласындағы бірнеше мәселе шешілетіндігін еске салды. Қала әкімдігіне оқу орнының айналасын абаттандыру, жол салу мәселелерін шешуді тапсырды.

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің 25 жылдық тарихы бар. Қазіргі уақытта 1600 бала 38 мамандық түрі бойынша тәрбиеленуде. Оқушылар санының көптігінен қосымша ғимарат қажеттігі туындап, биыл негізгі ғимаратқа жапсарлас нысан салынды.

Бір апта бұрын пайдалануға берілген мекемеде музыкалық аспаптар жетіспейді. Бастапқы сметада қажетті сома қаралмағандықтан, мектеп басшылығы облыс әкімінен музыкалық аспаптар сатып алуға қосымша қаржы бөлу жағын қарастыруды сұрады. Мәселе шешімін табады, қолдау көрсетіледі.

Мектепті аралау барысында өңір басшысы балалардың өнерін тамашалап, оларға сәттілік тілеп, барлық жағдай жасалатынын да жеткізді.

Қомақты қаражат №5 «Жұлдыз» санаториялық түрдегі туберкулез ясли-балабақшасына да қажет. 1994 жылы салынған нысанға күрделі жөндеу жасау мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. 2024 жылы нысан жөнделеді.

Бүгінгі күні 320 орындық балабақшада 30-ға жуық маман жұмыс істейді. Туберкулез дертіне шалдыққандармен байланыста болған 19 бала тәрбиеленуде.

Ғимарат жаңарғаннан кейін басқа мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Білім басқармасы облыс басшысына ұсыныс енгізуге міндетті.

Асхат Шахаров Ақтөбе жоғары политехникалық колледжіне де барды. Жылдан-жылға мұнда оқуға түсетіндердің қатары артқан. Әсіресе, ақпараттық технология мамандығы сұранысқа ие.

Колледж директоры Жеңіскүл Мұхаметпайызованың сөзінше, қазіргі уақытта ақпараттық технология мамандығында 300-ден аса бала білім алуда. Ал оқу орнының ғимараты тар. Келер жылы салалық мемлекеттік органдармен бірге IT Hub салу жобасын жүзеге асыруға ынталы. Орталық болашақ IT мамандарын даярлап қана қоймай, олардың тың стартаптарына қолдау көрсетеді.

Облыс әкімі IT секторды дамытудың маңыздылығын айтып, IT Hub салу бастамасын қолдайтынын тілге тиек етті. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу қажет.

Өңір басшысының бірқатар білім беру нысандарын аралау кезінде берген тапсырмаларының орындалуы бақылауға алынды. 

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button