Жеті мыңнан астам ақтөбелік қаржылық сауаттылығын арттырды
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Оған «Қарызсыз қоғам» жобасының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі және қаржы сарапшылары қатысып, осы кезге дейін атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.
Мамыр айында «Amanat» партиясы Halyk банкінің қолдауымен халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған еді. Бүгінде Қазақстанның 8 өңірінде 60 мыңнан астам тұрғын қаражатын тиімді жоспарлауды, отбасы бюджетін қалыптастыруды, несие алу мен қайтару ережелерін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын және табысты бизнес құрудыүйренді. Ақтөбе облысы бойынша 8000 адамды оқыту жоспарланған болса, бүгінге дейін 7318 адам қаржылық сауатын арттырып отыр. Олардың 6060-ы ауыл тұрғындары.
Жоба 18 қыркүйектен бастап Ақтөбе қаласында жалғасуда. Қазір 1258 қала тұрғыны оқуды аяқтады. Екі ай ішінде барлығы 2000 адамды қамту жоспарланып отыр. «Қарызсыз қоғам» жобасының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Гүлнара Сейтжаппарованың айтуынша, курсқа қатысушылардың көбі бұрын несие алған екен.
– Жобаға қатысушылардың 69 пайызы несие алған. Оның 59 пайызында біреуден, 22 пайызында екеуден, 19 пайызында үшеу және одан да көп несиеден бар. Оның ішіндегі 6 пайызы 90 күннен астам мерзімін өткізіп алғандар. Жоба қатысушылары арасында әйелдердің үлесі көп, 75 пайызды құрайды. Ал 16 пайызы көпбалалы отбасылар, – деді ол.
Жобаға қатысушылардың басым бөлігі, яғни 40 пайызы әртүрлі сала қызметкерлері. Сондай-ақ, курсқа бюджет саласының өкілдері де белсенді қатысқан. Атап айтқанда мұғалімдер, тәрбиешілер, кітапхана, дәріхана, зертхана қызметкерлері – 32 пайызды, жұмыссыздар – 9 пайызды, кәсіпкерлер – 5 пайызды құрайды. Сонымен бірге 1233 студент қаржылық білімін жетілдірді. 250 қатысушыға отбасылық бюджетті жасауға және шығындарды оңтайландыру бойынша көмек көрсетіліп, кеңес берілді.
Қаржы сарапшысы Алтынай Аткиева 5 бағыт бойынша тыңдаушылардың қаржылық білімін жетілдіргендерін айтты. Оның ішінде қаржылық ойлау, табысты арттыру, алаяқтардан қорғану жолдары бар.
-Біздің негізгі жұмысымыз – халықтың қазіргі шешім қабылдау жүйесін өзгерту, жаңа үнемдеу әдетін қалыптастыру болды. Мысалы, көптеген адам той жасағысы келсе, қымбат дүние алғысы келсе, бірден банкке жүгініп, несие рәсімдейді. Ал біз ең алдымен қаражат жинауды, несиеге ұрынбай, жинаған ақшаны жұмсауды ұсындық. Сондай-ақ жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білу, несие нарығын талдап, дұрыс және тиімді шешім қабылдау үшін несиелеу шарттарын түсіндірдік, – деді ол.
Баспасөз конференциясына қатысқан сарапшы маманның бірі Айгүл Сексенова оқу үрдісі өте тиянақты, тиімді өтіп жатқанын мәлімдеді. Ол қаржылық курсқа қатысып, кәсіптерін әрі қарай дөңгелетіп әкеткен тұрғындар туралы айтып берді.
Меңтай Бектұрсынова.