Басты жаңалықтарМереке

Ұлттық мерекенің салтанаты

Кеше Өнер орталығында Республика күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты мерекелік шара өтті. Онда облыс әкімі Асхат Шахаров облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан, өз саласында зор жетістікке жеткен азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.

Салтанатты шараға зиялы қауым, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, партиялар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғам қайраткерлері, құқық қорғау және әскери орган өкілдері қатысты.

Сахнаға алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелініп, Әнұран шырқалды. Бұдан кейін облыс әкімі Асхат Шахаров жиналған жұртшылықты ұлық мереке — Республика күнімен құттықтады.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Республика күні халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке екендігін ерекше атап өткен болатын.

Бүгінде елімізде әділетті Қазақстанды құруға, саяси және экономикалық жүйелерін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Қазақстан елді жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қоғамдағы татулық пен ұлтаралық келісім біздің басты құндылығымыз болып отыр.

Бүгінде құтты мекен — Ақтөбеміз еліміздегі қолайлы өңірлер қатарында. Отыз үш жылда облысымызда 400-ге жуық білім ошағы, 179 медициналық, 712 спорттық нысан салынып, халық игілігіне берілді. Биылғы жылдың өзінде ұлттық жобалар аясында өңірде 20 мектеп,15 денсаулық сақтау нысаны салынды, — деді облыс әкімі.

Өңір басшысы облыстың дамуы жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Мәселен, бүгінге дейін облыста 13 млн 622 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, жыл санап құрылыс нысандарының саны артып келеді. Оның ішінде әлеуметтік саланы дамытуда шағын және орта бизнес саласындағы   жеке сектордың үлесі басым болып отыр. Сондай-ақ соңғы жылдары облысымызда жаңа жолдар салынып, өндіріс орындары ашылуда. Елді мекендер көгілдір отынмен, сапалы ауызсумен қамтылуда.

— Ақтөбе облысы ірі өнеркәсіптік аймаққа, елдің батыс өңірінің мәдени, білім беру және ғылыми орталығына айналды. Бұл — сіз бен біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі, тынымсыз еңбектің айқын көрінісі. Экономиканың қарқынды дамып, әлеуметтің әлеуеті артуына әрбіріңіздің қосқан зор үлесіңіз бар. Сондықтан бүгінгідей мерейлі мерекеде баршаңызға ризашылығымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбекте табыстар тілеймін, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Асхат Шахаров Республика күні қарсаңында жерлестеріміз, Ақтөбеден шыққан нағыз таланттар Димаш Құдайберген мен Максим Самородов жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болғанын жеткізіп, салтанатты шараға келген қос марапат иесінің аналарына өз құрмет-ілтипатын білдірді.

Салтанатты жиында облыс әкімі мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін жалпы саны 40-қа жуық ақтөбелікке мемлекеттік наградалар табыс етті. Олардың қатарында «Парасат» орденін алған жеке кәсіпкер Зәмзагүл Баймағамбетова, «Анвар» ЖШС директоры Талғат Салфиков, «ҚазТүрікМұнай» ЖШС кеңесшісі Николай Баев, «Құрмет» орденімен марапатталған Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артисі Мағзом Бақытжанов, «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының орынбасары Амангелді Боранқұлов, «Дәулет Групп» ЖШС директорының орынбасары Руслан Каршигин, жеке кәсіпкер Құтым Қасенов, еңбек ардагері Еркін Құрманбек, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Абдухат Мырзалин, «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетов, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басқарма басшысы Ардақ Өтегеновтер бар.

Сондай-ақ шарада бір топ адам ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

Айта кету керек, «Ерен еңбегі үшін» медалін алғандар арасында әріптесіміз, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Актюбинский вестник» газетінің жауапты хатшысы Серік Ахметов бар.

Шара барысында  Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушылары, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері және қазақ камералық хор ұжымы өнер көрсетіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен қатар кеште Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Мәдениет саласының үздігі Манзура Сапарова, республикалық конкурстардың лауреаттары — Серік Закария, Темір Өтебай, Гүлхан Бөрібасова, Ақторғын Әминова, Мейірбек Тәжіғұлов, Дастан Қабылов, Мәншүк Мұқанова, т.б. композициялық шығармалар мен Шәмшінің әндерінен попурри орындады.

Шараны Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның солистері Ұ.Жамалбектің «Мен сені сүйем, Қазақстан» әнімен аяқтады.

МАРАПАТ ИЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Серік ОРАЗЫМБЕТОВ,

Ауған соғысының ардагері, «Данияр» шаруа қожалығының басшысы:

— Бұрынғыға қарағанда қазір қай салада да ілгерілеу бар, еліміз дамып жатыр. 2011 жылы Хромтау ауданындағы Дөң ауылы маңында Самара-Шымкент тасжолының бойынан шағын кафе ашып, соны дамытып, бірте-бірте кеңейте бердім. Бүгінде ол «Аманат» кемпингіне айналды. Ол жерде жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Дәріхана, дүкен, наубайхана, монша және 30 орындық қонақүй бар. Мұндағы бизнесті қазір әйелім мен балаларым қарайды. Шаруашылық бір ізге түскесін мал өсіруді қолға алып, «Данияр» шаруа қожалығын аштым. Мемлекет кәсіпкерлерді, еңбек еткен адамды қолдайды. 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы асылтұқымды 700 қой сатып алып, қалған шаруаны біртіндеп бірыңғайладым. Қазір қожалықта еділбай тұқымды 8 мың қой бар. Үкімет асылтұқымды мал басына субсидия төлеп отыр. Енді мал азығына да субсидия бергелі жатыр. Біз де мал азығын өзіміз дайындаймыз. Техникамыз жеткілікті. Егін шаруашылығымен де айналысып отырмыз. Биыл ерте көктемде егіп тастап, жауын-шашын басталмай тұрып, жинап алдық. Шығымы жақсы болды, гектарына 22-18 центнерден жинадық. Осыған дейін егінді  3500 гектар жерге егетінбіз, енді 8 мың гектар жерге егуді жоспарлап отырмыз.

Қазір Оңғар ауылында тұрамыз. Қарамағымда 50-ден астам адам жұмыс істейді. Жұмысшыларға  бар жағдайды жасауға тырысамын. Мәселен, биыл Оңғар ауылында жұмысшыларға арнап 10 үйдің құрылысын бастадық. Малшы, механизаторларға еңбек еткеніне қарай 350 мыңға дейін жалақы төлеп отырмыз. Айлығын уақытында алып отырса, үйі болса, неге жұмыс жасамасқа? Еңбек еткен және кәсіп қылуға талаптанған адамды мемлекет ескерусіз қалдырмайды. Көмек береді. Ең бастысы, ерінбеу керек. 

Республика күнінде өңірдің экономикасы мен ауылшаруашылық саласын дамытуға қосқан үлесіміз ескеріліп, «Құрмет» орденіне ие болып жатырмын. Кәсіп ашып, оны дамытып жатқанымыз — егемен еліміздің, қолдап отырған мемлекетіміздің арқасы. Әрқашан аспанымыз ашық болсын!

Дабыл ЖАЛМАҒАНБЕТОВ,

«Энергосистема» ЖШС Ембі электр желілерінің учаскелік электр монтері

Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 38 жыл болыпты. 1985 жылы әскерден келдім де, осы жұмысқа орналастым. Содан бері Жағабұлақ ауылындағы №3510 қосалқы стансасында электр монтері болып еңбек етіп келемін. Электр желісіне жақын болуымның бір себебі — туған нағашымның осы салада еңбек етуімен тығыз байланысты. Марқұм нағашым Боранбай Қоблашев маған электр сымдарын қалай жалғауды, электр өрісіндегі оң және сол зарядты қалай ажыратуға болатынын, қауіпсіздік ережелерін — бәрін үйретіп, осы салаға әуес болуыма ықпал етті. Оның өзі де көп жыл электр монтері болып  еңбек етіп, зейнеткерлікке де осы саладан шықты. Мен де нағашымның жолын қуып, жаңадан келген жас мамандарға тәлімгер болып, білгенімді үйретемін.

Электр сымдарынан бөлек, жас кезімнен ат баптап, атбегілікті кәсіп етіп келемін. Асылтұқымды жылқыларды күтіп-баптап жүргеніме он шақты жылдың жүзі болды.

Мәселен, бәйге аттарының әрқайсысы өз мүмкіндігіне қарай жаратылады. Олардың күтімі жайында әңгіме — бөлек тақырып. Ат жалында өскен ұлттың ұрпағы болғандықтан, ауылда  өзіміз ғана ат баптап, бұл істі өзіміз ғана қолға алмай, соңымыздан ерген жас ұрпақты бұл кәсіпке баулығанды жөн көрдік.

Жағабұлақ ауылының балаларына атқа мініп, шабуды ғана емес, жіптен жүген өру, қайыстан ноқта жасау сияқты ат әбзелдерін өз қолымен жасауды да үйретеміз.

Республика күнінде ел Президентінің Жарлығына сәйкес, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Еңбегімнің бағаланып жатқанына қуаныштымын. Кеудемізде жанымыз барда еліміздің өркендеу жолында қызмет ете берейік. Республикамыз көркейе берсін!

Төремұрат ӘЛІПОВ, Байғанин ауданындағы «Асылзат» шаруа қожалығының басшысы:

— Мал шаруашылығымен айналысамын. Шаруашылықта асылтұқымды ірі қара өсіріледі. Сонымен қатар жылқы, түйе де бар. Ауыл шаруашылығы бағытында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ерекше қолдау бар. Бұған дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалының ықпалымен жылдық үстемеақысы төмен пайызда несие алып, ісімізді дамыттық. Техникаларымызды жаңалауға мүмкіндік болды. Жақында облыс әкімі мал шаруашылығымен айналысатын біз сияқты шаруаларға мал азығы үшін субсидия беру мәселесінің оң шешімін табатынын айтып қуантты. Қазір қысқа сақадай саймыз, жемшөп толығымен дайындалды. Мереке күні омырауыма тағылып жатқан «Ерен еңбегі үшін» медаліне қарамағымдағы он жұмысшының төккен тері мен еткен еңбегінің де үлесі мол демекпін.

Төлепберген НАЗАРБАЕВ, Шалқар аудандық ауруханасының рентгенолог дәрігері:

— Медицина саласында 1976 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бастапқы кезде теміржол ауруханасында қызмет еттім. Кейін ол аурухана жабылған соң қызметімді аудандық ауруханада жалғастырдым. Қазір зейнет жасында болсам да, медицинадан әлі қол үзгенім жоқ. Бұрынғыдай емес, қазір аудандардағы ауруханалардың материалдық-техникалық базасы әлдеқайда жақсарды. Айталық, былтыр орталық аурухананың емхана ғимараты күрделі жөндеуден өтті, қосымша медициналық құрал-жабдықтар алынды. Болашақта аурухана жанынан сауықтыру бөлімін ашу мәселесі қолға алынып жатыр. Қазіргі күні ауданда рентген аппараты жеткілікті. Стационарлық ғимаратта екі рентген аппараты орнатылған. Былтыр аурухананың метериалдық базасы сандық жүйедегі рентген аппаратымен толықты. Сонымен қатар емханада да тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалған. Шалғай ауылдардың халқы үшін жылжымалы флюорография жұмыс жасайды.

Бүгінде еліміз Әділетті Қазақстанды құру жолына бет бұрды. Сондықтан қай салада болмасын жастарымыз қазіргі заманға сәйкес дамып, қоғамға бейімделуі керек.  Ол үшін әрбір отандасымыз өз саласында адал еңбек етсе ғана айқын мақсатқа қол жеткіземіз.

Ұлттық мерекемізде «Ерен еңбегі үшін» медалі кеудеме тағылып жатыр. Бұл марапат ұзақ жылғы еңбегімнің нәтижесі де шығар, дегенмен өз басым мұны ұйымшыл ұжымымның сапалы медициналық қызметінің  жемісі деп түсінемін.

Асан САЛАМАТОВ,

Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы

Нағыз ер-азаматтарға тән мамандық батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген өрт сөндірушілердің құрал-сайманы сақадай сай, даярлықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі бұл іс мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін.

Өрт сөндіру саласында  2006 жылдан бері қызмет етіп келемін. №3 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші болып жұмыс істеймін. 7 жылдық еңбек өтілімде түрлі өрт оқиғаларының алдын алдық. Соңғы рет Көктем тұрғын үй алабында болған өртте баланы құтқарып қалдым. Түтінге уланған балаға алғашқы көмек көрсеттім.

Менің әріптестерім күн сайын тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқаруда көзсіз ерлікке барады. Бүгін, міне, еңбегім ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл біздің ұжымға берілген баға деп білемін.

Осы мерейлі күнде елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік тілеймін. Әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын!

Салтанат СӘЛІШҚЫЗЫ,

Әбіш Кекілбаев атындағы №72 жалпы білім беретін орта мектеп лицейінің  мұғалімі

Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы №72 жалпы білім беретін орта мектеп лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасаймын. 23 жылдық еңбек өтілімде көптеген ғылыми-әдістемелік оқулықтар жаздым. Оқулықтарым              Білім және Ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, мектеп кітапханаларына таратылды. Еңбек жолымда біраз жетістікке жеттім. 2013 жылы «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атандым.

Еңбегім ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Жас ұрпақты ізгілікке баулып, білім беретін, дұрыс жолға жетелейтін мамандық иелерінің еңбегі бағалана берсін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қайта оралған ұлттық мерекеміз  — Республика күні өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, рухымызды асқақтата түседі. Барша қазақстандықтарды осы ұлық мерекемен құттықтаймын!

Бибігүл БИМАНОВА,

«Aqtobe» телеарнасының шеф-редакторы

Бала кезімнен тележүргізуші болуды армандадым. Мектеп қабырғасында еңбек ете жүріп, көптеген ауқымды іс-шараларды жүргіздім. Кейін «Рауан» радиосында тәжірибе жинап, телеарнаға қызметке ауыстым. Менің асқақ арманым «Aqtobe» телеарнасында орындалды.Таңдауыма еш өкінбеймін.

Қазір «Aqtobe» телеарнасының шеф-редакторымын. Қолым қалт етсе, қоғамдық іс-шараларға араласамын.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына үлесімді қосып келемін. Алдағы уақытта да қоғамдық қызметтен тысқары қалмауға тырысамын.

Ұлттық мереке қарсаңында еңбегім ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл мерекенің маңызын өскелең ұрпақ жете түсінбеуі мүмкін. Сондықтан ұлттық мерекенің маңызы туралы іс-шаралар күндегіден әлдеқайда көбірек өткізілуге тиіс. Барша қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Арман ҚҰЛМҰХАНОВ, «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ турбина цехының ауысым бастығы:

— Жылу электр орталығында еңбек етіп жатқаныма отыз жылға жуықтапты. Қала тұрғындарын ыстық сумен, жылумен қамтып отырған кәсіпорында жұмысшылардың қауіпсіздігі басты назарда. Жаңадан салынған газ-турбиналы стансада халықаралық стандартқа сай соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Соған сәйкес бүгінде жылу электр орталығының жұмыс істеу қуаты да артты. Қазіргі күні мен қалаға берілетін ыстық су мен жылудың температурасын, мөлшерін бақылап отырамын.

Еліміз үшін айрықша мереке саналатын бұл күні «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып жатқаныма қуаныштымын. Біз сияқты қарапайым еңбек адамының жұмысын осындай құрметке лайық деп бағалаған ұжымыма, жергілікті басшылыққа айтар алғысым шексіз.

Серік АХМЕТОВ,

облыстық «Актюбинский вестник» газетінің жауапты хатшысы

Республика күнінде облыс әкімінің қолынан мемлекеттік марапат алып жатырмыз. Президент Жарлығына сәйкес, «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған 18 ақтөбеліктің бірі болғаныма қуаныштымын. Бұл — тек менің ғана еңбегімнің жемісі емес, ғасырдан астам уақыт өңіріміздің жылнамашысы болып келе жатқан облыстық басылымға берілген үлкен баға, зор құрмет деп білемін.

1974 жылы баспаханаға жұмысқа тұрып, еңбек жолымды сол жерден бастадым.  Сосын әскерде борышымды өтеп келіп, 1985 жылы облыстық «Актюбинский вестник» газетіне жұмысқа орналастым. Содан бері осы ұжымда еңбек етіп келемін. 2005 жылдан бері осы редакцияда жауапты хатшы қызметіндемін.

«Ерен еңбегі үшін» медалі — менің бірінші мемлекеттік наградам. Осындай мерелік сәтті пайдаланып, барша ақтөбелікті Республика күнімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа тек шаттық, бақ-дәулет тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болсын!

Д.Қазихан.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button