Мәдениет

Ақ тарының атасына арналған қойылым

Биыл тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған, еңбектегі ерлігін тіпті неміс жазушысы Бертольд Брехт шығармасына арқау еткен Шығанақ Берсиевтің туғанына 130 жыл толды. Осы мерейтойға орай Т.Ахтанов атындағы драма театрда  Ойыл халық театрының режиссері  Амангелді Жұманов пен  Мағзом Бақытжанов сахналаған «Шығанақ» атты спектакль көрсетілді. Пьесасын жазған — белгілі айтыс ақыны Нұрлыбек Қалауов.

Елдің бір үзім нан таба алмай, аштан қынадай қырылып жатқанын көзімен көрген Шығанақ атамыз: «Осыдан жазға аман шықсам, тары салармын-ау» деп күйзеледі. Шығанақ атаның рөлін халық театрының тарланы Аманкелді Жұманов сомдайды. Өте қарапайым, сөзге жоқ, қарамағындағыларға дауыс көтеріп сөйлемейтін, елге сыйы бар тарышының шынайы бейнесін тануға болады. Егін бітік шықса деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Шығанаққа  тілекші жандар да, іштарлығын жасыра алмайтын қызғаншақтар да бар. Мол егінді суаруға қол күші жетпей жатқанда, қазақшасы тым тәуір Шодыр (Берікбол Қарағұлов) тарышының ауылына мотор алып келеді. Бұрын-соңды мотор дегенді көрмеген халықтың әңгімесі  күлкі туғызады. Жұмысты істеуін істегенмен, жағымсыз бірдеңе айтпаса іші кебетін Жарасбай рөлін Ешпанов Боранбай жақсы келтіреді. Көрермен оны  біресе жек көріп, біресе іш тартып отырады. Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталғанда халық теңселіп кетеді. Ер-азаматтарын майданға аттандырған сәт толқытады. Шығанақтың өз баласын емес, бір үйдің бас көтерер жалғыз ұлын майданға жібермей алып қалғаны оның адамшылық қасиетін аша түседі. Соғыс кезінде арбакеш болған 9-10 жасар буыны қатпаған балалар кейпінде  мектеп оқушылары Нұрқат Мұхамедияров пен Ақниет Боранбайұлы көрінеді. Көпшілік сахнада көбіне жас өнерпаздар ойнайды. Олардың бәрі Шығанақ образының ашылуына үлкен үлес қосады, әңгімелері де, әндері де шынайы шығады. Жастардың өнерге деген іңкәрлігі бал-бұл жанған жүздерінен көрініп тұр. Кәсіби шеберліктері жетісіңкіремей жатса да, ықыластары керемет. Халық спектакльді жақсы қабылдады. Шағын қойылым ешкімді зеріктірген жоқ.

Ойыл халық театрын 40 жылдан бері өрге сүйреп келе жатқан Амангелді Жұманов ағамыз былай дейді: «Бұл Шығанақ Берсиевтің  125 жылдығында қойылған спектакль, биылғы мерейтойға қайта дайындап алып келдік, актерлер құрамы өзгерді.  Осыдан бес жыл бұрын әкелгенде сахнаға шыққан бұрынғы адамдардың көбі жоқ, жасарған ұжыммен келдік. Жастарды сахна өнеріне баулып жатырмыз.  Театрымыз жұмыс істеп тұр, арасында спектакльдер қояды. Шығанақ атамыз туралы спектакльдің жас ұрпаққа пайдасы көп, көзімен көріп, құлағымен естіп, ол кісінің кім екенін, елге қандай еңбегі сіңгенін біледі, үлгі-өнеге алады. Біздің мақсат та сол атамыздың еңбегін елге таныту».

Спектакль ойылдық өнерпаздардың концертіне ұласты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button