Ақпараттық технологиялар — қоғам дамуының өзегі

«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз — Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауынан.
Облыста цифрландыру жүйесі қалай жүргізіліп жатыр?
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының сәтті іске асырылғаны белгілі. Соның арқасында көптеген құжатты, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға қол жеткіздік. Бұл ең әуелгі кезекте уақыт жағынан тиімді. Басқа да игіліктері жетіп артылады…
Осы орайда біз облыстағы денсаулық сақтау, білім және құқық қорғау салаларындағы цифрландырудың қалай жүзеге асырылып жатқанын білген едік…
Цифрлық медицина: Ақтөбедегі көрсеткіштер
Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, бір сөзбен айтқанда, цифрлық жүйе денсаулық сақтау саласында да ерекше маңызға ие. Дәрігерлер соңғы жылдары «цифрлық медицина» терминінің кеңінен қолданылатынын, бұның қай тарапқа да тиімді екенін айтады. Мәселен, тек «Damumed» қосымшасына Ақтөбе облысы бойынша 925375 адам тіркелген. Аталған ақпараттық технологияның игілігін негізінен, әрине, қалалықтар көріп жатыр.
Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында ақпараттық технологияларды қолдану — тек жаңашылдық емес, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыратын, инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін, дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін құрал. Күннен-күнге медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары, Egov мемлекеттік порталы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу, үйге шақыру, медицина ұйымына тіркелу сынды қызметтерге жүгінетіндер артып келе жатыр.
— Цифрлық медицина — ақпараттық технологияларды біріктіру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігі үшін бағытталған жұмыстың жаңа жүйесі. Бұл қаралушылардың өмір сапасын жақсартуға да септігін тигізеді. Өйткені ең бірінші кезекте уақыт жағынан тиімді. Цифрландырудың арқасында дәрігерлер де қағазбастылықтан арылды. Қазіргі таңда барлық медициналық мекемеде құжат айналымы толығымен электронды түрде жүргізіледі.
Қазір «Жедел жәрдем» дәрігерлері шақыртуға келген мезетте-ақ планшеттің көмегімен науқас туралы мәліметтерді көре алады. Емделушілер анализдердің нәтижелерін алу үшін бұрынғыдай ауруханаға бармайды, барлығы пациенттің электронды денсаулық паспортына автоматты түрде енгізіледі. Адамның денсаулығы туралы барлық негізгі ақпарат, медициналық ұйым пайдаланатын медициналық жүйеге және медициналық мекемеге қарамастан, бір құрылымдық дерекқорда жинақталған.
Биылғы 9 айда облыс тұрғындарына 5 миллион медициналық қызмет көрсетілсе, соның 174 мыңнан астамы қашықтан, яғни цифрлық форматта берілді, — дейді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы облыстық филиалы директорының орынбасары Рано Анарбаева.
Осы тұста жасанды интеллект, заманауи компьютерлік бағдарламалар бойынша жұмыс істейтін PACS жүйесін ерекше атап өткен абзал. Бұл — диагностикалық кескіндерді мұрағаттау және беру жүйесі. Оның көмегімен цифрлық рентгенологиялық зерттеулер, цифрлық маммографиялық зерттеулер, ультрадыбыстық жүйелер, компьютерлік томографиялық зерттеулер, магниттік-резонанстық-томографиялық зерттеулер, ангиографиялық зерттеулер, т.б. жасалады. Жаңа цифрлық технология емделушінің ауруы туралы зерттеу-талдауларды бір жерден көруге мүмкіндік береді.

Білім саласындағы электрондық формат: кезекке қою, аттестаттау, бағалау
Білім беру саласында да цифрландыру аясында балаларды балабақшаға кезекке қоюдан бастап, барлығы электрондық форматқа көшкен.
— Өңірде мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға кезекке қою, жолдама алу процесі Ақтөбе қаласы үшін balabaqsha.akt.kz порталында және аудандар үшін eaktobe.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Яғни ата-ана үйде отырып, электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы осындай шаруаларды реттей алады. Электронды портал арқылы 2018 жылдан бері 80 мыңнан астам жолдама берілді.
Сол сияқты негізгі және орта білім беру ұйымдарына оқушылардың құжаттарын қабылдау үшін арнайы ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бұл үшін egov.kz порталы арқылы өтініш берілсе, білім беру ұйымдары mektep.akt.kz порталы арқылы бәрін өңдеп, құжаттарды қабылдайды.
Ал eportfolio.kz ақпараттық жүйесі арқылы педагогтерді аттестаттау жүргізіледі. Биыл бұған 4263 мұғалім өтініш берді, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Қанат Иманғалиев.
Оның айтуынша, өңірдегі 403 мектеп ғаламтор желісіне қосылған. Оның 194-іне талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылыпты. Өкінішке қарай, шалғайдағы 4 білім мекемесі — Матайқұм орта мектебі, Т.Айбергенов атындағы орта мектеп, С.Жиенбаев атындағы орта мектеп және Шалқар ауданындағы М.Орынбасаров атындағы негізгі мектептің техникалық мүмкіндігі кемшін боп тұр…
Бір қуантарлығы, Ақтөбедегі 35 мемлекеттік және 6 жеке мектепте 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, web-сайттарды құру бағдарламалары бойынша оқытатын 41 IT сынып бар. Сонымен қатар жас талаптарды бағдарламалауды, дизайн мен робототехниканы неғұрлым байыпты оқуға шабыттандыру, балаларды сыни ойлауға үйрету және сандық технологияға қажетті дағдыларды дамыту мақсатындағы 108 робототехника кабинеттері жұмыс жасайды.
— 2023-2024 оқу жылдарында шағын жинақты мектептерді қолдау, олардың білім сапасын арттыру мақсатында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы бастау алды. Жоба 134 шағын жинақты және 12 тірек мектебін қамтиды. Мақсат — шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту.
Жобадағы 12 тірек мектебінің 1-нің (Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебі) өткен жылы материалдық-техникалық базасы жаңартылған болса, қазіргі уақытта 11 білім мекемесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары 84 пайызға аяқталды, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы.
Мұнымен бірге биылғы оқу жылынан бастап өңірдегі барлық жалпы білім беретін мектептер OnlineMektep платформасының «BilimClass» электронды журналы бойынша жұмыс істейді. Платформа арқылы, 1-11 сыныптарға арналған білім беру бағдарламасына сәйкес 40 пән бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі 26 мыңнан астам дайын цифрлық сабақ және 600 мыңнан астам интерактивті тапсырма ұсынылады. Қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бағытталған Darabala.kz платформасы және бар. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін «Platonus-Электрондық колледж» ақпараттық жүйесі қарастырылған.

Қауіпсіздікті қадағалап, құқықбұзушылықтың алдын алады
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы автоматтандыру және электронды қызмет көрсету тобының аға инспекторы Мұрат Ақпалиновтің айтуынша, биыл ғана патрульдік автокөліктерге 360° панорамалық бейнетіркеумен және көлік құралдарының жылдамдығын анықтайтын 15 мамандандырылған мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен сатып алынған. Бір сөзбен айтқанда, сандық технология жыл санап артып келе жатыр.
— Биылдыққа аталған цифрлық технологияның арқасында 11 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтың жолы кесілді, 130 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, осындай заманауи қондырғылар қолданысқа берілгеннен бері Ақтөбе қаласында жол ережелерін бұзу фактілері 80 пайызға төмендеді. Одан басқа полиция департаментінде жылдамдықты бақылайтын интеллектуалды 11 «Рубеж», 7 «Мираж», 3 «Интегра» бейнекамералары жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен жыл басынан бері 16 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, 168 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бүгінгі таңда «Қауіпсіз қала» жол картасы аясында 2974 бейнебақылау камерасын, соның ішінде 94 желілік учаске мен қиылыстарда, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды және жылдамдықты анықтау функциясы бар 552 камераны орнату және қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді Мұрат Ақпалинов.
Сондай-ақ Ақтөбеде автокөлікті автоматты бейнебақылаудың мобильді құрылғысы — «АвтоУраган-МС» кешені де жұмыс істейді. Мұнда 6 бейнекамера бар. Құрылғының корпусындағы камералар бүкіл қоршаған кеңістікті толық айналмалы бейнебақылауға мүмкіндік беретін етіп орнатылған.
— Кешендер бейнемодуль формасымен жабдықталып, радиолокациялық модуль, негізгі алдыңғы камера және жұмыс істеу жылдамдығымен ерекшеленеді. Олар құрылымдық жағынан бірыңғай шаңға-ылғалға төзімді корпустан жасалған. Бейнемодуль корпусында негізгі алдыңғы камера, қосымша камералар, инфрақызыл жарықтандыру модульдері, ГЛОНАСС/GPS қабылдағышы, радиолокациялық модуль (модификацияға байланысты), деректер модулі және өнеркәсіптік компьютер орнатылған. Соның арқасында машинаны кез келген жағдайда түсіруге мүмкіндік бар. Ең бастысы, қарсы бағыттағы, жанындағы, қысқасы, жақын маңдағы бүкіл машиналар назарға алынады. Кешендегі бейне патрульдік көліктің салонында орнатылған планшетте көрсетіледі, — дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы автоматтандыру және электронды қызмет көрсету тобының аға инспекторы Мұрат Ақпалинов.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



