Басты жаңалықтарМереке

Ержүрек азаматтардың мерекесі

Құтқарушылар күні

Кеше Қалалық мәдениет үйінде құтқарушылар күніне арналған мерекелік жиын өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қатысты.

Қалалық мәдениет үйінде өткен шара Әнұранмен басталды. Одан кейін жиналғандар адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп, құрбан болған құтқарушыларды бір сәт үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады.

— Президентіміз құтқарушылар туралы: «Шын мәнінде, бұл – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі», — деген болатын. Сол сияқты батыл қадам жасау, тез арада шешім қабылдау, өз өмірімен санаспай, басқа адамдардың өмірін құтқару — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан жауапты және жоғары абыроймен атқарып келе жатқан миссияларыңызға халықтың және өз атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қай кезде де апат айтып келмейді. Сол себепті кез келген апатқа, қиындыққа төтеп беру — үлкен ержүректіліктің белгісі. Сіздер осындай қиын-қыстау кезде жұмылып, үздіксіз еңбек етіп келесіздер. Бүгінгі мерекеде осынау қиын да қатерлі жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, — деді А.Шахаров.

Өз сөзінде облыс әкімі биыл төтенше жағдайлар департаментін арнайы техникамен қамтуға бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, 9 айдың ішінде өңірдегі құтқарушылар мыңға жуық авариялық-құтқару жұмыстарына шыққанын, соның нәтижесінде 700-ге жуық адам құтқарылып, 2700-ден астам тұрғын қауіпсіз жерлерге көшірілгенін атап өтті.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы бір топ департамент қызметкерін Алғыс хатпен марапаттады.

Бұдан кейін шарада Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың бейнеролик арқылы құттықтау сөзі тыңдалып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Салтанатты шарада Қобда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Руслан Суликанов пен кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Азамат Шамақов Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен, жедел-құтқару жасағының бөлімше жетекшісі, құтқарушы Сергей Супрун «Құтқарушы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бір топ адамға Төтенше жағдайлар министрінің Грамотасы және Алғыс хаты табысталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button