Басты жаңалықтар

Мемлекеттік идеология дегеніміз — Конституция

30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 16 жыл толады. Мемлекеттегі тұрақтылықтың кепілі, елімізде қабылданатын заңдардың темірқазығы — Ата Заңымыздың төл мерекесі қарсаңында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталымен сұхбаттасқан едік. Мархабат…

Конституция және ұлттық идея

Біз үнемі «мемлекеттік идеология жоқ, мемлекеттік идеологияны жасау керек» деп айтып келеміз. Ал, шын мәнінде, мемлекеттік идеология дегеніміз — Конституция. Конституцияның әрбір бабының астарында осы мемлекеттің идеологиясы жатыр, бірақ ешбір мемлекет Конституциясын мемлекеттік идеология деп айтпайды. Бірақ ішкі саясат та, сыртқы саясат та, әлеуметтік саясат та, тәжірибе жұмысы да Конституциядан шығады. Сондықтан, Конституция — Ата Заң, Заңның Заңы, мемлекеттің идеологиясы.

Біздің бүгінгі «мемлекеттік идеология жоқ» деп жүргеніміздің астарында баяғы Кеңестер дәуіріндегі идеологияны аңсау жатыр. Әуелі бір идеология, модель жасап, белгілі бір қоғамның суретін салып, содан кейін сол қоғамды сол суретке қарай икемдеу, керек болса, тіпті күштеп икемдеу идеологиясы Кеңестер заманында болды.

Конституция және конституциялық тәрбие

«Конституциялық тәрбие» деген ұғым бар. Демократиялық қоғам құрып жатқан жас мемлекет үшін бұл — маңызды мәселе. Мысалы, 1945 жылы неміс фашизмі күйрегеннен кейін Германияда билік басына келген адамдар: «Біз фашизмнің тоталитарлық жүйесінен шықтық, біраз уақыт демократиялық тәрбиеден айырылып қалдық. Енді жаңа Германия құру үшін біздің азаматтар жаңа конституция құрып, өткенінен арылу керек», — деген мақсат қойды.  Халықты тоталитарлық санадан арылтты.

Көптеген елдер оқу орындарында Конституцияны жеке пәннің бірі ретінде оқытады. Заңын сыйламайтын, білмейтін маман ертеңгі күні еліне зиян келтіреді деп есептейді.

Шын мәнінде, еліміздегі келеңсіз жағдайлар Конституцияны білмегендіктен, сыйламағандықтан болады. Біздің Ата заң батыстық модельден алынған дегеннің өзінде тамырына үңілуіміз керек. Белгілі шығыстанушы Левшин қазақ халқында ата заңның барлығын, оның қазақ қоғамының қалыптасуына тигізген әсерін, қоғамдағы билердің рөлін және адам құқығын сыйлау, адамдар арасындағы теңдікті таңданып жазды. Ресей отарлауы тоқтап, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін сол қол үзіп қалған асылымызды есімізге түсірдік.

… Мені қатты ойландыратыны — депутат болған кезімде де, жоғары оқу орындарында сабақ беріп жүргенде де, байқағаным — халықтың Конституцияны білмейтіндігі. Өйткені оқымайды, зердесіне тоқымайды. Жоғары оқу орындарында қандай мамандықтарға маман даярласа да, Конституцияны дұрыс оқытпайды. Өкініштісі, біздің елде Конституция жастардың санасына сіңіріліп жатқан жоқ. Ата Заң қағидаларын тек болашақ заңгердің ғана емес, барлық жастардың санасына сіңіруіміз керек. Қазақстан Республикасының Конституциясы «Қазақстан халқының тарихы» секілді аса құрметті пән болуы тиіс. Сонда біз жастардың бойына мемлекеттік идеологияны да, құндылықтарды да сіңіреміз.

Конституция мен өмір арасындағы алшақтық

Бізде ғана емес, барлық елдердің де конституциясы мен нақты тарихи жағдайы арасында алшақтық бар, қай қоғамда да, қай елде де пікірталас жүріп жатады. Рас, Кеңестер дәуірінде бір ғана Кеңестік Конституция болды. Кеңестер Одағы ыдыраған соң жағдай өзгерді. Бұл, әсіресе, сыртқы жағдайға қатысты. Армения мен Әзірбайжанның арасындағы, Грузиядағы, Молдавиядағы жанжалдар, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы Ресейдегі атыс-шабыс бәрімізге белгілі. Осының барлығы жас мемлекеттердің әлі де болса қоғамдық қатынастарды қалыптастыра алмай, конституциялық негізге бас июдің жетпей жатқандығынан болды.

Тағы бір мысал — АҚШ конституциясын қабылдағанда онда барлық адам құқығы бірдей деп көрсетілген. Бірақ нақты өмірде қара нәсілділер мен ақ нәсілділер тең болмаған. ХVІІІ-ші ғасырдан бастап қара нәсілділер теңдік үшін күресті. Ақ нәсілділер менсінбей, дискриминацияға ұшыраған негрдің тұқымы 2008 жылы АҚШ-тың президенті болады деген ой ешкімнің ойына кіріп-шыққан жоқ. Ал бұл — адамды сыйлау құқынан туған көрініс. Бұдан шығатын қорытынды — Конституция мен өмір арасындағы алшақтықтықтың азаюына уақыт қажет. Конституция бүгінгі күн мен болашаққа арналып жасалғандықтан, онда өмірдегі жағдаймен алшақтықтың болуы заңды құбылыс.

Екіншіден, конституцияны жүзеге асыру — биліктің ғана емес, әр азаматтың шаруасы, оның саяси мәдениетіне байланысты дүние. Қазір бізде азаматтық қоғам толық қалыптасты деп айта алмаймын, ол қалыптасса, әділетсіздікке қарсы тұрар еді. Бір мысал — 2003 жылы АҚШ-тың Лотт есімді бір сенаторы үлкен пікірталаста «негр» деген сөзді айтып қалады. Америка қоғамы үшін «негр» деген сөз — қара нәсілді азаматтарды шеттету, кемсіту, нәсілшілдіктің белгісі, ол сөзді мәдениетті американдық, соның ішінде сенатор айтпайды. Нәсіліне тиіспей, «африкандық американдық» деуі керек. Сенатордың «негр» деген сөзін қолданғанын сол бойда журналистер таратып жібереді. Содан соң әлгі сенатор: «Менің сенатор болуға құқым жоқ, себебі декларацияда жазылған басты құндылықтарды бұздым», — деп отставкаға кеткен. Американдық сенатор қателік жіберді, сонымен қоса кісілігін де көрсетті. Бұл — саяси-құқықтық мәдениеттің көрінісі.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, конституцияны жүзеге асыру — биліктің ғана емес, әр азаматтың шаруасы. Біздің саяси-құқықтық мәдениетіміз төмен. Кейбір жоғары лауазым иелері өздерін бұқарадан жоғары санап, олардың мүддесіне жүрдім-бардым қарайтынын көріп жүрміз. Бұл барып тұрған әсіре топастық, кешірімсіз тоғышарлық. Десек те, қытай философы Конфуций «елдің басында, тіпті, әділ билеуші тұрғанның өзінде бірнеше ұрпақ алмаспай, елдің санасы, мәдениеті жаңармайды» деген екен. Демек, біз де жаңарып үлгере алмай жатырмыз…

Конституция және оған енгізілетін өзгерістер

Екі мемлекеттің — АҚШ пен Де Голльдің тұсында жасалған Францияның Конституциясы — мазмұнының тереңдігі жағынан, іргелік жағынан мықты конституциялар. Қағидаттары өзгере бермейді. Сондықтан, қандай да бір жағдайларда Конституцияны өзгерте бермей, басқа жолдарды іздеп табады. Негізінен Конституцияны өзгертумен әуестенуге болмайды. Өзгертпейінше болмайды, жағдай мәжбүр етеді, басқа шара жоқ деген жағдайда ғана Конституцияны өзгертуге болады.

Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституциясын өзгертуге мәжбүр болдық. Оның себебі бар. 1993 жылы алғашқы Конституциямызды қабылдаған кезде, ашығын айту керек, Қазақстан территориясында тұратын әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өздерін «біз осы елдің азаматымыз» деп есептемегені ақиқат. Сол кезде Ресеймен 7500 шақырым қашықтықтағы шекарамыз нақтыланбаған-ды, Қытаймен де шекарамыз шегеленбеген болатын.

Рас, алғашқы Ата Заңды қабылдаған уақытта ішкі, сыртқы жағдайды ескердік. Бірақ бірінші Конституцияда нақты шындықпен есептесуден гөрі демократиялық романтизм басым болды. Біз нарықтық экономикаға да, демократияға да, көптеген бостандықтар мен адам құқықтарына да оп-оңай жете қоятын секілді көрдік. Шын мәнісінде, Конституцияда ондай құндылықтар аталғанымен, елді бір билікке шоғырландырмай, бұл территорияда жаңа мемлекет құру мүмкіндігі күмәнді болды. Сондықтан, біз 1995 жылы Президенттік басқару нысанындағы мемлекетке айналдық. Енді атқарушы билік те, заң шығарушы билік те, сот билігі де сол Президенттік басқару нысанына бағынышты болды. Соның арқасында елді топтастыра алдық.

Уақыт өте келе, 2003-2004 жылдары: «Осы күнге дейін билікті бір қолда ұстай береміз бе, әлде президенттік басқару нысанындағы биліктен бірте-бірте парламенттік билікке көшеміз бе, қандай қадамдар жасаймыз? Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы жағдайдан қазіргі жағдай бөлек. Соған қарай Конституцияға қандай өзгерістер енгізу керек?» — деген мәселе алдымыздан шықты. Талқылау нәтижесінде 2007 жылы Конституцияға азды-көпті демократиялық өзгерістер жасалды.

Конституция және адам құқығы, азамат құқығы

Конституцияның бірінші бабында мемлекеттің ең басты қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылғанын білеміз. Бірақ сол адамның құқықтары мен бостандықтарының үнемі сақтала бермейтінін көріп жүрміз. Адам құқығы — біздің санамызға әлі терең сіңбеген құндылық. Өйткені, азаматтық қоғам қалыптастыруға әлі толық үлгере алмай жатырмыз. Ата Заңымызда адам құқығы да, азаматтық құқық та толығымен қорғалатындығы атап көрсетілген. Ол құндылығымызды іс жүзінде пайдалануға келгенде тым енжармыз, белсенділігіміз өте төмен. Десек те, уақыт көшімен барлығы орнына келеді деп ойлаймын.

Адам құқығы және азамат құқығы… Айта кететін жайт, біз көбіне осы екі ұғымның ара-жігін айыра алмай келеміз. Көптеген халықаралық ірі ұйымдардың тұжырымдамасы бойынша мынандай бір пастулат бар: «Кез келген азамат — адам, ал кез келген адамның барлығы бірдей азамат емес…»

Жалпы халықты айтпағанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы дамыған мемлекеттерде жеке адамдар түгіл, көптеген заңгерлердің өзі адам құқығы мен азамат құқығын ажырата алмайды. Бүгінгі қателіктердің көпшілігі осы адам құқығы мен азамат құқығын ажыратуды білмегендіктен болып жатыр.

Мысалы, біздің елде шетел азаматтары, Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген адамдар бар. Міне, осылар Қазақстан азаматтарына берілген құқықтарды пайдалана алмайды. Бірақ адам құқықтарын пайдаланады. Сондай-ақ сырттан келген бауырларымыздың Қазақстанның азаматтығын алғанға дейін мәртебесі басқа болса, азаматтық алғаннан кейін ол өзгереді. Елімізде адам құқықтарын пайдаланып, тұрып жатқандардың өмір сүруіне кепілдік беріп, сақтауымыз керек. Сондықтан, кезкелген азамат — адам. Біз өз елімізде әрі адам құқығын, әрі ел азаматтарына берілген құқықтарды пайдаланамыз және сол құқықтарымызбен өмір сүруге тиіспіз. Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары Республика Конституциясынан бастап көптеген заңдарда жазылған, оның басқа елдердің заңдарынан кем болуы да мүмкін, артық болуы да мүмкін. Қалай десек те, ол — Қазақстан азаматтарының құқықтары!

Конституция және 7-бап

Конституцияда ұлттық идея бар. Бірақ мен азамат ретінде Конституцияның бір ғана бабымен келіспеймін. Ол — Конституцияның 7-бабының 2-тармағы.

Осы бап бойынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі, сонымен бірге мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі атқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Осыған байланысты кезінде Мұхтар Шаханов екеуміз Конституциялық кеңеске сауал тастағанымызда, мемлекеттік тілдің мәртебесі бәрінен де жоғары екеніне түсіндірме жасалған болатын. Орыс тілінің мәртебесі конституциялық деңгейде төмен. Дегенмен қоғамдық пікір бүге-шігесіне дейін саралай бермейді. «… Тең қолданылады» деген сөзге жармасады. Шын мәнісінде, мемлекеттік тіл — біреу.

Әрине, біздің елдің ұлттық құрамы, көршіміздің ықпалы Конституцияға ықпал етпеді деп айтуға болмайды. Менің Мексиканың ХХ ғасырдың басындағы президенті Порфирио Диастың «О, Мексика, құдайдан қандай қашықсың, Америкаға қандай жақынсың» деп зарлай айтқан сөзін жиі қайталайтыным бар. Бұл сөзді Американың ықпалынан, экспансиясынан жаны қиналғанда айтса керек. Сол сияқты біз де «Құдайдан қашық болсаң да, Ресейге жақынсың» деп, геосаяси жағдайды ойлап, осы бапты енгізіп қойған шығармыз…

Дегенмен, қазіргі мәселе — аталған бапта ғана емес, нақ бүгін осы баптан қазақтың намысы жоғары болуы керек. Намысты қамшылау керек!

Жазып алған М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button