Құқық қорғау саласындағы цифрландыру жүйесі: қалада кез келген тәртіп бұзу дерегі енді тез анықталады

«Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер.
Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз — Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ биылғы Жолдауынан.
Уақыт ағымымен технологияның барлығы қарыштап дамып жатыр. Қазір үйге қажетті азық-түліктен бастап, киім-кешекті, тұрмыстық бұйымдарды, бәрін онлайн режимде алуға болады. Сол сияқты қоғамның көптеген салалары цифрлық жүйеге ауысу үстінде. Айталық, бұрынғыдай хаттама толтырып, жол бойында тұратын полицейлер некен-саяқ: цифрландыру саясатының арқасында бейнекамералар бұны автоматты түрде жасайды. Бұдан бөлек құқық қорғау саласында қылмыстық істер электронды формада жүргізілсе, криминалистика қызметінде де жұмыстың дені заманауи технологияның көмегімен атқарылады.
Біз Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтен өзі жетекшілік ететін саладағы цифрлық трансформация және ақпараттық технологиялардың іске асырылуы жөнінде білген едік…
4536 камера,10770 құқықбұзушылық
Ақтөбе қаласының бас полицейінің айтуынша, жаһандану заманындағы цифрлық технологияның озық үлгісі — бейнебақылау жүйесі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген заңсыз әрекетті тез арада тіркеуге де мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл қызметкерлердің жұмыс сапасын бағамдап, ішкі істер органына қарасты ғимараттардағы жалпы жағдайды бақылауға, басқа да қулық-сұмдықтарға жол бермеуге көмекші құрал. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы полиция басқармасының 4 қалалық полиция бөлімінің ғимараттарының дәлізінде және қызметтік кабинеттерде бейнекамералар орнатылған. Тәулік бойы жүргізілетін мұндай бақылаудың арқасында биылдыққа күдіктілерді азаптау дерегі тіркелмеген. Мұнымен бірге барлық полиция бөліміндегі кіреберіске скуд —заманауи қондырғы қойылған. Бұл автоматтандырылған жүйе ішке бөгде адамдардың кіруіне жол бермей әрі қызметкерлердің қашан кіріп-шыққанын көрсете алады.

— Біздің полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығында 208 камера жұмыс істеп тұр. Смарт-сити бейнекамерасы қаланың 102 жерінде қосулы. Ал «Қазақтелеком» бақылау жүйесі 1168 орында, негізінен, үйлердің маңында орнатылған. Қару-жарақ дүкендері, 6 арнаулы орта оқу орны, 154 мектеп пен 12 балабақшада да осылай бақылау жүргізіледі. Қоқыс жәшіктері, ірі көңіл көтеру орталықтары, ойын-сауық орындары, басқа да көпшілік жиналатын жерлер бейнебақылаумен қамтылған. Шаһар бойынша барлық бейнекамераның саны — 4536.
Осындай цифрлық жүйенің арқасында биылғы 9 айда 78 қылмыс ашылып, 10770 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, — дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев.
Қылмыстық істер электрондық форматта қаралады
ҚР Бас прокурордың бұйрығына сәйкес, Ақтөбе қалалық полиция басқармасыжәне оған қарасты 4 полиция бөлімі қылмыстық істерді электрондықформатта жүргізуге көшкен. Айталық, жыл басталғалы 6946 қылмыстық іс тіркелсе, соның 6763-і электрондық форматта тергеліп жатыр. Яғни қылмыстық істердің 97,4 пайызы қағазбастылықтан арылған.
— Қазіргі уақытта электрондықформада қылмыстық істі тергеу тиімді екені іс жүзінде көрінді. Тергеушілермен анықтаушылар өз өндірісіндегі қылмыстық істі тергеу кезінде — құжаттарды дер кезінде салуда, тергеу әрекеттерін тез арада жүргізуде, күдіктіге электрондық форматта қорғаушы тағайындаудауақыт ұтады.
Сонымен қатар биылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 199-бабы 3-бөлігіне өзгерту мен толықтырулар енгізіліп, тергеу әрекеттерінің бәрі бейнетаспаға түсіріліп, бұрынғыдай жазбаша формада ештеңе жазылмайды. Жазылса да тек қысқа хаттама толтырылады.
Жалпы, бейнетаспаға түсірілген дүниенің қай жағынан да жақсы тұсы көп. Бұл әу баста берілген жауапты өзгертпеуге, басқалай әрекеттерге бармауға түрткі бола алады. Мамандар да бұның тиімді жағын уақыттың өзі дәлелдегенін айтып жүр, — дейді Ә.Қалиев.
Жедел криминалистика бөлімі: автоматтандырылған жүйелердің пайдасы
Соңғы 20 жыл ішінде ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде адам қолымен атқарылатын қызметтің барлық саласына заманауи технологиялар енгізілгені белгілі. Криминалистика қызметінің жұмысында да іздерді табу мен алудың ескірген тәсілдері, зерттеулер жүргізудің және криминалистикалық есептерді қалыптастырудың дәстүрлі әдістері инновациялық технологияларға алмастырылды. Сөйтіп, құқық қорғау органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйелерге басымдық берді. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері мен криминалистикалық зерттеулер жүргізу кезінде заманауи ғылыми-техникалық құралдар қолданылады. Бұл — кез келген қылмыстың ізін суытпай ашуға бірден-бір көмек. Сұхбаттасушымыздан білгеніміздей, жедел-криминалистикалық есепке алу, картотекалар мен коллекциялардың қылмыстарын ашу, жалпы тергеу барысында АДАЖ «Папилон-7» жүйесі іске асырылады.Облыстық полиция департаментінде аталған автоматтандырылған дактилоскопиялық сәйкестендіру жүйесі қажетті ақпарды тіркеп, өңдеп, салыстырып және сәйкестендіру процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұның арқасында кез келген көлемдегі және әртүрлі нысаналы бағыттағы дактилоскопиялық деректер базасы құрылады.
Портативті бейнетіркегіш онлайн режимде жұмыс істейді
Цифрландыру саясаты аясында патрульдік полиция батальоны да жаңа, соңғы талаптарға жауап беретін құрылғылармен қамтылған. Сол арқылы тұрғындардың тәртібін ғана емес, полицейлердің қызметтік этикасын қадағалау көзделіпті.
— Бір ғана мысал, портативті бейнетіркегіштер айналадағы жағдайды аудио-видеоға жазумен шектелмей, әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды тіркеуге де арналған. Сонымен қатар патрульдік полицияның қызметтік міндеттерін атқару кезінде, атап айтсақ, жасақтың патрульдеу бағытынан ауытқуын болдырмау, байланыс құралдары мен бейнетіркегіштердің ажыратуын және оқиға орнына уақтылы келмеуінің жолын кесу мақсатында пайдаланылады. Бейнетіркегіштердің жаңа түрібөлімше басшыларына бейнежазбаны қашықтан қосылып-ақ,онлайн режимде көруге мүмкіндік береді. Осылайша басшылық жеке құрамға бақылау жүргізе алады.
Портативті бейнетіркегіштерден басқа, қызметтік автокөліктерде көлік құралын фото-видеоға түсіріп, сол арқылы қозғалыс жылдамдығын өлшейтін борттық құрылғылар бар.
Автокөліктің ішінде аудио-бейнежазба жүргізу барысында қызметкер мен құқық бұзушының әрекеті, соның ішінде әкімшілік хаттама толтыру және құқық бұзушыны полиция бөліміне жеткізгенге дейін барлығы таспаланады.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап Ақтөбе қаласы полиция басқармасының қызметкерлері планшет арқылы әкімшілік құқықбұзушылықтардың әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі базасы бойынша электрондық хаттамаларды толтырады. Ол үшін құқық бұзушының жеке сәйкестендіру нөмірі жазылса жеткілікті. Жасыратыны жоқ, бұрын қағаз жүзіндегі хаттаманы толтыру кезінде құқық бұзушылардың сауалнамалық деректерін жазуға, адам мен оның көлігін іздестіру бойынша ақпаратты, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылықтың қайталануын тексеруге көп уақыт кететін. Электрондық форматқа көшу бұл процесті 1 сағаттан 10 минутқа дейін қысқартты. Жыл басынан бері біздің жасақтың жігіттері 57 019 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады, — дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев.
Осы орайда былтыр Ақтөбе қаласында орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ететін Кибер-Шериф (автоураган) аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылғанын айта кету керек. Кешеннің мүмкіндігі зор. Автоматты түрде автокөліктің салонындағы адамдарды тануға, іздестіру базасына көлік құралдарының нөмірлерін жедел қосуға, қаланың жолдарында рұқсат етілген жылдамдықтан асып кету фактілерін анықтауға жәрдемдеседі. Жыл басынан бері жоғарыда аталған жүйе арқылы 222 519 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



