Мәдениет

Алматылық актерлердің шашуы

Театр

Өңірімізге гастрольдік сапармен келген Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 3 спектаклін ұсынды. Труппа көпшілікке белгілі «Махаббат, қызық мол жылдар», «Болмаған балалық шақ» және «Кішкентай ханзаданың оралуы» қойылымдарын сахналады.

6-8 қазан күндері Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ине шаншар жер болған жоқ, спектакльдің барлығы аншлагпен өтті. Әсіресе жастар баянсыз махаббат туралы сыр шертетін Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» спектакліне (режиссері — Ф.Молдағали) көптеп барды. Көп ішіндегі жалғыздық, жетім баланың жан күйзелісі туралы А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасын(режиссері — Ф.Молдағали) да театр сүйер қауым жылы қабылдады.

— Жылдық жоспарымызға сәйкес осы қазан айында Ақтөбе, Орал, Қызылорда қалаларына гастрольдік сапармен шықтық. Бұған дейін оралдық көрермендерімізбен қауыштық. Ол жақта 2 күн болсақ, ақтөбеліктерге қатарынан 3 күн бойы қойылымдарымызды ұсындық. Ендігі бағыт — Қызылорда.

Гастрольдік сапарға барлығы 35 қызметкер шықты. Арасында көпшілікке театр мен кинодағы рөлдерімен танымал актерлер бар.

Ақтөбелік көрермендерге ризамыз. Театрды түсінетін, өнерге ғашық адамдар екен, — дейді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры директорының орынбасары Мақсат Камалов.

Ақтөбедегі гастрольдік сапарда жарқырай көрініп, «Болмаған балалық шақ» спектаклінде басты рөлді сомдаған жас актер Нариман Елубай да (Егімбеков) осындағы өнерсүйер қауымға ризашылығын білдірді. Жастығына қарамастан, театр мен кинода қатар ойнап, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан ол:

— Театрға жұмысқа қабылданғаныма 2 жыл болды. Бұл — менің алғашқы үлкен гастрольдік сапарым. Әрине, алған әсерім ерекше, Ақтөбе бізді өте жақсы қабылдады.

«Болмаған балалық шақ» — өмірден алынған қойылым, яғни кейіпкерлері арамызда бар. Авторы Ақберен Елгезектің осы кітабы да бірнеше жыл бұрын үлкен сұранысқа ие болғанын, нағыз бестселлерге айналғанын білесіздер. Сондықтан жауапкершілік жүгі орасан. Небәрі 23-24 күнде дайындалып, сахналанған спектакльде бас кейіпкер ретінде балалық шынайылықты сол күйінше беруге тырыстым. Осы тұста режиссер Фархад Молдағалидың еңбегін ерекше атап өткім келеді, — дейді.

Айта кетейік, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 1946 жылы құрылған. Қазіргі таңда өнер ордасында 75 артист еңбек етеді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button