Мәдениет

Қосымша білім беру ұйымдарының жағдайы қалай?

Қала

Бала жастайынан бір нәрсеге қызығып өседі. Бірдеңені үйренуге, жасап көруге талпынады. Тәжірибелі педагогтердің айтуынша, дәл осы кезде баланың қызығушылығын ескеріп, онышығармашылыққа немесе спортқа, қолөнер, техника бағыттарының біріне бағдарлау қажет. Бұл оның болашақта қандай да бір жетістікке жетуіне көмектеседі.

Ендеше, біздің Ақтөбеде баланың шығармашылық қабілетін шыңдайтын немесе техника мен өнерге баулитын қанша қосымша білім беру ұйымы бар? Ол жердегі үйірмелер кімдерге тегін ұйымдастырылады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік…

Үйірмеге барып жүр…

Ақтөбеде қалалық білім бөлімінің қосымша білім беру жүйесіне қарасты 16 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олар: Оқушылар сарайы, Шығармашылық академиясы, Қазанғап атындағы өнер мектебі,  Көркемсурет лицейі,  Ұшқыштар мектебі, сондай-ақ 3 музыкалық мектеп, 2 станса, 2 шығармашылық үйі, 2 аула клубы.

— Ақтөбеде 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны — 88939. Оның 13773-і қосымша білім беру бағдарламаларымен қамтылған. Қосымша білім беру ұйымдарында барлығы 504 үйірме бар. Мектептерде қосымша білім беретін 12 ұйымның филиалдары жұмыс істейді. Филиалдардағы көркемсурет-эстетикалық, сәндік-қолданбалы өнер, туристік-өлкетану, музыкалық,экологиялық-биологиялық, ғылыми-техникалық, спорттық сауықтыру, әскери-патриоттық секілді түрлі бағыттағы үйірмелерге 3011оқушы барып жүр, — дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жұлдыз Шалабаева. Сондай-ақ оның айтуынша,

Ақтөбе қаласындағы қосымша білім беру жүйесінде 705 педагогикалық қызметкер жұмыс істейді. Оның 1-еуі — педагог-шебер, 54-і — педагог-зерттеуші, 26-сы — педагог-сарапшы және 57-сі — модератор, 20-сы — жоғары және бірінші санатты педагогтер.

Үйірме өтетін жердің жылы әрі ұядай болуы да маңызды. Жұлдыз Шалабаеваның айтуынша, қаламыздағы қосымша білім беру ұйымдарының ғимараттарына жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, биыл мамырда «ГрадСтройСервис» ЖШС қалалық техникалық шығармашылық орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыркүйектің соңғы күндеріаяқтап қолданысқа берді. Сонымен қатар осы жылы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне қосымша жапсарлас ғимарат салынып, 30 қыркүйектепайдалануға берілді.

Бұл жолы біз ата-анаға көмектесу мақсатында қаламыздың әр жерінде орналасқан қосымша білім беру ұйымдарының ірілерін аралап қайттық. Ата-аналардың дені қосымша сабақтар мен сабақтан тыс үйірмелердің мекемесі үйге жақын болғаны тиімді әрі қауіпсіз екенін айтады.

Оқушысы көп сарай

Қалалық оқушылар сарайы 1970 жылдан бастап балаларға қосымша білім беру қызметін көрсетіп келеді.Бүгінгі таңда қала бойынша ең көп оқушысы бар ұйым — осы Оқушылар сарайы.

Қазір бұл жерде 2313 бала түрлі бағытта білім алып жүр. Мұнда көпке танымал хореография, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы дизайн,музыкалық(домбыра, қобыз, фортепиано, баян, гитара),шығармашылық (вокал, айтыс, дәстүрлі ән, хор), тілдік (қазақ тілі, ағылшын тілі) бағыттағы үйірмелер бар. Сонымен қатар театралдық,техникалық (үлгілеу, әуеүлгілеу),ғылыми-техникалық (робототехника),сызу және инженерлік графика, спорттық, пікірсайыс бағыттары бойынша да үйірмелер ұйымдастырылған.

— Үйірмелердің ішіндегі ең қымбаты — ағылшын тілінен жеке сабақ алу, ол аптасына үш рет 40 минуттан өтеді. Бағасы айына — 10 мың теңге. Ал отбасылық бюджетке тиімдісі — сызу және инженерлік графика,  бұған баласы баратын ата-ана айына 2 мың теңге төлейді. Сызу сабағы әсіресе дизайнер немесе архитектор мамандығын таңдаған талапкерлер арасында сұранысқа ие. Сызу үйірмесінің әр сабағы 1 сағат 20 минуттан, аптасына екі рет өткізіледі. Ал театр өнері, бейнелеу өнері, хореография және қолөнер үйірмелері оқушылар арасында таңдаулы әрі сұранысқа ие. Театр, дәстүрлі ән, қолөнер және баян, гитара аспаптарын үйрену сабақтары, сондай-ақ бастапқы техникалық үлгілеу және әуеүлгілеу үйірмесі тегін өткізіледі. Мемлекеттік тілді үйретуге ерекше көңіл бөлеміз. Мәселен, бізде қазақ тілі сабағы оқушылар үшін тегін әрі қызықты өткізіледі, сондықтан сабаққа қатысушылар да көп, — дейді Оқушылар сарайының директоры Нұргүл Мұсабекова. Сондай-ақ ол жеңілдіктері бар санатқа жатқызылатын отбасының 200-ге жуық баласы осы Оқушылар сарайындағы үйірмелерге қатысатынын айтты.

Біздің мекеме«Білім туралы» заңның 8-бабына сәйкес, оқушыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырды. Мәселен,«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілері иегерлерінің балалары, жетім немесе қамқорлықтағы, сондай-ақ мүгедектігі бар балалар бізде тегін оқиды. Ал көпбалалы отбасылардың және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларының оқу ақысына 30 пайыз жеңілдік жасалады. Сонымен қатар ынталандыру мақсатында мекеме қызметкерлерінің балалары да тегін оқи алады,— дейді Нұргүл Мұсабекова.

Қаламыздағы №56, №65 мектептерде, №20 мектеп-лицейде және М.Арынов атындағы қазақ орта мектебінде Оқушылар сарайының филиалдары жұмыс істейді, ол жерлерде қолөнер, драма және қуыршақ театрлары, хор, домбыра, баян, гитара, айтыс, дәстүрлі ән, шағын футбол және дебат, қазақ тілі үйірмелері тегін ұйымдастырылған.

Оқушылар сарайының директоры бір үйірмеден екіншісіне ауысып жүрген балаларға ата-аналары ұрыспағаны жөн екенін, себебі осы кезде бала өзінің жүрегіне жақын бағытты таңдайтынын айтты.

— Қосымша білім беру ұйымдарына баратын оқушылардың саны құбылып отырады. Себебі 7-8 жастағы балалардың таңдауы көбіне тұрақты болмайды, екі-үш ай біреуіне барып, одан кейінгі айларда басқасын таңдап жатады. Мұндай балаларға «сен тұрақсызсың» деп ұрыспаңыздар! Олар тап осы сәтте қызығушылықтарына қарай жүректеріне жақын бағытты іздейді. Ал 9-10 жастағылар әдетте бір бағытты таңдап, соған тұрақталады. Құрметті ата-аналар! Оқушыларға көп салмақ жүктемеңіздер! Олардың онсыз да оқитын сабақтары бар. Сондықтан баланы бірден үш үйірмеге жазудың қажеті жоқ. Бәріне үлгеретін белсенді оқушының өзіне екі үйірме жарап қалады. Олар барлық бағыттағы үйірмелерге баруға үлгереді. Үйірмеге жазылу тек қана тамызда ғана емес, оқу жылының ортасында да жүргізіледі, — дейді Нұргүл Мұсабекова.

Қаланың орталық көшелерінің бірі — Әбілқайыр хан даңғылы бойында жарты ғасыр бұрын бой көтерген Оқушылар сарайы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Өйткені ғимараттың кейбір қабырғасы шыныблоктардан тұрғызылған, әбден ескірген. Әсіресе спортзалы қыста салқын. Мекеме алдағы уақытта ішкі, сыртқы қабырғаларды толықтай жаңалап, жылу ұстайтын терезелер орнатуды жоспарлап отыр.

Әйтпесе қалалық Оқушылар сарайының есігі ынталы оқушылар үшін аптаның жеті күнінде де ашық. Кейбір үйірмелер демалыс күндері де өтіп жатады.

Өнерге құштар бала көп

Қарғалы тұрғын алабындағы №3 балалар музыка мектебі — балаларды дамытуға арналған ірі жалғыз ұйым.

Сәл кейін шегінсек, аталған мекеме 1980 жылдары Қарғалы ауданының музыкалық мектебі болып құрылып, кейін өнер мектебі ретінде жұмысын жалғастырды. 2000 жылдары қайта құрылып, эстетикалық бағыттағы Қарғалы оқу-тәрбие кешені мәртебесіне ие болды. Ал 2005 жылдың 19 тамызынан бастап «№3 Балалар музыка мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Сонау сексенінші жылдардан бері бұл жер өнерлі оқушылар жиі бас қосатын мәдени орталыққа айналған.

Қарғалы тұрғын алабындағы Қ.Сәтбаев көшесінде орналасқан №3 Балалар музыка мектебінде бүгінде 500-ге жуық оқушы вокал, дәстүрлі ән, домбыра, хореография секілді17 түрлі бағыт бойынша қосымша білім алып жүр.

№3 балалар музыка мектебінің директоры Айсұлу Әбдірахманованың айтуынша, үйірмелердің ішінде әсіресе фортепиано, домбыра, қобыз, вокал және хореографияға сұраныс жоғары. Сонымен қатар бұл жерде аккордеон, баян, флейта, скрипка, саксофон, гитара, кларнет және жетіген аспаптарында ойнауды да үйретеді.

— Біздің тұрғындар алабында балалардың қосымша білім алуы үшін осы мектептен басқа ештеңе жоқ. Ал музыкалық білім алуға ниетті оқушы көп. Бұрын біз жеті жастан бастап қабылдайтынбыз, биылдан бастап аспаптардың қандай да бір түрін үйренгісі келетін жасөспірімдерді үш жылдық оқуға қабылдадық. Музыкалық білім алу — ақылы, яғни бір үйірмеде оқудың ақысы айына — 3,5-5 мың теңге.

Бүгінде 150 баладан жасақталған хор ұжымы, 60 бала қатысатын қазақ халық аспаптары ансамблі және 70 оқушыдан құралған домбыра-пати мектебіміздің мақтанышына айналған. Олардың бәрі де фонограммасыз ән салады, — дейді Айсұлу Әбдірахманова.

Музыкалық мектепте сабақ аптасына алты күн бойы екі ауысымда өтеді. Өнерге құштар балалардың көптігі соншалық — екі қабатты ғимаратқа сыяр емес. Мектептің жалпы ауданы 1310,7 шаршы метр болғанымен, гардероб пен 50 орынға арналған шағын концерт залынан басқа барлығы 18 оқу кабинеті бар. Сондықтан қосымша білім беру ұйымының басшысы мектептің жертөлесін күрделі жөндеуге немесе жапсарлас ғимарат тұрғызуға қаражат бөлінуін сұрайды.

— Егер бізде орын жеткілікті болғанда, біз эстетикалық бағыт, мектепке дайындық класын, ұрмалы аспаптар кабинетін ашар едік. Бұдан да көп баланың шығармашылық қабілетін ашуға, дамытуға болар еді. Бұл — біздіңнегізгі міндетіміз, — дейді Айсұлу Әбдірахманова.

Біз қаламыздағы бірқатар қосымша білім беру ұйымына хабарласқанымызда олардың көпшілігінде талапкерін күткен тегін үйірмелер барын білдік. Алайда ата-аналар жағы бастауыш сыныптың баласын үйірмеге таситын адам болмаса қиын екенін айтады. Ал педагогтер оқушыны жастайынан түрлі бағытқа бейімдеп көруге кеңес береді, себебі бала қызығушылығы мамандық таңдауының алғышарты болуы да әбден мүмкін. Бастысы, ата-ана баласының талантын дер кезінде ашуға қолдау білдірсе дейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button