Мәдениет

Хромтауда «Күй күмбірі» сайысы өтті

Хромтау қаласындағы Кеншілер  мәдениет үйінде Ермекбай Беркінбаевтың жүлдесіне арналған дәстүрлі «Күй күмбірі»  сайысы өтті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған шараға облыстың барлық ауданынан және Қызылорда облысынан күйшілер қатысты.

Хромтау өңіріне есімі жақсы таныс Ермекбай Беркінбаев оқушы кезінен домбыра үйірмесіне қатысып, музыкалық сауат алған. Мектеп бітірген соң  Мәскеудің заң институтына оқуға түседі. Ұзақ жылдар Ресейде қызмет еткен. Сырт елде жүрсе де жанынан қазақтың киелі домбырасын тастамаған. Мерекелік концерттерге қатысып, қазақ өнеріне ынтасы мол көрерменнің ықыласына бөленген. Сырттағы қазақ жастарын түрлі үйірмелерге тартып, күй үйренуіне жағдай жасаған. Бауыры Орынғазы Беркінбаевтың айтуынша, ол көптеген күйлерді өз репертуарына енгізген. Өкініштісі, өмірден ерте кетіпті.

Ермекбай Беркінбаев Тәжікстанның Ходжент қаласында 1950 жылы 19 тамызда дүниеге келген. Содан ата-баба мекені — Хромтау өңіріндегі Дөң сегізжылдық мектебінде оқығанда Құмар есімді ұстазынан домбыра тартуды үйреніп, музыкалық сауатын жетілдірген. Құрманғазының «Адай», «Ақсақ киік», «Сарыарқа», «Байжұма» күйлерін және Дәулеткерей, Динаның күйлерін нақышына келтіріп орындаған.

Жиында Ермекбай Беркінбаевтың дара болмысы туралы айтылып, оның ел мәдениетіне қосқан үлесі тағы бір мәрте дәріптелді.

Күй жарысын ұйымдастырушы «Құрмет» орденінің иегері, Хромтау ауданының құрметті азаматыАрынғазы Беркінбаевтың айтуынша, алғашқы жылдары сайыс аудан, облыс деңгейінде ұйымдастырылған. Биыл аймақтық деңгейге көтеріліпті.

— Алдағы уақытта республикалық деңгейде өткізу жоспарда бар. Негізінен, 18бен 30 жас аралағындағы әр өңірден, әр ауданнанкелген күйшілер қатысып жатыр. Мақсат — ұлттық өнерді, домбыраны дәріптеу, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттап, еліміздегі күй өнерін, дәстүрлі күйлерді орындаушыларды жұртшылыққа таныту. 

Сайыстың құрметті қонағы ретінде бірқатар еңбек ардагерлері, ел ағаларыАманғос Төлеуов, Амангелді Бисенов,  Елеусіз, Елкей Әбубәкіровтер, Нұрахмет Бисенбаев, Баянғали Құлтаев, Аязбай Османғалиев сынды аға ұрпақ өкілдері құрметпен шақырылды, — деді Арынғазы Беркінбаев.

Жарыс басталмас бұрын елімізге танымал күйші, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Тұрар Әліпбаев қатысушыларға бейнежолдау арқылы сәттілік тіледі.

Хромтау ауданының әкіміНұрхан Тілеумұратов пен Арынғазы Беркімбаев аталған шараның маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Талап бойынша қатысушылар бірінші кезеңде Құрманғазының бір күйін орындап, екінші кезеңде еркін тақырыпта шертпе күй тартты.

Ермекбай Қалжанұлы ағамызға арналған күй байқауы ерекше өтіп жатыр. Өткен жылдарға қарағанда қатысушылардың деңгейі жоғары. Жастардың дені кәсіби күйшілер екенін байқап отырмыз. Барлығы да ерекше дайындықпен келген, — деді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,өңірге танымал күйші Жайлау Асылханов.

Сондай-ақ қазылар алқасында «Күйшілер одағы» Ақтөбе облыстық филиаланың төрағасы Талап Хамзин, Құрманғазы атындағы халықаралық байқаудың жүлдегері Құрманғазы Асылханов болды.

Төрт сағатқа созылған байқаудың нәтижесінде бас жүлдені Ақтөбе қаласынан келген Еркебұлан Соңғыбаев жеңіп алды. Жүлдені Ермекбай Беркінбаевтың бауыры Орынғазы Беркімбаев тапсырды. Жеңімпаз диплом және арнайы сыйлықпен марапатталды. Бірінші орынды Ақтөбе қаласынан келген Батырхан Көпжасар алса,  екінші орынды Қызылорда қаласынан келген Қуаныш Тәжібек пен Мәртөк ауданынан келген Нұрәли Сыдықов иеленді. Ал үшінші орынды Хромтаулық Жақсылық Дулат пен Әйтеке би ауданынан келген Марғұлан Ахмедияр қанжығасына байлады. Сондай-ақ «Көрермен көзайымы», «Төкпе күйдің шебері», «Шертпе күйдің шебері», «Домбыраға адалдық», «Шеберлігі үшін», «Ең жас күйші» секілді арнайы жүлдеге ие болғандар Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

«Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Мұратбек Ержақып «Ақтөбе Медиа» ЖШС атынан бас жүлде иегеріне Диплом мен арнайы сыйлық табыс етті.

— Бүгінгі өнер додасы ұлттық өнеріміздің мәртебесін тағы да бір көтеріп, байқауға келген жастардың дарынын байқатты. 

Өңіріміздегі 100 жылдан астам тарихы бар «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үштаған» журналының басын қосатын «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің  ұжымы да бүгінгі шараға атсалысып, ақпараттық қолдау көрсетіп арнайы жүлделер тапсырып отыр, — деді Мұратбек Ержақып.

Бас жүлде иегері Еркебұлан Соңғыбаев Ермекбай Қалжанұлының көзіндей болған жәдігерлік домбыраны қолына алып, күй тарту құрметіне ие болды.

Жиынға қонақ  ретінде қатысқан «Отан» орденінің иегері Аманғос Төлеуов, облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Amanat партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Әсел Сармановажәне өзге де өңірге белгілі азаматтар ыстық ықыластарын білдірді. Жеңімпаздарды құттықтап, арнайы сыйықтарын табыс етті.

Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы бірінен-бірі өтеді. Талантты жастардың көп екеніне қарап, қуанып қалдым. Алдағы уақытта ұлттық өнерімізді, домбыраны насихаттайтын осындай іс-шаралар жиірек өткізілсе деген тілегім бар, — деді Аманғос Төлеуов.

Өнер сайысын тамашалаған үлкен-кіші түгел мұндай іс-шаралардың ұлттық өнерді насихаттап, жас таланттарды танытуға әсер ететінін айтып, әдемі көңіл күймен тарасты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button