Жалғасқан жеңіс

Премьер-Лига
«Ақтөбе»-«Астана» — 2:0
30 қыркүйек-1 қазан күндері чемпионаттың 24-тур ойындары өтті.
Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдады.
Рас, 14 наурызда елордада астаналық команданы 4:1 есебімен ұтқанбыз. Бірақ ол чемпионаттың үшінші туры ғана еді. Одан бері «Астана» да өзгерді, «Ақтөбе» де сол күйі тұрған жоқ. Оның үстіне, міне, бұл қос команда мәреге құйрық тістесе келіп отырған жайы бар. Дегенмен «Ордабасы» сүрінсе (кездейсоқ немесе әдейі), биыл тағы да чемпион атануға «Астананың» мүмкіндігі молдау еді. Ол үшін бұларға қалған ойындарда жеңіс қана қажет болатын. Сырт көпшілік те, негізінен, несін жасырамыз, бұл кездесуде «Астана» жеңіске жететіндігін болжады. Бұлай болжаудың себебі «Астана» соңғы үш тур бойы ұтыспен ойнап келеді (8:5). Ал «Ақтөбе» соңғы бес турда, неге екені белгісіз, төрт рет тең ойнауға мәжбүр болды (4:3). Дегенмен көптің емес, аздың болжамы расқа шықты.
Кездесу бірден алма-кезек шабуылмен басталды. Ойынның алғашқы үш-төрт минутында-ақ екі команда бір-бірінің қақпасына екі соққыдан жасап үлгерді. Екі ретте де доп қақпаға тіке бағытталған жоқ та, қақпашылар қамсыз қалатын жағдай тумады.
Дегенмен осылайша одан әрі өрби берген шабуылдар ақыры нәтиже әкелмей қоймады.
17-минутта «Ақтөбе» кезекті шабуылын ұйымдастыру кезінде қонақтар тәртіп бұзуға мәжбүр болды. Қақпаға тура бағыт алған Элдер Сантана аяғына тие қалған допты өзінен сәл ілгері зулап бара жатқан Ескендір Қыбырайға шапшаң жылжытып жіберді. Ескендір допты қақшып түсті де, соққы жасауға ыңғайланды. Осы кезде астаналық қорғаушылардың бірі Ескендірді бар денесімен итере құлатты. Қас-қағым сәтте болған қимылды бас төреші Артем Кучин толық бақылай алмай қалды да, VAR-ға жүгінді. VAR астаналық футболшының ойын ережесін өрескел бұзғанын анық көрсетті. Пенальти. Он бір метрлік нүктеге келген Әлібек Қасым еш абыржымады. Ол шірене тепкен доп қақпаның оң жақ бұрышына лып етіп кіріп кетсе, қақпашы Александр Заруцкий сол жаққа қисая құлады — 1:0.
Бұдан соң қонақтар тезірек есе қайырудың қамына кірісіп, қайта-қайта шабуыл ұйымдастыруға кірісті. Дегенмен біздің жігіттер олардың ойларын жүзеге асыртқызбады. Ең есте қалар сәттердің бірі біздің қақпамызға Абат Айымбетовтің төндірген қаупі болды. Тамаша пас алған Абатқа дәл қақпа алдында Стас Покатилов қарсы атылды. Абат қақпашының басынан асыра тепкен доп діңгектен қиыс кетті. Ал бірінші таймға қосылған 5 минут ішінде «Ақтөбе» есепті екі рет ұлғайта жаздады. Тіпті Андерсон Ньянгбо қарсыластар қақпасына голды енгізіп те жіберді. Бірақ бұл допты төрешілер есепке алмады.
Екінші таймда да командалар қарқынды бәсеңдеткен жоқ. Әсіресе есе қайыруға тырысқан астаналықтар тым белсенді болды. Бас бапкер Григорий Бабаян алмастырулар жасап, алаңға тың ойыншыларды қосты. Бірақ алаң иелері оларды қатаң бақылауда ұстады. Сонымен бірге қысым жасап отыруды да ұмытқан жоқ. Әсіресе Бауыржан Байтана шабуылға тың тыныс қосты. Ол 76-минутта дәл қақпа алдына тастаған пасты біздің футболшы пайдалана алмай қалды, соққысы тым қиыс кетті. Ал арада бір минут өтер-өтпесте сол Бауыржан Байтана айып алаңына еніп, кері бұрыла тастаған пасты Рожерио Шина ысырап еткен жоқ, қақпаның сол жақ төменгі бұрышын дәл нысанаға алды, қақпашы созыла ұмтылғанымен допқа қол жетпей қалды — 2:0.
Бұдан соң да екі қақпаның алды тартысқа толы болды. Дегенмен үшінші гол соғылмады.
«Ақтөбе» үш ұпайға ие болды. Әттең, бұдан бұрынғы «Мақтаарал», «Каспий», «Ақсу», «Тобыл», «Атырау», «Қызылжар» командаларымен болған тең ойындар кестедегі орнымыздың жоғарылауына кедергі болды да қойды. Қалай болғанда да, екінші айналымда «Қайрат», «Ордабасы», «Астана» клубтарын жеңуіміз командамыздың шын қуатын көрсетіп еді-ау. Оның үстіне бұл чемпионат барысында «Астананы» екі рет ұтуымыз, «Ордабасымен», әуелі тең ойнап, екінші кездесуде жеңуіміз әр команданың қолына түсе бермейтін жетістіктер еді.
«Ақтөбе»-«Астана» — 2:0
Гол авторлары: Әлібек Қасым, пенальти, 20-минут (1:0); Рожерио Шина, 77-минут (2:0).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Әділхан Таңжарықов, Әлібек Қасым, Дмитрий Яшин, Ескендір Қыбырай, Леонел Струмия (капитан), Милош Раичкович, Андерсон Ньянгбо, Максим Самородов, Рожерио Шина (Арман Кеңесов, 86-минут), Элдер Сантана.
Бас бапкер — Андрей Карпович.
30 қыркүйек 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 5 гол;
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;
Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;
Андрия Филипович, шабуылшы — 4 гол;
Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 3 доп;
Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;
Рожерио Шина, шабуылшы — 3 доп;
Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;
Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;
Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;
Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,
Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.
* * *
Жерлестеріміз 24 кездесу өткізіп, 13 рет жеңді, 9 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.
Ұпай саны — 48. Доп айырмашылығы — 41:20.
* * *
25-тур ойындары 21 қазан, сенбі күні өтеді:
«Ордабасы» — «Шахтер»
«Мақтаарал» — «Қызылжар»
«Оқжетпес» — «Ақтөбе»
«Қайсар» — «Атырау»
«Тобыл» — «Каспий»
«Астана» — «Жетісу»
«Қайрат» — «Ақсу»
«Ақтөбе» биылғы чемпионаттың соңғы ойынын, 26-турды өз алаңымызда 28-қазанда Талдықорғанның «Жетісу» командасымен өткізетінін еске саламыз.
* * *
Осылайша Премьер-Лига ойындары қазан айының соңғы онкүндігіне дейін саябыр таба тұрады. Өйткені бұл аралықта 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің екі ойыны өтеді.
Қазақстан үшін бұл кездесулер қиын емтихан болмақ. Жерлестеріміз сырт алаңда 14 қазанда Даниямен, ал 17 қазанда Финляндиямен кездеспекші. Ал қараша айында әуелі өз алаңымызда Сан-Мариноны қабылдасақ, одан соң сырт алаңда Словениямен күш сынасамыз.
6-тур ойындарынан соң алғашқы екі орында 13 ұпаймен Дания мен Словения тұр.
Үшінші, төртінші орын иелері — 12 ұпайдан жинаған Финляндия мен Қазақстан.
Бесінші орындағы Солтүстік Ирландия 3 ұпай жинаса, тек ұтылумен келе жатқан Сан-Маринода еш ұпай жоқ.
Төрт рет ұтып, екі рет жеңілген Қазақстан құрамасы 9 гол соғып, өз қақпамызға 5 доп жіберіп алды.
Сұрмергендеріміз — екі доптан соққан Абат Айымбетов, Асхат Тағыберген, Бақтияр Зайнутдинов, Максим Самородов. Ал Ян Вороговский бір гол өткізді.
* * *
Жақында ұлттық құрамамыздың бас бапкері Магомед Адиев алдағы екі ойынға қатысатын қазақстандық футболшылардың 27 ойыншыдан тұратын нақты құрамын жария етті.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Александр Заруцкий («Астана»);
Қорғаушылар: Сергей Малый («Ордабасы»), Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Бағдат Қайыров («Тобыл»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Александр Марочкин («Астана»), Тимур Досмағамбетов («Астана»), Ян Вороговский («Астана»), Еркін Тапалов («Қызылжар»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Лев Скворцов («Химки», Ресей);
Жартылай қорғаушылар: Александр Зуев («ИМТ», Сербия), Асхат Тағыберген («Ордабасы»), Бактиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Максим Самородов («Ақтөбе»), Аслан Дарабаев («Астана»), Исламбек Қуат («Астана»), Абзал Бейсебеков («Астана»), Рамазан Оразов («Копер», Словения), Ислам Чесноков («Тобыл»), Самат Жарынбетов («Тобыл»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Астана»), Владислав Прокопенко («Астана»), Иван Свиридов («Шахтер»).
Жігіттерімізге табыс тілейміз.
Е.АХАТҰЛЫ.



