Мәдениет

Шырағы сөнбеген жазушы

Тахауи Ахтановтың 100 жылдық  мерейтойына орай облысымызда 24-30 қыркүйек аралығында ауқымды мәдени іс-шаралар апталығы өтті. Апталық аясында жазушының есімін иеленген театрда осы өнер ордасының тарихына арналған кітаптың тұсаукесері өтіп, музей ашылды және «Шырағы сөнбеген заңғар жазушы» атты концерт-спектакль қойылды.

Бұл шараларға көпшілік көрерменмен бірге, облыс басшылары, «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдеби форумына жан-жақтан келген ақын-жазушылар, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдымен театр ғимараты жанындағы Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Тірісінде бірін-бірі қаламгер ретінде де, дос ретінде де қатты қолдап, сыйласып өткен ақын мен жазушыны кейінгі ұрпаққа адамгершілік тұрғысынан да үлгі-өнеге ету мақсатында екеуіне бір ескерткіш орнатылған болатын.

Театрдағы шаралар «Тахауи Ахтанов атындағы театрдың тарихы мен бүгінгі келбеті» атты кітап-альбомның тұсаукесерінен басталды. Жиынға кітаптың авторы, белгілі театртанушы, өнертану кандидаты, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры әрі кафедра меңгерушісі Анар Еркебай қатысып, сөз сөйледі.

Кітапты жазу барысында өте көп құжаттар, естеліктер, басқа да материалдар жиналды. Ғылыми монографиялық еңбек жазу ойымызда болған еді. Ол үшін, әрине, сын көзімен жазылған талдау, сараптама керек. Алайда уақыттың тығыздығынан бұл еңбекті кітап-альбом етіп ұсынғанды жөн көрдік. Кітапқа арнап материалдар жинастыруға театрдың басшылығы, ұжымы әсіресе аға буын ардагерлер көп көмек көрсеткенін атап өткім келеді. Сондай-ақ бұл еңбектің жарық көруіне облыстың, соның ішінде мәдениет саласының басшылары да атсалысты. Кітап осындай жанашырлықтың арқасында «өмірге келді». Көп материал, өкінішке қарай, сыймай қалды, — деді автор.

Сондай-ақ кітап-альбомның тұсаукесеріне орай Мырзан Кенжебай, Қасымхан Бегман, басқа да қаламгерлер, жазушының ұлы Дулат Ахтанов, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Рахман Алшанов, т.б. құттықтау сөз сөйледі. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы,Дулат Ахтанов және жазушының немересі Мерей тұсаукесер рәсімін жасады.

Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына арналып жарыққа шыққандықтан, кітапта алғашқы мақаланың жазушы Тахауи Ахтанов шығармашылығына арналуы әрі оның «Өзінің 40 жылға жуық драмашылық жолында неше бір артистер буынын, көрермендер толқынын толассыз тәрбиелеп келе жатқан Ахтановтың шығармашылық мектебі ұлттық сахна өнеріміздің мерейін өсіріп, профессионалдық деңгейін қалыптастырды. Ешкімге ұқсамас, өзіндік жеке жолы бар Тахауи драматургиясы сан толқын режиссерлердің талант мүмкіндігін таразылап, жеке қолтаңбаларын айшықтап, анықтап алуларына септігін тигізді»  деген пікірмен (Әшірбек Сығай) басталуы өте орынды. Одан әрі кітап театр тарихындағы айрықша белестер, ерекше есте қалған маусымдар мен қойылымдар, ұжым мен актерлердің жетістіктері туралы шағын мақалалармен жалғасыпты. Одан бөлек мұндағы әр суреттің өзі бір шежіре.

Ақтөбеде 1925 жылы екі кино-театр жұмыс істеді. Мұны ортасына сызықша қойып жазамыз, өйткені осы кино-театрдың ішінде театр студиясы жұмыс істеді. 1935 жылы Ақтөбеде алғаш облыстық музыкалық қазақ драма театры ұйымдастырылды. Кейін бұл театр аудандарға көшірілді, ал орыс драма театрының алғашқы маусымы 1965 жылы 7 қарашада ашылды. Айта кетейін дегенім, баспасөзді ақтарып отырсақ, 1990 жылдардың ішіне дейін Ақтөбе жұртшылығы театр өнеріне өте бір жанашырлықпен қараған екен. Әр қойылымнан кейін өте жақсы талдау жасалған 2-3 мақала жарыққа шығып тұрыпты, — деді журналистерге берген сұхбатында Анар Еркебай.

Театр ғимаратының екінші қабатында Ахтанов мұрасы мен театр тарихына арналған музей жасақталыпты. Мұнда Ахтановтың жеке заттарынан бөлек, оның туындыларын сахналау барысында артистердің киген киімдері, түсірілген суреттер, театр тарихына қатысты басқа да көптеген жәдігерлер жинақталған. Театр актрисасы Майгүл Мұзбаева жиналғандарды жәдігерлер тарихымен таныстырды.

Бұдан әрі қатысушылар театр залына жиналып, Ахтанов театрының тарихы, осы сахнада жазушы шығармашылығының насихатталуына арналған деректі фильмді тамашалады.

Одан әрі іс-шаралар «Шырағы сөнбеген заңғар жазушы» атты концерт-спектакльге ұласты. Концерт-спектакль Ө.Байділдаевтың «Туған ел» әнімен басталып, бұдан соң «Ант» қойылымынан үзінді берілді. Жалпы, концерт-спектакль барасында көрермендерге Тахауи Ахтановтың «Ант», «Боран», «Күшік күйеу», «Махаббат мұңы» және «Күтпеген кездесу» драмалары бойынша қойылымдардан әсерлі үзінділер ұсынылды. Сондай-ақ «Молдабайдың әні», Естайдың «Құсни-Қорланы», т.б. әндер шырқалды.

Өте мазмұнды да әсерлі концерт-спектакльді сахнаға шығаруға театр ұжымымен бірге, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері де атсалысты.

Соңынан сахнаға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова көтеріліп, Ахтанов апталығы аясындағы іс-шараларға атсалысқан өнер ұжымдарына, жан-жақтан келген қонақтарға, соның ішінде Ахтановтың ұрпақтарына облыс басшылығы атынан алғысын жеткізді.

Ал жазушының 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар әлі де жалғаса береді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button