Мәдениет

«Ахтанов алаңы» — шеберлікті шыңдау сабағы

Белгілі жазушы, драматург, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысыТахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбеде «Ахтанов алаңы» театр форумы өтіп жатқанын бұдан бұрын хабарлаған едік.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры бірлесіп ұйымдастырған бұл форум аясында 60 театр маманы алты бағыт бойынша шеберлерден дәріс алды. Әр бағыт бойынша дәрістер CAMPIT лагері алаңында күніне екі рет ұйымдастырылды: түске дейінгі сабақ теориялық білімді толықтыруға арналса, түстен кейін практикалық сабақтар өткізілді. Дәріс тыңдаушылары арасында еліміздің әр өңірінен келген театр мамандарымен қоса, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттері де болды.

Режиссура, актерлік шеберлік,хореография,жарық қоюшы, сценография және сахналық костюм, гримм бағыттары бойынша дәрістерді өткізуге халықаралық деңгейде мойындалған шеберлер шақырылған.

Осы форумның ашылуына Астанадан арнайы келіп қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбековажурналистермен жүздесуінде соңғы кезде өңірлік театрлардың деңгейі де өсіп, белсенділігі де артқанын атап айтты.

Елімізде 55 мемлекеттік театр бар. Солардың ішінде өңірлік театрлардың да белсенділігі, үлкен биіктерге ұмтылуы бізді қуантады. Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы театр да көптеген өнер байқауларын, маңызды іс-шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болып келеді. «Ахтанов алаңы» сынды форумдар елімізде театр өнерін жандандыруға, мамандардың шеберлігін шыңдауға игі әсер етеді. Бұл жерде мамандар белгілі шеберлерден дәріс алып қана қоймай, бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибе бөліседі. Мұның бәрі, әрине, өнер адамдарын жаңа ізденістерге жетелейтін болады, — деді Алтынгүл Жақсылыққызы.

Дәріскерлер арасында Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында белгілі театрлардың шақыртуымен бірнеше қойылымдар қойған, үздік режиссерлік жұмысы арқылы халықаралық деңгейде де танылып, бүгінде Ресей, Грузия, Англия елдерінен де шақырту алып отырған режиссер Әлібек Өмірбекұлы бар. Ол  Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан кейін режиссура мамандығы бойынша Мәскеудегі ГИТИС-те оқыған. «Ахтанов алаңында» оның алдына 11 тыңдаушы жиналды.

Қазіргі күні Астанада «Қыз Жібек» операсы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Одан әрі Петропавл, Татарстан, Грузия, Англия елдері бар — 2026 жылға дейін тығыз жұмыс кестесін жоспарлап қойғанмын. Дегенмен осы форумға келгенді жөн санадым. Өйткені бұл бастаманы қолдау керек. Мен форумды театрды жан-жақтан, үңіле зерттейтін зертхана сынды қабылдадым. Мұндай іс-шараны жыл сайын тұрақты өткізіп тұрған дұрыс болар еді. Өз шығармашылығымда мен театр өнерін нақ қазіргі уақытпен байланыстырғанды ұнатамын. Ал өткенге «оралу»  керек болса, ең алдымен оның қазіргі күнге қандай әсері болғанына баса назар аударамын. Қазіргі қазақ театры туралы айтар болсақ, өткеннен гөрі, болашаққа, өнерді ілгері дамыту мәселесіне көбірек көңіл бөлген дұрыс болар еді деп есептеймін. Меніңше, алдымен жүйені өзгерту керек, қазіргі театр жүйесі 1930 жылдан бері келе жатыр, — дейді режиссер.

Ал актерлік шеберлік бағыты бойынша дәріскер Гүлназ Балпейісованы біздің жерлесіміз десек те болады, ол Ақтөбедегі №25 мектепті бітірген. Бүгінгі күні Гүлназ Мәскеудегі Евгений Вахтангов театрныда бірнеше қойылымды сахналапты.

Ол «актер» дегеннен гөрі, «артист» деген терминді қолданғанды қалайды.

Спекталь — ұжымдық іс, алайда оған артист қожалық етеді. Режиссер артиссіз еш қойылымды шығара алмайды, — дейді ол.

Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы театрдың актрисасы Гүлім Ізімғалиева — «Ахтанов алаңының» тыңдаушыларының бірі. Ол бізге өз пікірін:

Мен өнер адамы ретінде өзімді шыңдағанды, ізденгенді ұнатамын. Бүгінге дейін өз ісінің шебері ретінде мойындалған көптеген адамдардың шеберлік сабақтарына қатыстым. Гүлназдың ерекшелігі — ол актердің ішкі әлеміне көбірек үңіледі. Мұнда адамның көңіл күйі, эмоциясы, мінезі алдыңғы орынға шығады, — деп жеткізді.

Сондай-ақ форумда театр мамандары бес күн бойыалматылық хореограф Анна Цойдың, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Сценография және дизайн өнері» кфедрасының оқытушысы Аягүл Шалғымбаеваның, жарық қою суретшісі Арсений Макаровтың,   уфалық сценограф Лилия Хисматуллинаның дәрістерін тыңдады.

Кешегі күннің соңында «Ахтанов алаңы» форумының жабылуы өтіп, дәріскерлер мен белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс айтылды.

Алайда Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар

жалғасады. Бүгін Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Тахауи Ахтанов театрының тарихы мен бүгінгі келбеті» атты кітап-альбомның таныстыруы өтеді. Сондай-ақ театр ғимаратында Ахтанов мұрасына арналған музей бөлмесі ашылады.

Ал кешкілік көрермендерге Ахтанов шығармашылығына арналған «Шырағы сөнбеген заңғар жазушы» атты концерт-спектакль ұсынылмақ.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button