Агросектор: тұрақты даму және жаңа серпіліс

«…Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз...».
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.
Алдағы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығы секторында қайта өңделген өнім үлесін арттыру мақсатында жалпы құны 14,1 миллиард теңге болатын, қуаттылығы 36,2 мың тонналық 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде үш жылда қайта өңделген өнім үлесін 73 пайызға жеткізу жоспары тұр. «Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет», — деді халыққа арнаған Жолдауында Президент. Аталған құжатта еліміздің жаңа экономикалық моделі ұсынылды. Бұл орайда экономиканың негізгі драйвері — ауыл шаруашылығы саласына айрықша мән беріліп отыр. Жолдауда алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу керектігі айтылды. Осыған байланысты саланы дамытуға бағытталған нақты міндеттер жүктелді.
Соңғы жылдары өңірдің ауыл шаруашылығы секторы даму көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орындардан көрініп жүр. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі әлеуеті қандай? Бұл саланы одан әрі дамытуда қандай мүмкіндіктер әлі де болса пайдаланылмай отыр? Осындай сауалдарға жауап алу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайды сөзге тартқан едік…

14 инвестициялық жоба жүзеге асты
— Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында агросекторды дамытуға ерекше мән беріледі. Биылғы Жолдауындаагроөнеркәсіп кешеніне нақты серпілістер жасау қажеттігі айтылды. Жалпы, облыстың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті қазір қандай деңгейде?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы ел халқына арнаған Жолдауында алдымызға өте маңызды міндеттер жүктелді. Ауыл шаруашылығы секторын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Президенттің айтуынша, бұл салада біз қолда бар мүмкіндіктерімізді әлі де толық пайдаланбаймыз. Соның бірі — ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жаңа өткізу нарықтарын ашу. «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты — Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», — деді.
Бүгінгі таңда облыста саланы дамытуда тұрақты өсім сақталып отыр. Нақтырақ айтсақ, мал шаруашылығы саласында төрт түліктің орташа есеппен 107 пайыз өсімі сақталды. Оның ішінде ірі қара — 105,8 пайыз, қой мен ешкі — 105,6 пайыз, жылқы — 1148,4 пайыз, түйе — 105,1 пайыз.
Қазір аймақта мал қыстату науқанына әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл орайда 2,8 миллион тонна мал азығы толық дайындалды. Өсімдік шаруашылығына қатысты айтар болсақ, аймақта 747,1 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, бүгінгі күнге 283 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Орташа өнімділігі гектарына —10,2 центнер. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған 317 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Облыс төңірегінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жылсайын мемлекеттен қолдау көрсетіліп келеді. Ағымдағы жылы аймақтың ауыл шаруашылығы саласын тізгіндегендер үшін 13,2 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатындарға — 6,0 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығымен шұғылданатындарға — 1,3 миллиард теңге, қайта өңдеу саласына — 0,3 миллиард теңге, сондай-ақ басқа да субсидиялар мөлшері — 5,6 миллиард теңге.
Сонымен қатар өңірде 2023-2026 жылдар аралығында құны 504,3 миллиард теңге болатын 93 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл орайда биылғажалпы сомасы 9,7 миллиард теңгеге 22 инвестициялық жоба жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 7,4 миллиард теңгеге 14 жоба жүзеге асырылды.
Облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,3 миллиард теңгеге 1657 бизнес-жобаның құжаты тапсырылып, нәтижесінде 6,8 миллиард теңгеге 1580 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 5,2 миллиард теңгеге 1194 жобаға несие берілді.732 мүшесі бар 71 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Үш жылдың жоспары
— Өнімді өндіру бар да, оны өңдеу бар. Аймақта агроөнеркәсіп саласында өңделетін өнімнің үлесі қанша?
— Агроөңдеу ісін дамытуымыз керек. Онсыз болмайды. Себебі Президент бұл Жолдауында алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу керектігін айтты әрі мұны нақты міндеттеді. «Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», — деді Мемлекет басшысы.
Осыған сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына қатысты айтар болсам, бүгінгі күні облысымызда жалпы қуаттылығы 58 мың тонналық 4 сүт өңдеу зауыты, 25,3 мың тонналық 14 ет өңдеу кәсіпорны, астық өңдеу саласы бойынша 3 диірмен, 4 макарон зауыты, өсімдік майы өндірісінде 2 кәсіпорын жұмыс жасайды. Аталған кәсіпорындарда етті қайта өңдеу үлесі — 35,4 пайыз, сүт өнімдерін қайта өңдеу үлесі — 43,7 пайыз, астық өңдеу үлесі — 68,8 пайыз.
Қайта өңделген өнім үлесін арттыру мақсатында үш жыл ішінде жалпы құны 14,1 миллиард теңге болатын, қуаттылығы 36,2 мың тонналық 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нақтырақ айтсақ, ет өңдеу бағытында —қуаттылығы 15,9 мың тонналық 10 жоба, сүт өңдеу бағытында —қуаттылығы 15,4 мың тонналық 5 жоба, жүн өңдеу ісінде —қуаттылығы 3,6 мың тонналық 1 жоба және көкөніс өңдеу бойынша қуаттылығы 1,2 мың тонналық 1 жоба іске асырылмақ.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға басымдық берілетін болады. Бүгіннің өзінде облыс аумағында ет өңдейтін —35, сүт өнімін өңдеумен айналысатын 105 шағын кәсіпорын ашылды.
Іске асырылатын инвестициялық жобалар аясында ет өңдеу цехтары ашылатын аудандарда мал бордақылау алаңдары, сүт өңдеу цехтары іске қосылатын аймақтарда сүт-тауарлы фермалардың ашылуы қажет. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 3 жыл ішінде қайта өңделген өнім үлесін біз 73 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 64,4 мың тонна, яғни жалпы құны 39,5 миллион АҚШ доллары көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шықты. Атап айтсақ, ет өнімдері — 631,9 тонна, сүт өнімдері — 726,5 тонна, көкөніс — 3159,1 тонна, дәнді-дақыл — 45075 тонна.

Жеңілдетілген несие: 4 сүт-тауарлы ферма құрылады
— Жолдауда ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор жобаларға басымдық берілді. Облыста алдағы күндері осы бағытта қандай ірі жобалар іске асырылмақ?
— Мемлекет басшысы ендіет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор бағыттарға басымдық берді. Сонымен бірге еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармау керектігі ерекше айтылды.
Жалпы аймақта ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қайта өңдеуді дамыту мақсатында жалпы құны 105,5 миллиард теңгеге 13 ірі инвестициялық жоба іске асатын болады.Биылжеңілдетілген 2,5 пайыз несиелеу арқылы жалпы қуаттылығы 18,2 мың тонна болатын 4 сүт-тауарлы ферма құру үшін қаржыландыру басталады. Ол үшін республикалық бюджеттен 2,0 миллиард теңге бөлініп, сенімді өкілді анықтау конкурсы жарияланды.Сонымен қатар 3 етті бағыттағы, 1 жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары мен 2 ет өңдеу кәсіпорны, 1 жүнді терең өңдеу зауытыжәне 2 көкөніс қоймасы іске қосылады.
— Жалпы аймақтағы құс фабрикалары өндіретін өнімдер, көкөніс қоймаларының сыйымдылығы, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың тауарлары облысты толық қамтуға мүмкіндігі жеткілікті ме?
— Бүгінде облыс халқы 32 түрлі негізгі азық-түлік тауарларының 24-і бойынша өзіндік тауарлармен қамтамасыз етілуде. Нақтырақ айтсақ, ұн, нан, макарон өнімдері, сиыр еті, қой еті, сүт және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы және сары май, картоп, көкөніс және басқалары өзімізде өндіріліп, шығарылады және өсіріледі. Ал өнімнің қалған 8 түрі бізге басқа өңірлер, ішінара импорт есебінен келеді. Олар — қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма және балық.
Қазіргі таңда облыста барлығы 120-дан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны бар. Мұндай кәсіпорындар сүт, ет, астық және өсімдік майы өндірісі бағытында жұмыс жасап жатыр. Сондықтан да бүгінгі таңда облыс халқы ет, ұн, нан және өсімдік майы өнімдерімен өзіндік өндіріс есебінен толықтай қамтамасыз етіліп тұр.
— Бұл орайда Ақтөбе өнімдерінің сыртқы нарықты қамту көрсеткіші қандай?
— Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 64,4 мың тонна, яғни жалпы құны 39,5 миллион АҚШ доллары көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шықты. Атап айтсақ, ет өнімдері — 631,9 тонна, сүт өнімдері — 726,5 тонна, көкөніс — 3159,1 тонна және дәнді-дақыл — 45075 тонна. Жергілікті өнімдер, негізінен, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Ауғанстан және Қытай елдеріне экспортталуда. Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарып отырған жиырмаға жуық ірі кәсіпорын бар. Олардың ішінде мал шаруашылығы өнімдерін — 4, астық өнімдерін — 6 кәсіпорын, қызанақ,қияр экспорттаумен — 2, ұн өнімдерін экспорттаушы — 2 және өсімдік майын сыртқы нарыққа шығаратын 2 кәсіпорын бар.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 120-дан астам кәсіпорын бар. Мұндай кәсіпорындар сүт, ет, астық және өсімдік майы өндірісі бағытында жұмыс жасайды.
— Алдағы үш жылға Президент жүктеген негізгі міндеттердің бірі — шағын шаруашылықтарды қолдау.Осы бағытта аймақта қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
— Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. Бұл орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Президент Жолдауда бұл бағдарламаның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет екендігін айтты. Енді осы бағытта жұмыстанатын боламыз. Ол үшін қажетті жағдайлар жасауымыз керек.
Жалпы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау мақсатында ағымдағы жылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Ауыл аманаты» жобасының бастау алғаны мәлім. Жоба аясында 7,3 миллиард теңгеге 1657 бизнес-жобаның құжаты тапсырылып, нәтижесінде 6,8 миллиард теңгеге 1580 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 5,2 миллиард теңгеге 1194 жобаға несие берілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 732 мүшесі бар 71 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, несие алушыларды кооперативтерге біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылған кооперативтердің негізгі мақсаты — өндірілген өнімді өткізу. Себебі ауылхалқы өз өнімдерін өткізу үшін қала мен ауыл арасын жол қылмай, қайта бірігіп кооператив құрып, бұл бағытта өнімді жұмыс атқарылуы қажет. «Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды», — деген Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметтің алдына сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндетін жүктеді. Енді елімізде өндірілетін тауарларды шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылданатын болады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



