Үшкемпіровтің арманы орындалған жыл
Сербияның астанасы Белградта күрес түрлерінен 2023 жылғы әлем чемпионаты аяқталды.
Қазақстанның еркін, грек-рим және қыздар күресі құрамалары барлығы 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 12-орынға тұрақтады. Оның ішінде 1 алтын, 1 қола медаль алған еркін күрес құрамасы жиынтығы 74 ұпай алып, АҚШ, Иран және Грузиядан кейінгі 4-орынды иемденді.
Еркін күрестен 92 кг салмақ дәрежесінде Ризабек Айтмұхан чемпион атанды. Айта кетейік, бұл — Қазақстанның күрес түрлері бойынша 1999 жылдан бері, яғни ширек ғасырға жуық уақыттан кейін алып тұрған алтын жүлдесі. Келесі қазақ балуанының чемпион атанғанын көру — даңқты спортшы, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің арманы болатын. Өкінішке қарай, ол 2020 жылы өмірден озды, бұл күнге жете алмады. Алайда өзі көре алмаса да, Белградтағы жарыс қазақ жанкүйерлерінің есінде Үшкемпіровтің арманы орындалған чемпионат ретінде қалмақ. Мұны Ризабек Айтмұхан да ескерді, елге келген соң ол Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткішіне арнайы барып, тағзым етті.
Еркін күрестен 86 кг салмақ дәрежесінде Азамат Дәулетбеков қола жүлде алды. Ал қыздар арасынан Жәмила Бақбергенова (72 кг) қола жүлдегер атанды. Грек-рим күресі бойынша қазақстандық балуандарға бірде-бір жүлде бұйырмады.
Сондай-ақ бұл чемпионатта Олимпиада жолдамалары да сарапқа салынды. Қазақстандықтар еркін күрестен — 86 кг, ал грек-рим күресінен 87 кг салмақ дәрежесінде — барлығы 2 ғана жолдамаға қол жеткізді.
Айта кетейік, ең көп жолдаманы Жапония балуандары алды, олар 10 жолдамаға иелік етті.
И.ӨТЕМІС.