Шабандоздар жеңісі

Осы аптада облысымыздың намысын қорғаған шабандоздарымыз «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде ІІ орынға ие болып, 16 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Ақтөбелік команда өкілдері өз жетістіктері жайлы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтып берді.
Облыстық ұлттық спорт қауымдастығы клубының директоры Азат Жүкеннің айтуынша, жерлестеріміз былтыр аталған марафонға алғаш рет қатысқан. Алайда жүлде ала алмаған. Биыл екінші рет үлкен дайындықпен барып, нәтижесінде ІІ орынға ие болған.
- Облыстан барған шабандоздар 14 күнге созылған 1300 шақырымдық марафон-бәйгеге ұзақ қашықтыққа жарамды, бұрын аламан бәйгелерге қатысып жүрген, бабы келіскен аттармен барып, барынша нәтиже көрсетуге тырысты. Елордамыз Астана қаласынан басталған бәйге екі аптаға созылып, Түркістан қаласында өз мәресіне жетті. 14 сатыдан тұрған марафонға, 19 команда қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз — Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі — Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды. Осылайша бәйгенің қорытындысы бойынша Жетісу облысының командасы бас жүлдені жеңіп алса, біздің командамыз ІІ орын алды, — деді ол.
Аталған марафонда ІІІ орынды Алматы қаласының командасы иеленсе, мәреге төртінші болып Абай облысының командасы жеткен. Осылайша 4 облыстың шабандоздары жоғары көрсеткіш көрсеткен.
Азат Жүкеннің айтуынша, үздіктер қатарынан көрінген командалар келер жылы елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысады.
Ұлттық спорт клубының бас жаттықтырушысы Айбек Нақпаевтың айтуынша, «Ұлы дала жорығы» марафоны елімізде ұлттық спортты дамытуға ерекше серпін беріп отыр. Мұндай бәйгелер өңірлерде жиі өткізілсе, спортшылардың жаңа белестерді бағындыруына ықпал етпек. Биылғы марафонға Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылының және Мұғалжар, Темір аудандарының шабандоздары қатысқан.
Айта кету керек, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі биыл ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Amanat партиясының қолдауымен, «Sport Qory» спортты қолдау қорының демеушілігімен ұйымдастырылды.
Д.АЙДАР.