Спорт

Оңайға соқпаған ойын

Премьер-Лига

«Қызылжар»-«Ақтөбе» — 0:0

23-24 қыркүйек күндері чемпионаттың 23-тур ойындары өтті. Шымкентте «Астана» жергілікті «Ордабасы» командасын 2:1 есебімен ұтты. «Қайрат» Алматыда «Шахтермен» тең ойнады (0:0). «Тобыл» өз алаңында «Жетісудан» 1:2 есебімен ұтылып қалды. Кезекті рет ұтылған «Каспий» мен «Ақсудың» биыл бірінші топқа түсіп қалатыны айқындала түскендей болды.

Чемпионат басталғалы 157 кездесу өткізіліп, қақпаларға 383 гол соғылды. Әр кездесуде орта есеппен 2,44 гол өткізілді.   

Бұл турда «Ақтөбе» Петропавловск қаласында «Қызылжар» командасымен кездесті. Жерлестерімізге тілектестердің болжамы бойынша «Ақтөбе» бұл ойыннан үш ұпай олжалауға тиіс болатын. Бұның алдында ғана «Ордабасы» командасын ұтқан ақтөбеліктердің өздеріне деген сенімділігі нығайып, жеңісті жеңіске жалғастыруы әбден мүмкін еді.

Олай болмады. Қызылжарлықтар біздің футболшылардың еркін қимылдауына мүмкіндік бермеді. Әр қадамы есепке алынып, әр қимылы бақылауда болған футболшылардың, расында да, тұсаулы аттай шоқырақтай бермеске амалы да жоқтай еді.

Ойынды ақтөбеліктер шабуылдаудан бастағанымен нәтиже шығара алмай қойды. Кездесу басталар-басталмаста Максим Самородов жасаған соққыдан соң доп қарсыластар қақпасының діңгегін жалап өткені болашақ голдың нышанындай көрінген. Бірақ олай болған жоқ. 14-минутта «Ақтөбе» және бір шабуыл ұйымдастырып, қауіп төндіргенімен, қақпаны шалт қимылдаған қызылжарлық қақпашы Вадим Петров шеберлікпен қорғап қалды. Бірінші таймның соңғы минуттарының бірінде алға шығуымызға және бір мүмкіндік туғандай болды. Қызылжарлықтар қақпасының алдына жетіп қалған Максим Самородовқа әріптестері тамаша пас тастады. Максим емін-еркін соққы жасады-ақ, бірақ доп тым әуелей ұшып кетті. Қаншама әрекеттенсе де қызылжарлықтардан айласын асыра алмаған жерлестеріміз бірінші таймды сырт көзге басымдылықпен өткізгенімен, нақты нәтижеге жете алмады.

Екінші таймда да жерлестеріміз шабуылдаудан тынған жоқ. Дегенмен мұның алдындағы 45 минуттағы нәтижесіз жүгірістер бұл таймда да өзгерген жоқ. «Ақтөбе» шабуылдаумен болды, «Қызылжар» мығым қорғанумен болды. Бас бапкеріміз Андрей Карпович ойынға жаңа өрнек енгізу мақсатымен өзгерістер жасап, Ескендір Қыбырай, Милош Раичкович, Андерсон Ньянгбо, Максим Самородовтардың орнына алаңға Әділхан Таңжарықов, Бауыржан Байтана, Арман Кеңесов, Андрия Филипович тәрізді ойыншыларымызды шығарды. Бірақ бұдан да пайда болмады. Шабуыл мен қорғаныс қатар өрби берді. Осылай басталған кездесу осылайша аяқталды.

Әрине, екі команда да бұл есепке қанағаттанған жоқ. Әсіресе кәдімгідей басымдықпен ойнаған «Ақтөбе» футболшылары мықтап бармақ тістеп қалды-ақ. Кездесуден соңғы сұхбатта қызылжарлық бас бапкер Али Алиев өз футболшыларына риза екендігін, олар тактиканы дұрыс ұстанғандарын айтты. Ал Андрей Карпович: «Бұл ойынның оңайға соқпайтынын білдік. Біз бұл жаққа үш ұпай алу үшін келгенбіз және кездесу барысында шабуыл желісін түгелдей жаңарттық. Алмастырулар арқылы ойынымызды жақсартуға тырыстық, дегенмен оны жүзеге асыра алмадық», — деп ақталды да қойды.

Иә, бұл ойынның оңайға соқпайтыны онсыз да белгілі еді. Себебі «Қызылжардың» биылғы бір мақсаты — бұл чемпионатты қола медальмен аяқтау. Тап қазір бұлардың үшінші орыннан үміткер тағы бір командадан, «Қайраттан» бір ұпайы ғана кем және запаста әлі бір ойыны бар. «Қызылжардың» «Тобылмен» болатын кездесуіне екіұдай қарағанның өзінде, одан соңғы «Оқжетпес», «Мақтаарал», «Қайсар» командаларынан ұпайлар алып қалудың мүмкіндігі жоқ емес. «Қызылжар» бірінші айналымда бұл үш команданы да ұтқан болатын. Сондай-ақ «Қызылжар» жеті турдан бері ұтылмай келе жатқанын да ұмытпаған жөн.

Ал «Ақтөбе» бұл тең ойыннан соң биылғы алтын медальдан үміт үзген де шығар. Өйткені, біріншіден, алғашқы екі орындағы команда да «Ақтөбеге» қарағанда әлі бір кездесуді артық өткізеді. Оған қоса «Ақтөбенің» айналым соңына қалған үш қарсыласының бірі — «Астана».

«Қызылжар»-«Ақтөбе» — 0:0

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, капитан, Тимур Рудосельский,​ Дмитрий Яшин, Ескендір Қыбырай (Әділхан Таңжарықов, 57-минут), Леонел Струмия, Милош Раичкович (Бауыржан Байтана, 68-минут), Андерсон Ньянгбо (Арман Кеңесов, 68-минут), Максим Самородов (Андрия Филипович, 68-минут), Рожерио Шина (Дмитрий Бессмертный, 86-минут)​, Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

23 қыркүйек 2023 жыл. Петропавловск қаласы, «Жастар» стадионы. 3000 адам.   

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 4 гол;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 3 доп;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 2 доп;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 23 кездесу өткізіп, 12 рет жеңді, 9 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 45. Доп айырмашылығы — 39:20.

*   *   *

23-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ордабасы» (Шымкент) — 49 ұпай;
  2. «Астана» (Астана) — 46 ұпай;
  3. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 45 ұпай;
  4. «Қайрат» (Алматы) — 39 ұпай;
  5. «Қызылжар» (Петропавл) — 38 ұпай;
  6. «Қайсар» (Қызылорда) — 30 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 30 ұпай;
  8. «Тобыл» (Қостанай) — 28 ұпай;
  9. «Жетісу» (Талдықорған) — 28 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 25 ұпай;
  11. «Мақтаарал» (Атакент) — 24 ұпай;
  12. «Оқжетпес» (Көкшетау) — 22 ұпай;
  13. «Каспий» (Ақтау) — 15 ұпай;
  14. «Ақсу» (Павлодар) — 15 ұпай.

(Басқалардан «Тобыл» мен «Мақтааралдың» 2 ойыны, ал «Ордабасы», «Астана», «Қызылжар», «Оқжетпес» командаларының 1 ойыны кем екендігін еске саламыз).

*   *   *

24-тур ойындары 30 қыркүйек, 1 қазан күндері өтеді:

30 қыркүйек, сенбі

«Ақтөбе» — «Астана»

«Жетісу» — «Ордабасы»

«Шахтер» — «Тобыл»

1 қазан, жексенбі

«Атырау» — «Мақтаарал»

«Каспий» — «Қайрат»

«Ақсу» — «Қайсар»

«Қызылжар» — «Оқжетпес»

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button