Ұлттық экономика вице-министрі Абзал ӘБДІКӘРІМОВ: Ақтөбе — ауылды дамыту бағдарламаларын орындау бойынша көш басында

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов Алға ауданындағы Үшқұдық ауылдық округінің жай-күйімен танысып, тұрғындармен кездесті.
Ведомство басшысының орынбасары әуелі Үшқұдық мектебіне барды. Аталған білім ошағы 2021 жылы «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. 40 жылдан астам тарихы бар ғимаратқа бұл мақсатта Үкіметтен 23 миллион теңге бөлінген. Соның арқасында нысанның іші-сырты жаңартылып, кәріз құбырлары ауыстырылыпты. Балалар бұрынғыдай қоңырау кезінде далаға жүгірмейді…
— Қай мезгілде болсын, әжетхананың іште болғаны жақсы ғой. Біз де, ата-аналар да риза. Қазіргі таңда мектебімізде 48 мұғалім, 350-ге тарта оқушы бар. Биыл 1-сыныпқа 30 бала қабылданды, — дейді мектеп директоры Нұрболат Балғожин.
Елді мекендегі жалғыз «Нұр» жекеменшік балабақшасында да тәрбиеленушілер аз емес. 2021 жылы ашылған мектепке дейінгі ұйымға 63 ұл-қыз барады. Мұнда 21 адам жұмыспен қамтылған. Ауылдың кішкентайлары үшін бірорталық аздық етіп тұр.
Ал құрылысы қызу жүргізіліп жатқан спорт кешенінің салтанатты ашылуы жақын. Аумағы 720 шаршы метрлік орталықта жастар қысы-жазы футбол, баскетбол, волейбол ойнай алады. Жобаға «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 279 миллион теңге жұмсалған. Мердігер — «Шаңырақ XXI» ЖШС. Жоспар бойынша қазан айының соңында пайдалануға берілетін ғимаратты аралап шыққан Абзал Әбдікәрімов барлығын уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Сол сияқты «Абаттандырылған ауыл» жобасының арқасында ажары кірген «Жанұя» саябағының қазіргі жай-күйі де таныстырылды. Аудандық бюджет пен демеушілердің көмегімен жөнделген демалыс орнында әсіресе кешқұрым серуендейтіндер баршылық екен.
Бұдан бөлек вице-министр Үшқұдық ауылындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының аужайын білді. Атап айтқанда, жылыжай салып, көкөніс еккен Сыйлаған Жұбаниязов пен Нұрзада Жапарованың кәсіптерімен танысты. Сыйлаған бағдарлама бойынша 6 миллион теңгені несиеге алып, қияр-қызанақты енді ғана ексе, Нұрзада алғашқы өнімін жинап үлгерген. 160 шаршы метрге қиярды молынан еккен жас отбасы тамшылатып суару әдісін қолға алған.Егер бастаған ісі сәтті жүзеге асса, келер жылы жеміс-жидек өсіруді де ойластырып отыр. Ең бастысы, Үшқұдықта өсірілген қиярға сұраныс бар. Өз кезегінде Астанадан келген шенеунік те тұрғындарды мемлекеттің ұсынған оңтайлы мүмкіндіктерін пайдалануға шақырып, 2,5 пайыздық несиенің тиімді екенін атап өтті.
Түске жақын осыдан 3 жыл бұрын қалпына келтірілген ауылдық Мәдениет үйін аралап, сондағы коворкинг орталық, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша салынған сұлулық салонын барып көрген Абзал Әлиұлыжұртшылықпен кездесті. Үшқұдықтықтар әр көктемде екі бөгетті де су шайып кететінін, аталған ауылдық округке қарасты Жерұйық елді мекенінде газдың жоқтығын мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ көршілес Тамды ауылында спорт кешені салынса деген тілегін білдірді.
— Президент тапсырмасына сәйкес министрлер, олардың орынбасарлары болып ауыл-аймақты аралап жүрміз. Ондағы ойымыз — халықтың мұң-мұқтажын білу, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын қадағалау. Маған жаңа айтылған арыз-шағымдар, ұсыныстарды өз бақылауыма аламын.
Ақтөбе облысына биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Былтыр 7 миллиард теңге еді. Яғни өсім бар. Сәйкесінше, мыңнан астам жоба іске асырылып жатыр. Шағын несиелеу бойынша қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының да көрсеткіші көңіл қуантарлық. Осы тұста ауылды дамытуға бағытталған Үкіметтік жобалардың Ақтөбеде жоғары деңгейде орындалып жатқанын, бұл бойынша осы өңірдің көш басында екенін айтқым келеді, — деп сөзін түйіндеді Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл облыста «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша 34 елді мекенде 62 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, 64 шақырым автомобиль жолдарын, 53 шақырым инженерлік желілерді және 28 әлеуметтік нысанды салу һәм жөндеу жоспарланған.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Ақтөбе-Алға-Ақтөбе.



