Әкімдер сайлауы: талап және тілек

Биыл 5 қарашада облыстың үш ауданында әкімдер сайлауы өтеді. Өңірде
16 қыркүйектен бастап үміткерлерді ұсыну шаралары басталды. Алайда сайлау өтетін Ойыл, Қобда және Ырғыз аудандарында әзірге ешқандай үміткерлер ұсынылмаған. Біз кандидаттарға қойылатын талаптар мен сайлаудың кезеңдері туралы жауапты орган өкілдерінен сұрадық. Сондай-ақ пилоттық жобаға қатысатын аудан тұрғындарының пікірін білген едік. Әлқисса…
Кандидаттарды ұсыну қашан аяқталады?
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, 16 қыркүйектен бастап өңірде кандидаттарды ұсыну кезеңі басталған. Бұл кезең сайлау өткізілетін күнге отыз күн қалғанда, яғни 5 қазанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.
Егер ұсыну мерзімі аяқталған уақытта екі адамнан аз кандидат ұсынылса, онда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзарта алады.
Аудан әкімдері сайлауында үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Біріншісі, белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері арасынан бір адамды ұсынуына болады. Бұл жерде саяси партия бір сайлау округінде тек бір кандидат ұсынуға құқылы. Екіншісі, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Егер ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы, — дейді Н.Жүсіпов.
Оның айтуынша, кандидаттарды тіркеу сайлау комиссиясы барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күніне 25 күн қалғанда, яғни 10 қазанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.
Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті оларды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Сайлау алдындағы үгітті өткізу Сайлау туралы Конституциялық заңмен реттелген. Ал сайлау қорытындыларын ауданның аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде жариялайды.
- Аталған үш ауданда 10 қазан-4 қараша аралығында үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Үгіт жұмыстары 4 қараша күнгі сағат 00.00-де аяқталады. 4 қараша — тыныштық күні. Ал 5 қараша күні үш аудандағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беру болады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көп дауысын жинаған кандидат жеңіске жеткен болып саналады. Аумақтық сайлау комиссиялары 11 қарашадан кешіктірмей барлық кандидаттар мен олардың жинаған даусы, кімнің басым дауыс жинағанын жариялауы керек, — дейді комиссия төрағасы.
Кімдер үміткер бола алмайды?
Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, биылғы әкімдер сайлауына түсетін үміткерлерге қойылатын басты талап — олар Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Екіншіден, саяси мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға сай болуы керек. Үшіншіден, жас шегі — 25 жас және тексерістен оң нәтиже алуы шарт. Сондай-ақ Конституциялық заңның 113-2-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін тексеру үшін әкімге кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тізбесі бірлескен ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 21 маусымдағы №102 бұйрығымен және Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 маусымдағы №4/407 қаулысымен белгіленген құжаттарды ұсынуы керек.
Конституцияға сәйкес сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі бар адам сайлауда әкімге кандидат бола алмайды.
Айта кету керек, сайланатын әкімдердің өкілеттік мерзімі — 4 жыл.
Аудан әкімдерін сайлау кезінде дауыс беру 5 қараша күні аталған үш ауданда таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін өтеді. Сайлау учаскелерінде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағаттан кешіктірілмеуі қажет. Көп дауыс жинаған кандидат аудан әкімі болып сайланып, комиссия 7 күн ішінде оны тіркеп, тиісті куәлік беруі керек.
Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
- Дауыс беру кезінде аудандардағы сайлау учаскелеріне байқаушылар саяси партиялардан, аккредиттелген үкіметтік емес ұйымдардан жіберіледі. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде дауыс беру процесін кандидаттардың сенім білдірген өкілдері де бақылай алады. Алайда дауыс беру шараларына байқаушы ретінде бір ұйымнан бір мезгілде бір адамнан ғана қатысуға құқы бар, — дейді комиссия төрағасы.
Оның айтуынша, биыл аудан әкімдерін сайлауға жергілікті бюджеттен 136,2 млн теңге қаржы бөлінген. Мәселен, сайлау кезінде аудан әкіміне кандидаттың жергілікті бюджет қаражатынан жабылатын шығыс мөлшері — 420 мың теңге. Бұл қаржыға үміткерлер
телеарналар мен басылымдарға материал шығарып, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ аталған қаржының 70 мың теңгесі көлік шығындарына қарастырылған.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Биыл аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін тікелей сайлау еліміз бойынша 17 облыста өтеді. Өкілеттіктерге сәйкес 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті. Олардың ішінде үшеуі қала болса, 42-сі — аудан.
Облысымызда аудан әкімдері сайланатын үш ауданда бүгінде жалпы саны 28332 сайлаушы бар. Оның 9493-і Ойыл ауданында тұрса, 10540-ы — қобдалықтар. Ал Ырғыз ауданындағы сайлаушылар саны — 8299.
Аудан тұрғындары не дейді?
Жолдыбай ӘУЕСОВ, Ырғыз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында былтыр ауыл әкімдері сайланды. Міне, биыл пилоттық режимде жүзеге асырылатын жоба аясында
әкімдер сайланатын аудандар қатарына Ырғыз өлкесі де қосылып отыр. Бұл тұрғыда біз,
ырғыздықтар, өте қуаныштымыз.
Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге біздің ауданның халқы немқұрайды қарамай, үнемі белсенділік танытып келді. Алда өтетін бұл сайлауда да жерлестерімнің дәл сондай белсенді болатынына кәміл сенемін.
Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы — туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Сондықтан «мен»
деп алға суырылып шыққан, білімді, жан-жақты азаматтарды қолдасақ, әрбіріміз өз таңдауымызды жасасақ, бұл да бір демократиялық қоғам құруға деген қадам деуге болады.
Тағы бір айтарым, аудан әкімі болып жергілікті жердің азаматтары сайланса және олар 4-5 жыл туған жеріне қызмет етсе, сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады.
Жасұлан ЕРЖАНОВ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры:
Жалпы, қай кезде де жергілікті атқарушы орган дегенде бірінші кезекте аудан, қала әкімдері еске түседі. Оның ішінде аудан әкімдерінің жұмысы мүлдем бөлек. Сондықтан оларды сайлау мәселесіне өте үлкен сақтықпен қарағанымыз жөн. Осыған дейін біздің ауданымызда ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтіп, халық өздері таңдау жасаған болатын. Бұл жолы да аудан халқы өңірдің саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайынан хабардар, елдің игілігіне адал қызмет ететін үміткерге дауыс береді деп сенеміз.
Меніңше, әкім қашанда әділ, шыншыл, шаруа және жан-жақты болуы керек. Және осы кезден бастап біз жастарға жол бергеніміз абзал. Тың бастамалары бар, күш-жігері мықты жастар аудан әкімі болып сайланса, ол — құптарлық іс. Мәселе басшының жасында емес, оның көрген-түйгенінде, ауданның шарасын иіріп әкетуінде. Сондықтан 5 қарашада болатын әкімдер сайлауында ойылдықтар осындай жан-жақты, ауылдың, елдің проблемасын білетін, оны шешуде тұрғындармен бірлесе жұмыс істейтін азаматқа дауыс береді деп ойлаймын. Барлық үміткерге сәттілік тілеймін.
Әлихан БІЛӘЛ, Қобда аудандық балалар өнер мектебінің домбыра класының жетекшісі:
— Биыл Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау өтетінін айтты. Бұл туралы Президентіміз: «Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», — деген болатын. Міне, Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында 5 қарашада облысымыздағы үш ауданда әкімдер сайлауы өткелі отыр.
Биылғы сайлаудың нәтижесінде ауданымызға жоғары білімді, білікті, мемлекеттік тілді
жақсы білетін, ауылдың мәселесін көтеріп, оны шешуге жұмыстанатын басшы келсе екен дейміз. Қобда ауданы — батырлар мекені. Ауданымызда туризм саласы жақсы дамып келеді. Осы орайда жаңа сайланған әкім туған өлкемізді дамытып, батырлар мекенін өзге өңірлерге танытса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі таңда Қобда ауданында жолдар салынып, елді мекендер ауызсумен, газбен қамтылып жатыр. Балалардың, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, қобдалықтардың жағдайы жақсы. Енді ауданымызға біздің осы жағдайымызды одан да жақсартып, туған өлкемізді гүлдендіретін әкім керек.
Данагүл ҚАЗИХАН.



