Басты жаңалықтар

Тұрақтандыру қоры: көкөніс көлемі жеткілікті ме?

Жақында өткен Үкімет отырысында елімізде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тамақ өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыру қажет екені айтылды. Бүгінгі басты назардағы мәселе — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, тұрғындарға сапалы өнім ұсыну.

Облыста маусымаралық кезеңге көкөніс және басқа да азық-түлік тауарлары жеткілікті ме? Қыс қыр астында екенін ескерсек, бұған дайындық қалай? Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарлары құнының негізсіз өсуіне жол бермеу қадамдары қандай? Аймақта осы бағытта атқарылып жатқан шаралар турасында тиісті мекеме өкілдерін сөзге тартқан едік… 

Әлеуметтік нан және төрт нан зауыты

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірдің тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 2018-2023 жылдар аралығында 3 014,0 миллион теңге қаражат бөлінді.Тұрақтандыру қорының бірыңғай операторы — «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ақтөбе филиалы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, 2023-2024 жылдардың маусымаралық кезеңіне күзгі егін өнімдерін тұрақтандыру қорына алу бойынша жергілікті тауар өндірушілермен арада келісімшарттар жасалған. Атап айтқанда, картоп — 5196,0 тонна, сәбіз — 1228 тонна, пияз — 835 тонна, қырыққабат — 1100 тонна.

Келісімшартқа отырғандай, көкөніс көлемі маусымаралық кезеңге жеткілікті, — деді Қ.Сәрсембай.

Өңірде әлеуметтік нан бағасын реттеу мақсатында ұн өндірушілермен және ірі наубайханалармен келіссөздер де жүргізілген. Бұл орайда аймақта бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында 560,0 млн теңге болатын 4553 тонна бірінші сұрыпты ұнбиыл сәуір айынан бері облыстың 4 ірі нан зауытына — «Рамазан», «Ақтөбе нан», «Атамекен-НАН» және «Наным» серіктестіктеріне келісі 105 теңгеден бөлінуде. Осылайша өндірушіден әлеуметтік нанның бір бөлкесі 86 теңгеден жіберіліп, қазір сауда желілерінде 87 теңгеден сатылып жатыр.

Қоймаға 100 тонна күнбағыс майы жеткізіледі

Облыс әкімінің қаулысына сәйкес тұрақтандыру қорына сатып алынатын тауарлардың тізбесі 10 атаудан тұрады.

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ақтөбе филиалы басқарма төрағасының орынбасары Жарасқан Қабиевтің айтуынша, аймақ халқын қысқы және көктемгі кезеңдерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында арнайы келісімшарттар жасалған. Яғни бұл шара өнім өндірушілердің күзгі жиын-терініне байланысты жүргізіледі.

Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 31 тонна қарақұмық жармасы, 300 тонна қант сақталуда. Маусымаралық кезеңге 340 тонна күріш және 100 тонна күнбағыс майын алу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр,

Арнайы қағидаға сәйкес халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 пайызы мөлшерінде алдын ала төлем жасау арқылы жүргізіледі. Жеткізушілердің қоймаға тауарды жинау және салу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана толық төлем жасалады, — деді Ж.Қабиев.

Өңірлік тұрақтандыру қорындағы тауарлароблыс жұртшылығына «Табыс» коммуналдық базарлары мен «Анвар» және «Дина» ірі сауда желілерінің өтінімдері бойынша сатылады. Яғни аталған сауда желілерінде әлеуметтік маңыздағы тауарлар қоймадан сату бағасының 5 пайызынан аспайтын тауар үстемесін ескере отырып сатылуға тиіс. Ал қоймадан өткізу бағасымемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 пайызға төмен бағаны ұстап қалуды ескере отырып жүзеге асырылады.

Күріш пен сәбіз неге қымбаттады?

Статистика департаментінің мониторингіне сәйкес, биыл 5 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 17 түрі бойынша бағалар орташа республикалық бағадан төмен болған. Тек өнімнің екі түрі бойынша  жоғары болды. Яғни күріш —  17,2 пайызға, сәбіз 3 пайызға өскен.«Бұл — өнім өндірушілер мен оны түпкілікті жеткізушілердің ісі. Яғни олар өз кезегінде шикізат, логистика және коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне байланысты өнімнің бағасын да өсірген. Сонымен қатар тауар құнына жергілікті өндірістің болмауы да әсер етеді. Себебі облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 атауынан 4 өнім түрі өндірілмейді. Олар — тазартылған күріш, құмшекер, қарақұмық жармасы және ас тұзы», — дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.

Меморандум жасалды, мониторинг жүргізіледі

Биыл Ақтөбе қаласы әкімдігі бағаның өсуіне жол бермеу және жергілікті тауарөндірушілерге қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жергілікті тауар өндірушілермен, сауда желілерімен, сауда базарларымен және жылыжай шаруашылықтарымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы  40-тан астам меморандум жасады. Сондай-ақ Алматы және Астана аудандары әкімдіктері қаладағы үй жанындағы 351 дүкеннің иесімен меморандумға қол қойды. Қазір қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына және меморандум шарттарының сақталуына байланысты күн сайын мониторинг жүргізіледі. Бұл орайда  «Анвар», «Дина»желілерінің сауда объектілері, «Табыс», «Алтай» және «Жилгородской» базарлары  мен Орталық базар, сонымен қатар үй жанындағы дүкендер қамтылады. Мамандар мұндағы азық-түліктің орташа бағасын шығара отырып, ақпарат күн сайын облыстық кәсіпкерлік басқармасына ұсынылады, — деді Асқар Көкеев.

Оның айтуынша, бүгінде қала аумағында әлеуметтік маңызға ие тауарларды жеткізуші «өнімсіз делдалдарды» анықтау жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.

Бұл орайда  құрамында әкімдік қызметкерлері, қоғам өкілдері, депутаттар мен өзге де ұйым мүшелері бар 10 жұмыс тобы құрылған. Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы қаралып, жадынамалар беріліп, бағаны белгіленген шекті сауда үстемесінен асырмау, сондай-ақ бұл орайда қаралған әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстарыжүргізіліп, тауар жеткізушілерге қатысты қосымша ақпараттар сұратылады.

Үй жанындағы дүкендерге жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша негізгі тауарларды жеткізушілер анықталған. Нақтырақ айтсақ, азық-түлік өнімдерінжеткізушілер — «Балманов», «Мұқашев» жеке кәсіпкерліктері мен «РОКОС», «Анвар», «Dina market» серіктестіктері және басқалары. Мұндай сауда орындарына көкөністерді «АгроОптСервис» ЖШС сауда базарының жалға алушылары жеткізіп отырады. Ал сүт өнімдерін жеткізушілер — «Айс», «Агрофирма Тау» сияқты серіктестіктер болса, сөредегі нан өнімдері— «Ақтөбе НАН», «Рамазан», «Атамекен» серіктестіктері мен шағын наубайханаларда пісірілген тауарлар.

 — Жақында Ақтөбе қаласы аумағында ішкі сауда субъектілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі мөлшерінің сақталуын мониторингілеу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуші өнімсіз делдалдарды анықтау жөніндегі жұмыс тобы мүшелері, облыстағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары мен Amanat партиясының өкілдерібірлесіп әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Мониторингтік топпен Орталық базар және үй жанындағы дүкендер қамтылды. Шара барсында сауда желілеріне тауарлардың баға белгілерінің жоқтығы сияқты бірқатар бұзушылықтар анықталып, ескертулер жасалып, кемшіліктер жойылды, — деді А.Көкеев.

Мүгедектерге жеңілдікпен сүт өнімдері беріледі

Облыс орталығында әлеуметтік шағын базарлар санын ұлғайту— жергілікті биліктің алдындағы негізгі жұмыстардың бірі. Бүгінгі күні бұл бағытта қаланың әр аумағында 8 жер учаскесі қаралған. Сол сияқты жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінің қолжетімділігін арттыру үшін конкурстық негізде стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру үшін басымдық тәртібімен орындар берілген. Қазір облыс орталығында «Айс плюс» серіктестігіне — 16, «Агрофирма Тау» кәсіпорнына — 3, шаруа қожалықтарына арналған 29 орын берілген.

Облыс көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру шарасы мұнымен шектелмейді. Жыл соңына дейін әлі елуден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады. Жәрмеңкедегі бағалар нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен.

Асқар Көкеевтің айтуынша, жергілікті сүт өнімдерін өндіруші — «Агрофирма Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көпбалалы отбасыларға және 1,2,3-топтағы мүгедектерге өз өнімдеріне жеңілдіктер беру бойынша қазір пилоттық жобаның  пысықталып жатқанын жеткізді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button