Ақтөбелік шабандоздар күміс жүлдеге ие болды

Ұлы дала жорығы-2023
19 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 14-кезеңі аяқталып, тарлан тарихтың куәгері болған, руханияты жаңғырған еліміздің рухани астанасы Түркістан төрінде жеңімпаздар анықталды.
Таңғы сағат 7.00-ден бастап соңғы 50 шақырымды еңсеруге аттанған 4 команда ішінде Жетісу облысының командасы топ жарып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Соңғы меже — Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Жетісу облысының командасы бас жүлдені жеңіп алып, 18 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Біздің Ақтөбе облысының командасы екінші орын үшін 16 миллион теңге, ал үшінші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 миллион теңгені қанжығасына байлады. Мәреге төртінші болып келген Абай облысының командасына төрешілердің шешімімен жүлдеге 5 миллион теңге берілетін болды.
Он төртінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты мынадай:
Жетісу облысы — 93 сағат 47 минут 43 секунд.
Ақтөбеоблысы— 95 сағат 06 минут 37 секунд.
Алматы қаласы— 104 сағат 23 минут 57 секунд.
Абай облысы— 112 сағат 12 минут 46 секунд.
Ақтөбеліктердің он жүйрігі
Біздің облыстың командасы жүлделі орыннан көрінгесін, ақтөбелік шабандоздарға хабарласып, құттықтағанбыз.
Облыстық ұлттық спорт қауымдастығының басшысы, команда жетекшісі Азат Жүкеннің айтуынша, «Ұлы дала жорығы»қазақ атбегілерінің атты баптау деңгейін көрсетті.
— Біздің шабандоздар 14 күнге созылған 1300 шақырымдық марафон-бәйгеге ұзақ қашықтыққа жарамды, бұрын аламан бәйгелерге қатысып жүрген, бабы келіскен Ақбөкен, Малыш, Ақтанау, Ербол күрең, Браслет, Алатау, Торлыаяқ, Көкжорға, Қара ат, Терминатор секілді аттармен қатысты. Бұл жүйріктердің бәрі де облыс аумағынан іріктеліп жиналды. Негізі, ата-бабаларымыз арғымақ, тұлпар, сәйгүлік болатын аттарды құлын кезінде таныған, тұқымына да мән берген. Мысалы, Ақтамберді жырау:
«Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас», — деп жырлаған ғой. Яғни бұрынғылар асылтұқымды танитын мықты селекционер болған. Қазір де елімізде жылқы танитын, ат жарататын мықтылар бар. «Ұлы дала жорығы» — соның дәлелі. Марафон-бәйгеден кейінгі түйгеніміз, үкімет асыл тұқымдылар жойылып кетпей тұрғанда, қолымызда бар Қостанай, Адай жылқыларын өсіруді қолға алу керек, — дейді Азат Жүкен.
Көңіл күйді бірлеген Ақтөбе облысы командасының бапкері Айбек Нақпаев былтырғы қателікті биыл жібермеуге тырысқандарын жеткізді.
— Былтыр марафонның төртінші күні алға шықтық, он бірінші күнге дейін алдыңғы сапта жүрдік. Сосын аттардың іші ауыра бастады, ол судан да, шөптен де болуы мүмкін. Бір күн қалғанда бір аттың іші кетіп, жарыс жолынан шығып қалдық. Ал биыл былтырғы қателіктерді жібермейік деген есеппен, өзімізбен бірге Ақтөбенің шөбін алып жүрдік. Марафон-бәйгелерде жылқыларға күндегі өзі жеп жүрген азығын берген дұрыс. Мысалы, жоңышқа жеп жүрген ат болса, ештеңе де болмауы мүмкін. Ал Ақтөбеде жоңышқаны көп екпейді, сондықтан аттар да жоңышқа жемейді, жесе іші кетіп қалуы мүмкін. Көлікпен команда соңына еріп отырдық. Екі апта аттарды өзім бақылап, қадағаладым. Себебі кейбір жер батпақты, қамысты болса, тағы бір өлке қырлы, тасты келеді. Аттардың тізгінін жер бедеріне қарай жіберіп, тартып отырған абзал, әйтпесе бәйге аты шаршап қалады немесе сүрініп те кетуі мүмкін, — дейді Айбек Нақпаев. Сонымен қатар ол «Ұлы дала жорығы» қазақтың мініс бағытындағы жылқыларына, жалпы, қазақ ат спортына жаңа бір толқу әкелді деп есептейді.
Адай жылқысы рекорд жасады
Сонымен қатар бұл жарыста Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады.
«Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7.10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ бір атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.
Мәреге жетісулық шабандоз екінші болып келсе, артынша астаналық шабандоз жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын орындады. 1300 шақырымды бір ғана атпен бағындырған азаматтар бірінші орын үшін 2,5 миллион теңге, екінші орынға 2 миллион теңге, үшінші орынға 1,5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алады.
«Рекорд» командасының нәтижесіне тоқталсақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 100 сағат 04 минут 34 секундта еңсерді. Үшінші астаналық сәйгүліктің жолының уақыты — 104 сағат 28 минут 11 секунд.
Сонымен бірге командасы жарыстан шығып қалса да, жорықты өз еркімен жалғастырып, 1300 шақырымды жеке-дара бағындырған 10 шабандоздың әрқайсысына төрешілер шешімімен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық бекітілді.
Велошабандоз-жанкүйер
Екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер «Ең үздік жанкүйер» номинациясын беріп, 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады. Айта кету керек, Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі марафон-бәйгеге қатысып, Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды бағындырған еді.
Марафоншылар 5-19 қыркүйек аралығында елордадан шығып, Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымнан астамжол жүріп өтті. Дүбірлі додаға еліміздің он тоғыз өңірінен де команда қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз — Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Марапаттау рәсімі «Түркістан-арена» стадионында өтті. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.





