Басты жаңалықтар

Ақтөбені таза қалаға айналдырайық!

23 қыркүйекте Ақтөбеде жалпықалалық сенбілік өтеді. Бұл туралы қала әкімі Азамат Бекет пәтер иелері бірлестіктерінің басшылары, кәсіпкерлер, құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу барысында айтты.

Облыс орталығы тұрғындарының алдында көшелерді, аулаларды, саябақтар мен бақшаларды жиналған қоқыстан тазарту міндеті тұр.

Сенбілік дәстүрлі екі айлық санитарлық тазалау және абаттандыру акциясы аясында өтеді.

Жиында қала әкімі әсіресе кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі нысан маңын таза ұстауды тапсырды. Бұған дейін тек ескертумен шектеліп келсе, ендігі жерде тазалық жұмысына немқұрайды қарайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынады.

Қала тазалығы — жергілікті атқарушы органдардың басты назарында.

Қала әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, биылғы қаңтардан бастап облыс орталығында тұрмыстық-қатты қалдықтарды шығарумен 3 кәсіпорын айналысып келді: «NEO PLUS», «Clean City Aktobe»  және «Таза Қарғалы». Өкінішке қарай, мамыр айынан бастап — «Таза Қарғалы», тамыздан бастап «Clean City Aktobe» қаржылық қиыншылықтарға тап болуына байланысты қоқыс шығару жұмыстарын тоқтатты. Осыған байланысты тамыз айынан бастап қаладағы тұрмыстық-қатты қалдықтар шығару жұмыстарымен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы  жанынан ашылған «ATK QYZMET» кәсіпорны айналысып жатыр.

Биыл қала бюджетінен 54 арнайы техника (оның ішінде 25 қоқыс шығаратын көлік) сатып алу үшін 3 млрд теңге бөлінген. Әзірге қоқыс шығаратын 16 жаңа техника бар. Қалған техника қазан айында әкелінеді.

Ақтөбені таза әрі жайлы қалаға айналдыру үшін біраз жұмыс жасалып жатыр. Дегенмен өзі отырған мекемесінің маңын қоқыс алаңына айналдырып, үйінен шыққан қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмайтындар ортамызда әлі де бар.

Азамат Бекет, қала әкімі:

— Біздің мақсатымыз — қаланы таза ұстау. Қала тазалығын сақтап, оны гүлдендіру үшін барлығымыз бірлесе жұмыс істеп, алда болатын сенбіліктерге шығуымыз керек. 21 қазанға дейін қаламызда әр сенбі сенбіліктер өтеді. Осы отырған баршаңызды тазалық акциясына белсенді түрде қатысуға шақырамын!

Жұбанов жастары сенбілікке шақырады

Қашанда игі істердің басы-қасында жүретін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жастары«ZHUBANOV ECOFEST — 2023» атауымен өтетін  қалалық сенбілікке шақырады.

Студенттермен бірге тазалық акциясына Айман Сексенова, Жаңбырбай Жиенқұлов секілді экобелсенділер қатысады.

— Өткен сенбіде студенттеріміз жағалау маңын күл-қоқыстан тазартты. Бұл жолы университеттің бас ғимаратының айналасын, «Жұбанов жастары» аллеясын, сондай-ақ Батырлар аллеясын тазартуды жоспарлап отырмыз. Тазалық акциясына Ағайынды Жұбановтар мен Сәтбаев көшесінің тұрғындарын да шақырамыз. Ақтөбе — біздің ортақ үйіміз. Оның тазалығына қаланың әрбір тұрғыны жауапты, — дейді университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Нарқозы Қартжан.

Шара барысында белсенді студенттердің ұйымдастыруымен жәрмеңке және концерттік бағдарлама өтеді.

«Сенбілік біз үшін мереке болатын»

Сенбілік туралы қоғамда түрлі көзқарас бар. Біреулер оны экологиялық мәдениетті қалыптастырудың басты алғышарты ретінде қараса, енді біреулер өзіне еш қатысы жоқ қоғамдық жұмыс деп біледі. Ғұмырының жартысын мемлекеттік қызметке арнаған бүгінде қалалық ардагерлер кеңесін басқарып отырған Ахат Мырзалин үшін сенбілік — мереке.

— Біздің бала күнімізде таза бейсенбі, сенбілік, жексенбілік шаралары жиі ұйымдастырылып тұратын. Сол кезден бастап өзіміз тұрып жатқан ортаны қорғауға үйреткендіктен болар, тазалық шараларына әлі күнге дейін белсене қатысамыз. Ол кездегі тазалық акциялары мереке секілді өтетін. Бір үйдің бірнеше баласы сол тазалық мерекесіне атсалысуға асығатын. Ойнап жүріп өзімізге бекітілген аумақты қалай тазартып тастағанымызды байқамай  қалатын едік. Уақыт өте келе ұстаздарымыз үйреткен жағымды әрекет әдет болып қалыптасты.

Жалпы, балаға қоршаған ортаны таза ұстауды жастайынан үйреткен дұрыс. Кішкентайынан өзінің айналасын қоқыстан тазартып үйренген бала есейе келе мұның қаншалықты жауапты іс екенін түсінеді. Туған жерге деген сүйіспеншілігі артады.

Қала — ортақ, ауа да ортақ. Сондықтан туған өлкенің тазалығына барлығымыз бірдей жауаптымыз! Сенбіде өтетін тазалық мерекесіне үлес қосайық! — дейді Ахат Мырзалин.

«Қаһарман» тазалыққа үндейді

«Қаһарман» ерлер клубының жігіттері екі айлық санитарлық тазалық акциясына белсене қатысып жатыр. Білекті жігіттер өткен аптада қолына кетпен-күрегін алып Жаман Қарғалы өзенінің бойын күл-қоқыстан тазартуға шықты.

— Өткен аптадағы сенбілікке «Қаһарманның» жиырмаға жуық мүшесі шықты. Тоқсан қапшық қоқыс жинадық.

Табиғат аясында тынығып демалған жақсы. Өкінішке қарай, қаланың кейбір тұрғындары өзен маңында демалғаннан кейін қоқыстарын шашып кетеді. Қоршаған орта осыдан лас болады. Біздің жігіттер қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырады. Тазалық пен тәртіп әр адамның өзінен басталатынын естен шығармайық! — деген «Қаһарман» ерлер клубының мүшесі Ерлен Жұмағазин құтты мекеннің тұрғындарын қазан айының соңына дейін өтетін тазалық акциясына қатысуға шақырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button