Денсаулық

Аллергия өршіп тұр. Аллерголог аз


ХХІ ғасырда ең көп таралған аурулардың бірі — аллергия. Оны кішкене баладан бастап қарияға дейін жақсы біледі. Аллергияның адамдар арасында мол тарағаны соншалықты, тіпті кейбір кісілер түшкіріп, мұрны бітіп, жөтеліп, көзі жасаурағанда, өздеріне аллергия деп диагноз қойып, дәріханадан тиісті дәрілерді сатып алып, өз бетінше ем қолдана бастайды. Аллергияның белгілері қатты ұлғайғанда ғана дәрігерге барып көрінеді.

Біз аллергияның шын мәнінде қандай ауру екенін білеміз бе? Ауру неден пайда болады? Аурудан қалай айығуға болады? Осы секілді сұрақтарға жауап іздеп, Ақтөбедегі Теміржол ауруханасының дәрігер-аллергологы Нәзипа Әлімбаевамен әңгімелестік.

Маусымдық ауру әлегі

Қашан көрсең де мұрны су болып, көзі жасаурап, мазасы кететін адамдар болады. Олар — аллергия ауруларының «құрбандары».

Дәрігерлердің айтуынша, аллергия — ағзаның бөгде затқа сезімталдығының

әсері. Адам ағзасында иммундық жүйе төмен болса, сезімталдығы артып, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі.

Осыдан не бары елу-алпыс жылдар бұрын аллергия сирек кездессе, қазіргі кезде аллергия — өте жиі кездесетін аурулардың бірі, орташа есеппен әрбір үшінші адам аллергиядан зардап шегеді екен.

Теміржол ауруханасының дәрігер-аллергологы Нәзипа Әлімбаеваның алдына жаз мезгілінде, яғни қазіргі уақытта күніне шамамен 40-қа жуық науқас шағым айтып келеді. Жаз айларында өршитін себебі де бар, дәрігерлер мұны осы мезгілде қаулап өсетін түрлі шөптермен байланыстырады. Медицинада аллергияның бұл түрі көктемнен күзге дейін ғана созылатын болғандықтан, «маусымдық поллиноз» деп аталады.

Аллергияға тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді. Мұны айналамыздағы аллергиялық аурудың зардабын шегіп жүрген адамдардан көріп жүрміз. Дәрігер-аллергологтың айтуынша, кей кездері науқастың тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті аллергиялық естен тану болуы да мүмкін.

Нәзипа Асанқызы аллергияның пайда болуына екі фактор әсер ететінін айтты. Біріншісі, егер ата-анасының бірі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырған болса, баланың сол аллергияға бейімділігі. Таратып айтсақ, егер баланың әкесі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырса, баланың аллергиялық ауруға шалдығу ықтималдылығы 80 пайыз, ал бұрын анасы ауырған болса, баланың ауруға бейімділік ықтималдылығы 50 пайыз болады екен.

Ал екінші фактор — жүре пайда болатын аллергия. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп кездеседі. Бұл — маусымдық поллиноз, аллергиялық коньюктивтің кең таралған түрі. Қазір жаз мезгілінде осы түрі өршіп тұр.

Ауруға түсінік берсек, поллиноз (латын тілінде pollen — өсімдік пен шөп тозаңы және osіs — ауру) — жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын аллергиялық ауру. Аурудың маусымдық сипаты бар, әсіресе, желмен тозаңданатын өсімдіктер гүлдеп, ауада тозаң көбейіп, ағзаның сезімталдығы көтерілетін кезде байқалады. Поллиноз бір немесе бірнеше аллергендерде дамуы мүмкін. Аллергендер мұрынның шырышты қабығы, ас қорыту жолдары арқылы ағзаға түсіп, онда арнайы аллергиялық антиденелердің (негізінен иммундық глобулин Е, G) өндірілуіне әкеледі. Емі: науқас өсімдік гүлдеген кезде тыныс жолдарына (дәке маска байлау) және көзіне (қорғаныш көзілдірік кию) тозаң түсірмеуге тырысуы керек; қыс айларында ауруды қоздыратын арнайы аллергенді анықтау қажет. Сол аллергеннің өте аз мөлшерін ағзаға енгізу арқылы адамның аллергенге көтерілген сезімталдығын азайтады.

Осындай ауруға шалдыққандардың бірі —  Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақжарқын Арынғазы:

— Былтыр шілденің ортасында кенеттен мұрным су болып, көзім жасаурап, түшкіріп-пысқырып, мазам кетті. Демалу қиындады, тіпті ауызбен демаласың. Осылайша қыркүйектің ортасына дейін қиналып жүрдім.  Әрине, дәрігерге бардым. Әуелі «салқын тиген» деді. Емделдім. Бірақ еш көмегі болмады. Одан соң, дәрігерге қайта бардым. «Гайморит» деген нақтама қойды. Тағы да емделдім, көмектеспеді. Кейін аллергиялық ауру болуы мүмкін деді.  Биыл шілденің ортасында қайталап ауырдым, көзім жасаурап, мұрным бітелді. Сосын дәрігерлер мұның аллергиялық ауру екеніне көздері жетті. Қанға сынақ жасады, бірақ бәрі қалыпты. Ал теріге сынақ жасаған жоқ. Бірақ дәрігерлер «бір шөп өсіп жатыр, содан иммунитеті төмен адамдар аллергия болады» деп, маған да «маусымдық поллиноз» деген нақтама қойды. Дәрігерлердің ұсынуымен мұрныма арнайы дәрі тамызып жүрмін. Қазір аяғым ауыр. Сондықтан да әзірге ешқандай дәрі ішуге болмайды. Тек шыдауым керек,  — дейді Ақжарқын.

Сондай-ақ ол бізге әріптестерінің көпшілігі аллергиядан зардап шегушілер екенін, тіпті кейбірі 4-5 жыл бойы маусымдық аурумен күресетінін айтты. Ал бір құрбысының Алматыдағы аллергиялық ауруларды емдейтін орталыққа барып, емделіп, жазылғанын  әңгімеледі.

Ал біздің облыстағы аллергологтардың орталығы Теміржол ауруханасында орналасқан.  Облыстың бас аллергологы — Теміржол ауруханасы директорының орынбасары Замза Хайруллина. Орталықтағы дәрігер-аллергологтардың бірі Нәзипа Әлімбаеваның айтуынша, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің базасында аллергологтардың біліктілігін жетілдіру курсы жүргізіліп, облыстың бас аллергологы дәріс оқып тұрады.  Ал облыс аудандарында аллерголог мамандар атымен жоқ. Тіпті, Ақтөбенің өзінде де саусақпен санарлық. Оның өзінде де Теміржол ауруханасында, «Әуеқалашық» ауданындағы жаңадан ашылған емханада, «Сенім» жеке клиникасында ғана аллерголог мамандар жұмыс істейді.

Жаздың аптап ыстығында аллергологтардың жетіспеушілігі кәдімгідей байқалады.

Бірақ Нәзипа Асанқызы Теміржол ауруханасына жолдама арқылы келген адамды тегін ал жолдамасыз келсе, ақылы қабылдайтындарын айтты.

Не істеу керек?

Аллергия жас талғамайды. Қозатын аллергиялық реакцияның күші де әртүрлі болады. Оған аллергендердің көлемі және түрі байланысты емес. Ең жиі аллергиялық реакция тері мен кілегей қабықтарда кездеседі. Ал соңғы жылдардың тағы бір жаңалығы —  аллергияның іш құрылыстарында да болуы.

— Маусымдық поллиноз ауруына шалдыққандар көбінесе ауруды бір басып, сол қысқа мерзімге ғана жеңілдік іздейді. Оларға біз ситпоматикалық, яғни  уақытша көмек көрсетеміз. Ал негізінен аллергияны қыста емдеген жөн. Аурудың әртүрлі белгілері болады. Адамдардың көбі бұл аурудың қайдан шыққанын түсінбей, вирустық инфекция деп қателеседі. Дұрыс анықтамай, уақыт созып, жүріп алса, науқастың аллергиясы астмаға да айналып кетуі мүмкін. Алайда кез келген ауруды емдеу үшін сауатты дәрігердің кеңесі қажет. Аллергиядан толық құтылу үшін кемінде 3 жылдай уақыт кетеді, — дейді аллерголог Нәзипа Асанқызы.

Демек поллиноз бір күнде емделмейді. Одан құтылу үшін шыдамдылық әрі әжептәуір қаржы да керек. Өйткені дәріханаларда сатылатын аллергияға қарсы дәрмектер өте қымбат. Ең деген төмен бағасы 500 теңге. Сондай-ақ бірнеше аллергенге сынақ жасау да әжептәуір ақшаны қажет етеді. Өкінішке орай, бүгінде бұл ауру, әсіресе, балалар арасында белең алуда. Ата-аналардың арасында дәрігердің көмегіне жүгінбей баласын үйде өзінше емдеп, аллергия не екенін де білмейтіндері бар.

Мамандардың пікірінше, емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде және аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс. Әйтпесе уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді.

Сәуір айында басталатын поллиноз тамыз айында арам шөптердің көбеюіне байланысты өршіп, тұрғындардың көпшілігінде аллергиялық реакция пайда болады. Бұл үрдіс жылда қайталанып, адам денсаулығына көп зиян келтіреді. «Ауруды толық емдемеген жағдайда, ол тым асқынып кетуі ықтимал», — дейді аллерголог мамандар.

«Маусымдық поллинозды» тудыратын түрлі шөптерден бөлек дүкен сөрелерінде самсап тұрған көптеген тағамдар да аллергияны қоздыруы мүмкін.

Сондықтан да дәрігер Нәзипа Асанқызы аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен көкөністер мен цитрусты жемістерге шектеу қояды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант және теңіз өнімдерінен де сырқаты қозып кететін адамдар болатынын ескертеді. Аллергиядан зардап шегіп жүрген адамдар күнделікті тұтынатын тағамдардың тізімін жазып, өздеріне не жақпайтынын да аңғаруларына болады.

Ауырған адам әлсіреп, оған дәрумендер де жетіспеуі мүмкін. Сол себепті Нәзипа Асанқызы мынадай кеңес береді: күніне бір грамм С дәруменін қабылдау; тағам құрамында ақуыз, май, көмірсутегі жеткілікті болуы шарт; бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс; науқас жататын бөлмеде кілем, палас, жұмсақ ойыншықтар мен ортақ заттардың болмағаны жөн.

Шөптен және тағамнан ғана емес, жәндіктердің шаққандағы уына да аллергия болады. Ал егер өзіңізден өзгеше белгілерді аңғарсаңыз, мысалы, бетіңіз қызарып, теріңіз құрғап кетсе, әлде мұрныңыздан су ағып, көзіңіз жасаураса, дереу дәрігерге көрінгеніңіз абзал. Аллергия немесе басқа да аурулардың алдын алған жөн. Ол үшін өзіңізді бақылап жүрсеңіз болғаны.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. менде тура осылай терім қызарып түшкіріп мұрыннан су ағып терім құрғап кетті басталғанына 7 8 ай болды не істеуге болады аллерголыкка коринсем ба екен

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button