Басты жаңалықтарМәселе

Өндірістегі қауіпсіздік — өзекті мәселе

«…Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

 Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында өндіріс орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды. Әсіресе соңғы жылдары өндірісте жұмысшылардың жарақат алуы, қазаға ұшырауы сияқты жағдайлардың тым көбейіп кеткені баса айтылды.  Президент сол үшін Үкіметке  кәсіпорындардың  технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігі турасында нақты тапсырмалар жүктеді.

Кәсіпорындарда өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері — еңбек инспекциясы басқармасының негізгі бағыттарының бірі. Бұл орайда облыстық еңбек инспекциясы басшылығы қазіргі уақытта өңірдің еңбек ұжымдарындағы жағдайдың тұрақты екенін әрі өткен жылдармен салыстырғанда еңбек жанжалдарының алдын алу мәселелерінде аймақта оң өзгерісбарын алға тартты.

Еңбек дауы: тұрақты жағдай, оң динамика

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі халыққа арнаған Жолдауында елімізде кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығанын, бұл сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі әрі болашақта да солай болуға тиіс екенін баса айтқан болатын. Оның айтуынша, көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан, ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейген. Себебі олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. «Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс», — деді ол. Президент атап өткендей, ел аймақтарында жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы сияқты жағдайлар жиілеп кетті. Дегенмен қазіргі уақытта өңірдің еңбек ұжымдары арасындағы жағдай тұрақты, кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. Ең бастысы, облыста өткен жылдармен салыстырғанда, еңбек жанжалдарының алдын алу мәселелерінде оң динамика байқалады, — деді облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Исқарин.

Жыл басынан бері аймақта кәсіпорындарда өндірісті тоқтату қаупі бар 2 еңбек дауына жол берілген. Оның айтуынша, екі жағдай да «СНПС-Ақтөбемұнайгаз»акционерлік қоғамы және «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігінің мердігерлері саналатын «Батыс Мұнай» және «Батыс Мұнай С групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сервистік кәсіпорындарында болған. Онда қызметкерлер жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіпті.

Бүгінде облыста 2 кәсіпорында жалпы сомасы 36,1 млн теңге болатын мерзімі өткен берешек бар. Олар —  «Mining inert Materials» ЖШС филиалы (138 жұмысшының алдында 31,6 млн теңге) мен «КТП» ЖШС

(14 қызметкердің алдында 4,5 млн теңге).

Төрт кәсіпорын және «Еңбек тәуекелдері картасы»

Биыл бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша «Еңбек тәуекелдері картасында»облыстағы 4 кәсіпорын бар. Олар — «КТП», «ПожСервис групп», «Батыс Мұнай» және «Батыс Мұнай С» серіктестіктері. Нақтырақ айтсақ, «ПожСервис групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі  жағдай тұрақты, алайда наразы қызметкерлердің жалақысы әзірге көтерілмеген. «КТП» кәсіпорнында 14 қызметкерге 4,5 млн теңге сомасындағы жалақы бойынша берешек өтелмей, «созылмалы» санатқа өтіпті. Бүгінде бұл берешекті мәжбүрлеп өтеуге арналған материалдар жеке сот орындаушылары палатасына жолданған.

Биыл 27 сәуірде облысымыздың Құмсай, Қожасай, Өріктау кен орындарында бірнеше бригада жұмысшылары — «Батыс Мұнай» кәсіпорнынан 41 адам және «Батыс Мұнай С Групп» мекемесінен 169 адам жалақыны 100 пайызға арттыру талабымен өндірісті тоқтатқаны өздеріңізге мәлім. Келіссөздер нәтижесінде жұмысшылар жалақысы екі кезең бойынша көтерілді. Яғни жыл басында 20-50 пайызға, 1 сәуірден бастап 10-50 мың теңгеге артты. Осылайша жағдай реттелді. Аталған кәсіпорындар бойынша ақпарат мониторингтен алу үшін Еңбек комитетіне жіберілгенін де айта кеткен жөн, — дейді Т.Исқарин.

Жазатайым оқиға: 52 адам зардап шекті

Өткен сегіз айда облыс кәсіпорындарында 52 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2022 жылы — 81 адам)35,8 пайызға төмен. Оның ішінде 10 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіш — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда25 пайызға жоғары.

Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі облыстың тау-кен металлургия және мұнай салаларына тиесілі. Барлық жазатайым оқиғаның негізгі бөлігі «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалы мен мұнай компанияларында болды.Қазір ахуалдық орталық шеңберінде еліміздің кәсіпорындарындағы жағдай күн сайын нақты режимде бақыланады. Ақпарат көздеріне барлық мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіподақ ұйымдары қосылған, мониторингпен әлеуметтік желілер мен интернет алаңдары қамтылған, — деді Т.Исқарин.

Ол аймақта еңбек дауларына жол бермеу бойынша алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 30-дан астам ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары жалақыны 10 пайыздан 50 пайызға дейін көтергенін айтады. Оның ішінде 11 өндіруші, 7сервистік, 1 химиялық өндіріс бар.

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданады

— Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тың бастамалар айтылды. Еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға нақты қадамдар, мүмкіндіктер жасалмақ. Бұл Жолдау ел дамуының басым бағыттары мен алдағы мақсат-міндеттерді айқындап беруімен де маңызды. Жолдауда өндірісте жарақат алудың жиілеуіне қатысты айтылған тұсы — қоғамдағы өзекті мәселе. Әсіресе өндірістегі қауіпсіздік — ерекше назарға алынған басым бағыттардың бірі. Сондықтан Президент Үкіметке жыл соңына дейін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталмақ, — деді Талғат Исқарин.

Оның айтуынша, аймақта әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия мен дағдарысқа қарсы штабтар нысанындағы алқалы органдардың жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінге дейін үшжақты комиссияның облыс көлемінде 112 отырысы өткен. Облыста он мыңнан астам ұжымдық шарт қолданыста екенін ескерсек, жыл басынан бері 324 ұжымдық шарт жасалыпты.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, тұрақты бақылауда болады. Елімізде еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі енгізілгеннен бері облыстағы 15 913 кәсіпорынның 11 727-і осы жүйеге қосылды. Электронды еңбек шарттары бойынша орындалу көрсеткіші — 86 пайыз, — деді инспекция өкілі.

  2021 жыл 2022 жыл 2023 жыл
Еңбек жанжалы 10 9 2
Мониторингте 28 кәсіпорын 20 кәсіпорын 5 кәсіпорын

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button