Қарғалы ауданы: күзгі жұмыс, кешіккен құрылыс

Жұмыс сапары
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың алғашқы жұмыс сапары Қарғалы ауданынан басталды. Сапар аясында өңір басшысы шаруалармен кездесіп, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Картоп пен балық — Қарғалының бренді
Облыс әкімі алдымен Желтау ауылдық округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «АкТеп» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасына барды. 2018 жылы пайдалануға берілген картоп қоймасының сыйымдылығы — 5 мың тонна. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау алып, су мен электр желілерін жүргізген. Картоп сақтауға арналған қоймада климаттық бақылау жасау үшін желдету құрылғылары мен тоңазытқыш жабдықтары қондырылған. Серіктестік басшысы мұнда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымына сәйкес жұмысшылар саны көбейеді.
Дәл осы жерде Асхат Шахаров аудандағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Қарғалы ауданында балық өсірумен айналысатын 4 шаруашылық бар. Өңір басшысы Асхат Шахаров барған «Асыл Бахтах» шаруа қожалығы — облыстағы бақтақ өсіретін жалғыз шаруашылық. Балық өсіруді қолға алған Алтай Исмаилов шаруасын әрі қарай дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы арзан пайызбен несие алған. Қазір сатылымға шығаратын балықтар үшін үлкен бассейннің құрылысын бастағалы жатыр.
— Бақтақ — күтімді қажет ететін балық. Сондықтан оның суы, жемі жіті бақылауда. Қазір бассейнде шабақтар да, үлкен балықтар да бар. Сұраныскөп. Бірақ әзір сатып жатқан жоқпыз, — дейді шаруа.
Бұдан соң өңір басшысы Қарғалы су қоймасының жағдайымен танысып, кейін ауданның балық өсіріп отырған шаруаларымен кездесті. Кәсіп иелерінің өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған өңір басшысы олардың мәселелері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Егін орағы аяқталуға жақын
Былтыр Қарғалының диқандары гектарына орташа есеппен 18,0 центнерден өнім алып, көш бастаған болатын. Бүгінде аудан еңбеккерлері күзгі жиын-терін жұмыстарына білек сыбана кіріскен.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Велиховка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына барды. Серіктестік құрылтайшысы Сергей Пашкевич биылғы нәтижемен бөлісті.
— Жиын-терін жұмыстарының 50 пайызын орындап болдық.Биыл алып жатқан өнімнің нәтижесін өткен жылғымен салыстыра алмаймыз. Десе де көрсеткіш жақсы. Биыл арпаны гектарына — 15, бидайды шамамен 10 центнерден алып жатырмыз, — деді шаруа.
Облыс әкімі Степной ауылындағы «Степное» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорында дәнді және мал азықтық дақылдар, асылтұқымды мал өсіріледі және еттен жартылай дайындалған фабрикаттар мен макарон өнімдерін шығаратын бірнеше цех жұмыс істейді. Серіктестік директоры Аманғос Төлеуов мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне енетін азық-түлік өнімдерін өндіруді қамтамасыз етуге басымдық берілгенін айтты.
Биыл Қарғалы ауданы бойынша 120-дан астам шаруа егіс салыпты. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев қазіргі таңда күзгі жиын жұмыстарының 60 пайызы орындалғанын, алдағы онкүндікте бұл науқанды толық аяқтайтындарын айтты.
Өнер мектебі маусымда ашылады
Сапар барысында облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан 45-75 шақырым учаскедегі Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автожолының жұмыс жоспарымен танысты.
«Казкомсервис» ЖШС директоры Асхат Теңізбаев жұмыс толық 2024 жылдың тамыз айында аяқталатынын, қазір жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын жеткізді.
— Биыл асфальт жабындысын төсеуге дейінгі жұмыстарды аяқтап, келесі жылы толық тапсырамыз. Жол үшіншісанатты, екі жолақты болады, — деді серіктестік директоры.
Бұдан соң Асхат Шахаров «ТАС ПРОМ ТРЕЙД» ЖШС қиыршықтас зауытының жұмысымен танысып, Бадамшадағы жел-электр станциясын визуалды қарап өтті.
Кейін Бадамша ауылындағы мектепте ауыл тұрғындарын қабылдады. Онда ақсақалдар ауданды одан әрі дамыту, ауылішілік жолдар мен аудан орталығымен Ақтөбені байланыстыратын трассаны жөндеу бойынша мәселе көтерді. Облыс әкімі Бадамша мен Ақтөбе арасындағы жолды жөндеу үшін қаражат көзделгенін, жұмыстар келесі жылы аяқталатынын атап өтті. Ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесі де облыс әкімінің назарында.
Асхат Шахаров Бадамша ауылында салынып жатқан Өнер мектебіне де барды. Ғимараттың құрылысы 2020 жылы басталған. Жобалық смета 2017 жылғы бағалаумен жасалғандығын ескере келе, құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жұмыстары жүргізілген.2023 жылдың мамыр айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазір сыртқы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев қыс айларында ішкі әрлеу жұмыстары жасалып, пайдалануға 2024 жылдың маусым айында берілетінін айтты.
Өнер мектебінің құрылысының аяқталуын аудан тұрғындары да асыға күтіп жүр.
— Біз аудандық Өнер мектебінің ұстаздарын да, оқушыларын да мақтан тұтамыз. Өкінішке қарай, қазіргі Өнер мектебінің ғимараты апатты жағдайда тұр. Балаларымызбен қатар, біз де осы жаңа ғимараттың тезірек салынып бітуін күтіп жүрміз, — деді Бадамша ауылының тұрғыны Сабира Құмарова.
Құрылыстың ішін аралап көрген соң өңір басшысы аудан әкіміне ғимарат салынып болған соң бірден үйірме жұмыстарын бастап кетуді тапсырды.
— Қосымша білім балаларға өте қажет. Сондықтан үйірмелерге керек құралдар мен аспаптарды ата-аналармен ақылдаса отырып алған жөн. Сатып алу кезінде сапасына мән беріңіздер. Біз қашанда қолдауға дайынбыз, — деді облыс әкімі.
Қарғалы ауданының орталығында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешені —құрылысы кешіккен нысандардың бірі. Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы сол нысанға барды. Осы жерге келген ауыл тұрғындары құрылысы ұзаққа созылған спорт кешенін аяқтап беруді сұраса, кезінде ғимараттың іргетасын қалаған жұмысшылар бірнеше жылдан бері жалақысын ала алмай жүргендерін айтып, мұңын шақты.
— Осы ғимараттың құрылысы басталған кезде жеке көлігіммен жұмысқа кірдім. Бұл 2018-2019 жылдар болатын. Содан бері айлық алғаным жоқ. Компания менің өзіме 1 миллион 620 мың теңге қарыз. Бұл жерде менен басқа бірнеше адам айлықсыз жүр. Бармаған жеріміз қалмады. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ, — дейді кезінде мердігер компанияда жұмыс жасаған Асанбай Ахметов.
Жұмысшылар мәселесін айтып, аудан әкіміне де, еңбек инспекциясына да, сотқа да жүгінген. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтіңайтуынша, өкінішке қарай,жұмыс берушімен мердігер компания арасында ешқандай еңбек келісімшарты жасалмапты.
— Ғимарат құрылысымен айналысқан «БИ-М-72» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сотқа бердік. Сот арқылы келісімшартты бұзып, құрылысқа бөлінген 150 миллион теңгеге қайта байқау жасап, мердігер анықтаймыз. Құрылысты міндетті түрде бітіреміз, — деді Асхат Шахаров.
Жұмыс сапарының соңында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі аудандарға жасайтын жұмыс сапары кезінде ең алдымен көптен бері шешімі табылмай жүрген мәселелердің мән-жайымен жеке танысып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
—Қарғалы ауданының әлеуетімен танысып шықтым. Тұрғындармен кездесіп, қандай мәселе барын көрдім. Күзгі жиын-терін науқанымен де таныстым. Қарғалы — экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан аудан. Әрі қарайғы дамуы үшін жұмыс жасаймыз.
Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау үшін облыста арнайы жоспар құрылды. Жұмыстар сол жоспар бойынша жүргізіледі, — деген облыс әкіміҚарғалы ауданының әкіміне, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға ауданның туристік әлеуетін одан әрі дамыту мен іске асыру, басталған жобаларды аяқтау және ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Ақерке САТЫБАЛДЫ,
Қарғалы ауданы.