Спорт

Пенальтиді өткізбеген Покатилов

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 2:1

15-17 қыркүйек күндері чемпионаттың 22-тур ойындары өтті. «Астана» «Тобылды» жеңді (2:1). «Қайрат» сырт алаңда «Жетісуды» жеңді (21). Ұтылысқа ұшыраған «Каспий» мен «Ақсу» сол бұрынғысынша ең соңғы екі орында қала берді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ордабасы» командасымен ойнады. Биылғы чемпиондық тәжді киюге мол сеніммен дайындала бастаған шымкенттіктер соңғы үш тур бойы тең ойыннан аса алмай келе жатқан «Ақтөбеден» үш ұпай олжалап кетуді мақсат еткені анық.

Осы арада айта кетпеске болмайды, өткен жылы 29 қазанда Шымкентте «Ордабасы» командасын 2:0 есебімен ұтып жатқан кезімізде төрешілер біздің қақпамызға 53,61-минуттарда екі бірдей пенальти белгілеп, оның үстіне біздің Жерар Гоу салған үшінші голымызды есептемей тастап, тең ойынға мойынсынуымызға тура келген еді. Сол жылы чемпион атануға бір ұпайымыз ғана жетпей қалғанын еске түсірсек («Астана» — 53, «Ақтөбе» — 52), «Ордабасы» командасын қолдаушылар бізге қандай қиянат жасағаны өзінен-өзі көрініп тұр емес пе!? Шымкенттіктерге пенальти арқылы көмектесу пиғылы осы ойында да орын алды. Дегенмен, өткен іс өтті, бүгінгі тақырыбымызға оралайық.

Бұл кездесу ешқандай тамыр басып көрудің, әуелі әрлі-берлі аңдысып бағудың қажеттігі жоқтығын аңғартып, бірден шабуылдармен басталды.

Басталғанда да, ақтөбеліктер өз қақпамызға гол соққызып ала жаздады. Бар-жоғы төртінші минутта қонақтардың шабуылынан сақтанған қорғаушыларымыздың бірі допты өз қақпашымызға тастай салды, осы арада шымкентік шабуылшылар да ентелей жетіп қалған еді. Сасып қалған Стас Покатилов басқаша қимыл жасауға мүмкіндігі болмаған соң допты кері тепті. Доп шымкенттік футболшының кеудесіне тиіп, қатты серпінмен біздің қақпаға қарай қайта ұшты. Абырой болғанда, доп қақпаның оң қапталын ала қиыс ұшты. Әйтпегенде жібек тор дір ете түсетін еді.

Обалына не керек, арада екі минуттай өтер-өтпесте біздің Максим Самородов қарсыластар қақпасына жетіп барды. Әттең, дәл қақпаның дәл қасына барғанда допты тиімді пайдалана алмады, жабыла қарсы шыққан қорғаушылардан өте алмады.

16-минуттың шамасында ақтөбеліктер және бір шабуыл ұйымдастырды. Максим тастаған допты Рожерио Шина қақпаның дәл алдына бара қалған Лука Гадранидің аяғына салып беріп-ақ еді. Бірақ Лука қақпаны емес, қарсы алдында жүрген қорғаушыны «көздеді» де, доп сыртқа қарай ұшты.

Дегенмен гол соғылды. Асхат Тағыберген соқты. Қауіпті шабуылдан қорғану кезінде біздің жігіттер қарсыластардың бірін шалып құлатты да, қақпаның дәл қарсы алдынан, айып алаңының шетінен айып добы белгіленді. 26-минутта Асхат шірене тепкен допқа қаздай тізіліп тұрған қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да еш айла жасай алмады — 0:1.

Бұдан соң жерлестеріміздің ұнжырғасы түсіп кеткендей көрінді. Әйтеуір, есе қайтаруға онша өңмендей ұмтыла қоймады. Екі жақ та қауіпті дерліктей бір-бір шабуылдан ұйымдастырған болды да, үзіліске шықты.

Екінші таймда да «Ақтөбе» жасыл алаңдай жарқырай көріне алмады. Рас, бірді-екілі шабуылдарды бастады. Дегенмен нәтиже шықпады. Нәтиже бас бапкер Андрей Карпович алмастырулар жасап, 62-минутта алаңға  Арман Кеңесовтің орнына Андерсон Ньянгбо мен Максим Самородовтың орнына Андрия Филиповичті шығарған соң келді. Осы екі футболшы ойынға кірісе салысымен стадионды дүр сілкіндірді. Алаң ортасында жүрген Андерсон Ньянгбо аяғына іліге қалған допты ілгері оздыра зулады да, қарсыластардың айып алаңына жақындай бере, екі қорғаушының арасынан саңылау тауып, допты сол қанатта зымырап бара жатқан Андрия Филиповичтің алдына жеткізіп үлгерді. Андрия ыңғайымен келе қалған допты сол зулаған күйі сол аяғымен сәл көтере қақпаның алыс бұрышына қарай бағыттап кеп жіберді. Бекхан Шайзада ауа қармап қалды — 1:1.

Келесі гол 81-минутта соғылды. Шабуылда жүрген Андерсон Ньянгбо өз футболшыларымыздың бірі артқы жақтан әуелете тастаған пасты қақшып түсті де, сәл бұрыла ілгері жүріп барып, жойқын соққы жасады. Жасағанда да, әуелете тепті, әуелей ұшқан доп шымкенттік қорғаушылардың біріне тиіп барып, одан әрі қақпаға жетті. Секіре ұмтылған Бекхан Шайзада допты ұстап-ақ алған секілді еді, бірақ қатты екпінмен жеткен доп оның уысынан сытылып шығып, оң жақ бұрышқа топ ете түсті — 2:1.

Нағыз жан алысып, жан берісу осыдан соң басталды. Әсіресе негізгі уақытқа төреші қосқан алты минутта «Ордабасы» ойыншылары біздің қақпаның алдынан шықпай қойды. Ойын ұзақтығы алты минуттан да асып кетті. Ақыры төреші Денис Измайлов 98-минутта ақтөбелік футболшы айып алаңында қолмен ойнады деген шешімге келіп, пенальти белгіледі. Тап осы сәтте ақтөбелік қақпашы Стас Покатилов нағыз шеберлік көрсетті. Ол Асхат Тағыберген қақпаның сол жақ бұрышына шірене тепкен доптың бағытын бірден аңғарып, кері серпіп үлгерді. Стадион гу ете түсті. С.Покатиловқа арналған «Рақмет!» деген көп дауысты алғыс жаңғырығып кетті. Тек бір әттегенайымыз, Андерсон Ньянгбо 101-минутта «Ордабасының» қақпасына және бір гол соғып жіберерлік мүмкіндікті пайдалана алмай қалды.

Осылайша камбэк жасаған «Ақтөбе» чемпионаттың бастапқы кезінде ғана, онда да «Астанадан» ғана ұтылған «Ордабасы» командасына, дәмелендіре тұрып, ешқандай ұпай ұстатқан жоқ.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 2:1

Гол авторлары: Асхат Тағыберген, 26-минут (0:1); Андрия Филипович, 63-минут (1:1); Андерсон Ньянгбо, 81-минут (2:1).

90+8 минутта он бір метрлік айып добын орындаған Асхат Тағыберген («Ордабасы») қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, капитан (Ескендір Қыбырай, 83-минут), Лука Гадрани,​ Дмитрий Яшин, Әлібек Қасым (Милош Раичкович, 46-минут), Әділхан Таңжарықов, Леонел Струмия, Арман Кеңесов (Андерсон Ньянгбо, 62-минут), Максим Самородов (Андрия Филипович, 62-минут), Рожерио Шина​, Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

16 қыркүйек 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 800 адам. 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 4 гол;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 3 доп;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 2 доп;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 22 кездесу өткізіп, 12 рет жеңді, 8 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 44. Доп айырмашылығы — 39:20.

*   *   *

22-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ордабасы» (Шымкент) — 49 ұпай;
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 44 ұпай;
  3. «Астана» (Астана) — 43 ұпай;
  4. «Қайрат» (Алматы) — 38 ұпай;
  5. «Қызылжар» (Петропавл) — 37 ұпай;
  6. «Атырау» (Атырау) — 29 ұпай;
  7. «Тобыл» (Қостанай) — 28 ұпай;
  8. «Қайсар» (Қызылорда) — 27 ұпай;
  9. «Жетісу» (Талдықорған) — 25 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 24 ұпай;
  11. «Мақтаарал» (Атакент) — 21 ұпай;
  12. «Оқжетпес» (Көкшетау) — 21 ұпай;
  13. «Каспий» (Ақтау) — 15 ұпай;
  14. «Ақсу» (Павлодар) — 15 ұпай.

(Басқалардан «Тобыл» мен «Мақтааралдың» 2 ойыны, ал «Ордабасы», «Астана», «Қызылжар», «Оқжетпес» командаларының 1 ойыны кем екендігін еске саламыз).

*   *   *

23-тур ойындары 23-24 қыркүйек күндері өтеді:

23 қыркүйек, сенбі

«Қызылжар» — «Ақтөбе»

«Мақтаарал» — «Ақсу»

«Қайрат» — «Шахтер»

«Қайсар» — «Каспий»

24 қыркүйек, жексенбі

«Тобыл» — «Жетісу»

«Ордабасы» — «Астана»

«Оқжетпес» — «Атырау»

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button