Басты жаңалықтар

Ақтөбедегі дала ғажайыптары

«Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.

Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуға тиіс.

Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ақтөбе — қасиетті орындарға бай өңір. Алыстан ғаламат дүниелерді іздеудің аса қажеті жоқ. Тек барымызды бағалай алмай, насихаты кемшін болып жатқаны рас. Әйтпесе талай туристер түгілі жергілікті тұрғындардың өзі естіп-көрмеген, табаны тимеген киелі жерлеріміз қаншама!? Айталық, Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енсе, жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны — 46. Бұлардың барлығы жіті зерттеп-зерделеуге, жарнамаға, әрі-беріден соң экскурсияға сұранып тұр.

Біз осы жолы жергілікті маңызы бар киелі жерлердің алғашқы легіне тоқталып, газетіміздің алдағы сандарында бұл тақырып бойынша сериялық материалдарды арнауды жөн көріп отырмыз.   

Сонымен…

Айдарлыаша геологиялық қимасы

Айдарлыаша қимасы Хромтау ауданы аумағындағы шағын өзеннің жағасын қымтай орналасқан, көлемі үш гектар болатын, көлденеңі 200 метр, ұзындығы 1,5 шақырым аумақты алып жатыр.

Айдарлыаша қимасы 1950 жылдардан бері зерттеліп келеді. 1991 жылы әлем ғалымдары Пермь жүйесінің 150 жылдығы қарсаңында осы кезеңге байланысты барлық геологиялық қималарға зерттеулер жүргізеді. Айдарлыаша қимасы бұдан он миллиондаған жылдар бұрынғы Карбон және Пермь дәуірлерінің ізі сақталған орын ретінде 1996 жылы Қытайда өткен дүниежүзі ғалымдарының халықаралық геологиялық конгресінде әлемде теңдесі жоқ табиғи ескерткіш деп бағаланып, халықаралық геологиялық ескерткіштер қатарына қосылды. 1997 жылғы 31 наурызда ҚР Ғылым министрі С.Школьниктің атына ресейлік профессор В.Давыдовтан хат келіп түседі. Ғалым ол хатта Айдарлыашаны ұлттық қорық немесе парк жасап, мемлекеттік қорғауға алу қажеттігін айтумен бірге, оның маңызын, сырын ашу үшін көп тер төгілгені жөнінде сөз етіп, әсіресе Лимуза Ахметшинаның еңбегі ерекше екенін атап көрсеткен.

Аңыз-әңгімеге сенсек,350-360 миллион жылға созылған Карбон мен 285 миллион жылға созылған Пермь-Палеозой сол заманның соңғы кезеңдері болған. Карбонның алдындағы Девон кезеңінде ауа райы ылғалды әрі жылы болып, алып ағаштар қаулап өсіп, трилобиттер, сауытты жануарлар дәуірлесе, Карбонның соңы мен оған ұласқан Пермь кезеңінде ауа райы құрғақ болып, бұрынғы тіршілік түрлері бірте-бірте жойылып, жаңа жағдайға бейімделген өсімдіктер мен жәндіктер пайда болды. Карбон мен Пермь кезеңдері трилобиттердің құрып бітуі, қосмекенділердің дәуірлеуі және жорғалаушылардың, бунақденелілердің пайда болып, дамуымен ерекшеленеді.

Айдарлыашаның кереметі бұл ғана емес, сонымен қатар осы қиманы зерттеу арқылы жер қыртысының әр кезеңдеріндегі ерекшеліктерін, бүкіл Арал, Каспий маңы, Батыс Қазақстан өңірінің кен байлықтарын, олардың мөлшері  қандай тереңдікте жатыр деген сынды мәліметтерді анықтауға болады.

Айдарлыаша геологиялық қимасы — 350 миллион жыл бұрын жер қыртысының қалай және қандай жыныстардан түзелгенін көруге болатын әлемдік маңызы бар ескерткіш.

Алмат Тобабергенұлы кесенесі

Алмат кесенесі — Орта Азия елдерінде сирек кездесетін алты күмбезді аса қадірлі ұлттық қазынаның бірегейі, Бұхара, Хиуа, Сырдария бойы өнерінің жалғасы секілді. Ол ертедегі гректер мен римдіктердің әулеттік пантеондық тәрізді көп бөлікті жер асты тәсілімен салынған.

Ырғыз ауданындағы ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазССР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақ т.ғ.д. профессор С.Әжіғалидың «Ескерткіш — ел тарихы» атты кітабында және «Архитектура кочевников феномен истории и культуры Евразии» атты монографиясында Алмат тамының сипаттамасы егжей-тегжейлі жазылған.

Алмат Тобабергенұлы атақты Тама Есет пен Табын Бөкенбай батырмен үзеңгілес болған Киікбай батырдың ұрпағы екені мәлім. Алмат әулетінің тағдырының өзі —  үлкен тарих.

Деректерге сүйенсек, Алмат Тобабергенұлы1804 жылы дүниеге келген. Өзінің алғырлығымен, іскерлігімен замандастары арасында жастайынан үлкен беделге ие болған. Жас күнінде Ресей мен Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары арасындағы сауда керуендеріне ілесіп, орыс тілін үйренген. Одан бөлек аталған мемлекеттерге орыс өкілдігі атынан дипломатиялық миссияларға қатысқан. 1830-1846 жылдары Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарында бірнеше рет болыпты. Әрине, мұндай маңызды әрі қауіпті, тәуекелді қажет ететін сапарларға ел-жер жайын жақсы білетін, тіл білетін, адамдармен қарым-қатынасты жолға қоя алатын жандар таңдап алынатыны белгілі.

Сондай-ақ Алмат Тобабергенұлының патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де араласқаны туралы мәлімет бар.

Оның ең алғашқы қолға алған әлеуметтік шарасы — жерге иелікті сақтау үшін елді отырықшылыққа тәрбиелеу болды. Осы жоспарын іске асыруды көздеп, өзі бас болып, 1840 жылдары осы күнгі Ырғыз және Әйтеке би аудандарының аумағында бірнеше қалалық үлгідегі жобамен қаңылтыр төбелі үйлерді салғызады.

Алмат Тобабергенұлының патшалық Ресейге қызметіне келсек, ол 1846 жылы түтін салығын жинау тобының жетекшісі, 1851 жылдан 1869 жылға дейін Орынбор губерниясы №54 дистанциясының бастығы, ал 1869 жылдан 1875 жылға дейін Қожакөл болысының басқарушысы болды. Осы жылдарда бірнеше рет Станислав лентасы, алтын медаль, т.б. марапаттарға ие болған. Ал 1849 жылы оған орыс қауымындағы дворян дәрежесіне тең атақ берілген.

Алмат Тобабергенұлы 1892 жылы қайтыс болды.

Арыстан батыр кесенесі

XVІІІ- XІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі, халық батыры Арыстан Тінәліұлының сүйегі Шалқар қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 13 шақырымдағы Ақши мекенінің Арыстан қорымында жатыр. Қорымның өзі Сарыжығаның батыс жақ қырлықпен шектелер жерінде, биік төбенің басында, қырлық жағы қалың ши біткен табан екен, ол жерді бұрын Сасыққұдық деп атаған.

Арыстан батыр бейітінің орнын зерттегенде аумағының ұзындығы — 9 метр, ені 5 метр (сыртынан) күйдірген қызыл кесектен көмкерілген үлкен күмбезді, екі бөлмелі кесене болғаны анықталды. 2005 жылы батырдың бейіті жаңартылып, күмбезді кесене тұрғызылды.

Зерттелуіне келсек, Т.Төлепбергеннің «Аянбай жаумен алысқан», «Қарабас батырдың ұрпақтары» кітаптарында және «Шалқар энциклопедиясында» Арыстан батыр туралы мәліметтер бар.

Жалпы,Арыстан батыр —  XVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген бүкіл қазаққа белгілі батыр, Ресей өкіметі «дала рыцары» деп мойындаған,  қолбасшы Көтібар Бәсенұлының немере інісі, жорықтардағы арқасүйері әрі ақылшысы болған.

Ел аузындағы әңгімелер, тарихи құжаттар Арыстан батырдың қазақ халқының азаттығы жолындағы күресте өзіндік орны бар екендігін айқын дәлелдейді. Арыстан ағасы Көтібармен бірге Кіші жүз жерінде әскери бекіністер салуды тоқтатуды, елдің жайылымдық жерлерін тартып алуды доғаруды патша өкіметі орындарының алдына ресми мәселе етіп, бірнеше рет қояды. Мәселе шешімін таппаған соң қарулы көтеріліске шығуға мәжбүр болған. Олар Жайық, Ор, Жем өзендері бойындағы орыс-казак бекіністеріне әрдайым шағын қолмен аттанып отырған.

Архив деректеріне қарағанда, Көтібар мен Арыстан 1787 жылдың жазында өздерінің 800-ден аса жасағымен Сырым Датұлының қозғалысына қосылып, көтерілістің аяғына дейін қатысады. Және одан кейін де патша өкіметіне қарсылығын тоқтатпайды. Орал қазақтарының атаманы, генерал-майор Д.Донсковтың 1797 жылы 31 наурызда өкімет органдарына берген, Есім ханның өлтірілгені жөніндегі рапортында, ханды өлтіруге өзгелермен бірге шекті руының 100-ге тарта сарбазы қатысқандығын көрсетеді.

Арыстан батыр алып денелі болған. Ол ат үстінде тұрып садақ тартқанда, оң ояғы жерге тиіп тұрған деген аңыз-әңгіме бар…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енгізілді: Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлының мемориалды кешендері, Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымдары, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Есет-Дәрібай кесенесі, Ойсылқара қорымы, Досжан ишан мешіті, Исатай батыр кесенесі, Әбубәкір кесенесі, Қызылүйік ғибадатханасы және Жаманшың метеорит кратері.

Асан-Қожа қорымы

Асан-Қожа қорымыБайғанин ауданына қарасты Оймауыт ауылынан 43 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан. Қорым ауданы шағын, әртүрлі қабірүсті ғимараттарға (барлығы 264 нысан анықталған) бай. Олардың ішінде борлы әктастан қаланған мавзолей, қашалған тастардан салынған сағанатамдар, тас және саз кірпішті қоршаулар, сандықтас, құлпытас, қойтастар бар. Көп жағдайда құлпытастар басқа ескерткіштермен біріктіріліп қойылған. Нысандар ішінде сәулет және сурет өнерлерінің туындысындай үйлесім тапқан ХХ ғасырдағы ескерткіш сағанатамдарымен ерекшеленеді. Бейіттің батыс жақ бөлігінде өзінің реликті пішінімен қызықты сандықтастар орналасқан. Құлпытас, қойтастардың азғантай тобын көруге болады, олардың ішінде анық бөліктергекесу тәсілімен жасалған архаикалық, жаңа түрлері кездеседі.

Қорым туралы М.Меңдіқұловтың «К характеристике архитектуры Казахстана ХІХ и начала ХХ вв. В кн.: А.Маргулан, Т.Басенов, М.Мендикулов. «Архитектура Казахстана» Алма-Ата, 1959 г.» және Әжіғалиев С.И. «Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой экспедиций 1980 г. в Западном Казахстане. Архив Института «Казпроектреставраций»; «Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой экспедиции в Актюбинской обл.» зерттеу еңбектері бар.

Асан — ағартушы гуманист, рухани ұстаз, қолбастар көсем, елді ұйытар шешен адам болған. Руы қожа болғандықтан, Асан-Қожа атанып кеткен деседі.

Оны әулие деп жұрт ырым етіп, басына түнейді.

Балғасын қорымы

 Ерте заман ескерткіштерінің бірі —Шалқар ауданындағы Балғасын қорымы. Бұл ескерткішті кешенді тамашаламаған саяхатшы кемде-кем шығар. Ғалым И.Матовтың салған суреті мен баяндауы бойынша бірнеше қатарлап көтерілген, сан қырлы төбесі көк шатырлы теңдесі жоқ құрылыс талайдың таңдайын қақтырыпты.

1901 жылы зерттеуші И.Хохлов Балғасынның сипаттамасын жазғанда, оның құлағанын келтіреді. Ғалымдар бұл жерде ертеде қала болған деген жорамалды айтады.

Қорымды зерттеуші еңбектеріне И.Кастаньенің «Развалины Балгасын и Челкарская степь.-Тр. Оренбург. Уч.Архивн. комиссии, вып.ХІХ, Оренбург, 1907, с. 201-210» және С.Әжіғалиевтің «Отчет о работе архитектурно-искуствоведческой экспедиции в Западной Казахстане» жұмыстарын атауымызға болады.

Ескерткіштің пайда болуына қатысты бірқатар аңыз бар. Солардың бірінде Балғасынды белгісіз тақуа бойжеткеннің жерленген жеріне әкесі келіп тұрғызған делінеді. Екінші аңыз бойынша мұнара өздігінен үш күннің ішінде жердің астынан «өсіп шыққан». Үшінші аңызда кесенені бес мың татар саз балшықтан күйдірілген кірпіштен тұрғызып, белгісіз бағытта кетіп қалған деп баяндайды.

Көне мәліметтер қазақтардың Балғасын ескерткішін қасиетті санағандығын дәлелдейді. Бала көтере алмай жүрген әйел адамдар кесененің басында түнеп, жақсы түс көрсе, міндетті түрде сәбилі болады деп сенген. Жылда ауа райы жылынған кезден бастап, осы жерге сәби сүйе алмай жүрген әйелдер көптеп келіп, кесененің басында міндетті түрде түнейтін болған.

И.Кастаньенің болжамы бойынша, Балғасын кесенесінің ішінде Ақсақ Темірдің замандасы, белгісіз бір шайқаста қаза тапқан қолбасшы жерленген болуы мүмкін. Зерттеуші осы болжамының дәлелі ретінде бір қарияның кесенеде әскери жорық кезінде қаза тапқан татар ханы жерленгендігі туралы әңгімелеп бергендігін келтіреді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button