Жаңалықтар

Ғұн бабалардан қалған жәдігерлер қайта қалпына келтіріледі

Облыс аумағында ғұндардан қалған ескерткіштерді зерттеу ісі мақсатты түрде қолға алынып, бұл жобамен облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мамандарының айналысып жатқаны жөнінде біз жазған едік.

Атап айтқанда, облыс аумағындағы көне ғұн ескерткіштері ғарыштан түсірілген фотосуреттер арқылы анықталып, Ойыл ауданындағы Сорлақмола және Қобда ауданындағы Дербісәлі-2 қорымдарында қазба жұмыстары жүргізілді. Қазір  облыстық тарихи-өлкетану музейінің зертханасында ғұндардың ақсүйек әулеті өкілінің зиратынан шыққан алтын ер, ат әбзелдері, басқа да бұйымдарды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Бұл іске ақтөбелік археологтермен қатар,  Астанадан кескіндемеші-суретші, тарих ғылымдарының кандидаты, батырлардың қару-жарағы, көшпелілердің әскери өнері тақырыбындағы көптеген ғылыми жұмыстардың авторы Қалиолла Ахметжанмен Санкт-Петербургтен реставратор маман Николай Курганов та шақырылыпты. Топтың құрамында, сондай-ақ Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Аслан Мәмедов пен тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаев бар. Оларға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің студенттері, бір жағынан, көмекші болып, екінші жағынан, өздері де тәжірибе жинақтап жүр. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынып отыр.

2018 жылғы маусым айының басында Ақтөбе қаласына жақын Қурайлы ауылы маңындағы құрылысқа қажетті құм алынатын орындардың бірінен көне қабір табылды. Атап айтқанда, құм қазып жатқан техника үш метр тереңдіктен адам сүйектерін алып шыққан. Бұдан соң жұмысшылар дереу жұмысты тоқтатып, полицияға хабар берген. Полиция қызметкерлері өз кезегінде археолог және ескерткіштанушы мамандарды шақырады. Сөйтіп, көне қабірді аршумен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары айналысты. Бұл жерден көп зат табылды:алтынмен әшекейленген ер-тоқым, темірден соғылып, алтынмен, асыл тастармен безендірілген қылыш, киімге жапсырылған алтын әшекейлер, күміс пен қоладан жасалған бұйымдар, т.б.

Мамандар жерленген адам біздің заманымыздың ІІ-IV ғасырларында өмір сүрген деп болжады, соған сай, бұл — ғұн дәуірінен қалған жәдігерлер. Археологтер табылған заттардың облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына табысталғанын айтқан еді.

Бүгінгі күні музей қорынан алынып, қайта қалпына келтіріліп жатқан бұйымдар, міне, осы жәдігерлер.

Кең үстел беті арасында қою қызыл түсті тасы бар, кейбірінің тасы түсіп, бос ұяшығы ғана қалған жұқа алтынфольганың ірілі-ұсақты қиындыларына толы.Үстелдің бергі шетіндегі студент жастар бір-бірімен қиюласуға келетін бөлшектерді іздестіріп отырған сияқты. Иілген доға түрінде құрастырылған бірнеше бөлшектің аралары қабыса қоймай, ашық жатыр. Сонда да болса әзірге  нобайы белгілі болып, мамандардың назарына ілігіп тұрған дүние осы секілді көрінді.

Археолог, соңғы жылдары облыстағы ғұн дәуірі ескерткіштерін зерттеу ісінің басы-қасында жүрген маман Аслан Мәмедовтің болжауынша, бұл — ердің алдыңғы қасы.

Өкінішке қарай, біз бейітті бұзылған қалпында кезіктірдік. Егер ол бүтін қалпында табылғанда, әрине, жұмыс әлдеқайда алға жылжыған болар еді? Бұл көне қабірге ғұн дәуіріндегі ақсүйек әулеттің өкілі жерленгені анық. Бәлкім, ол тайпа көсемі немесе өз заманында атағы алысқа кеткен даңқты батыр, талай рет ел қорғаған қолбасшы болды ма? Әйтеуір, үлкен құрметпен жерленген. Алтын, күміспен қапталып, асыл тастармен әшекейленген ер-тоқым оны о дүниеге асқан құрметпен шығарып салу, яғни жерлеу рәсімі үшін арнайы әзірленген болуы да мүмкін, — деді Аслан Мәмедов.

Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің жәнеРесей ҒА-сының материалдық мәдениет тарихы институтының қызметкері, біздің жеріміздегі Тасқопа қорғанынан табылған сармат көсемінің қалпына келтірілген бейнесін жасау мақсатындағы ғылыми жұмыстарға атсалысқан тәжірибелі реставратор маман Николай Курганов та бұл жәдігерлердің өз заманындағы ең сыйлы, беделді әулеттің өкіліне арналып жасалғаны анық екенін айтты.

Бұл — баға жетпес, өте құнды олжа. Біздің міндетіміз — ең алдымен, оны сақтап қалу, одан әрі бұзылмауы үшін өңдеп, консервациялау жұмыстарын жүргізу, сонымен бірге ғылыми тұрғыдан зерттеп, нендей материалдан жасалғаны, бастапқы қалпының қандай болғаны жөніндегі сауалдарға жауап іздеу. Бұл — таза ғылыми жұмыс, сондықтан қорытындылар жасағанда, біз шындықтан ауытқымауға тиіспіз. Қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде шеберлер осы ғылыми зерттеулерге сүйенеді, сонымен қатар шығармашылық тұрғыдан, сол заманға тән түрлі элементтермен айшықтай да алады, — деді Николай Курганов.

Мамандардың айтуынша, бұл жәдігерлер — өте үлкен шебердің қолынан шыққан дүниелер.Ер-тоқымның алдыңғы және артқы қасы, басқа да бөлшектері асыл таспен безендірілгенжұқа алтын, күміс фольгалармен қапталыпты. Егер ол жерлеу рәсімі үшін арнайы әзірленсе, аз күннің ішінде істелген болса керек. Ондай жағдайда, мамандардың пікірінше, бұл бұйымдар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан болады.

Бұйымдарды безендіруге пайдаланған тастарды түсіне қарап, мамандар не анартас (гранат), не лағыл тастың бірі деп болжам жасады. Қылыш сабының бас жағы да сүйекпен, алтынмен және әдемі тастармен безендірілген. Бұл жәдігер бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясына қойылыпты.

Жалпы, алтын — адамзаттың алғаш игерген металдарының бірі. Алтын, күміспен айшықталған бағалы бұйымдармен, сән-салтанатпен жерленген көне қорғандар Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан, сондай-ақ Сібір, Украина территорияларынан көп табылып отыр. Бұлар — сақ-сармат, скиф заманы ғана емес, кейінгі ғұн дәуіріне де тән ескерткіштер. Аса көрнекті археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кемел Ақышев көне бұйымдарға тән полихромдық стиль жөнінде айта келіп: «Полихормдық стиль ескерткіштері арасынан екі топ ерекше көзге түседі, олардың әрқайсысында мынадай белгілер бар: бірінші топқа жататын заттарда дәнекерлеп жасалған ұяларға түрлі-түсті (қызыл, қызғылт) тастар орнатылады, әсем түйіршіктер мен жалтыраған сымнан өрнектер жасалады; екінші топтағыларда фон болмайды және дәнекерленіп жасалған қоршауларға асыл тастар орнатылады», — деп жазған. Ақышев бұл жерде бірінші топты «ғұн дәстүрлері басым болады» деп айрықшалаған, сонымен қатар бізді «қызыл, қызғылт» деп, тастар түсінің көрсетілуі де ойландырды? Ал әзірге кәсіби мамандар зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, бұл зерттеулердің қорытындысын, яғни қайта қалпына келтірілген жәдігерлерді көзбен көретін уақыт алыс емес. Облыстық музей экспозициясын Тасқопа қорғанынан табылған алтын киімді сармат көсемімен қатар, ғұн бабалардың алтынмен апталып,әсем тастармен безендіріліп, жалт-жұлт еткен ер-тоқымы да  толықтыратын болады. Көне заманғы қорғандардан алтын сырға, сақина, білезік сынды әшекейлер көп табылғанымен, ер-тоқым — сирек кездесетін бұйымдардың бірі. Сондықтан бұл бұйым музей төрінен орын алуға әбден лайық.

Екінші жағынан, осы сармат, ғұн қорғандарынан табылған көне бұйымдар мен кейінгі қазақ шеберлерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдар, зергерлік әшекейлер, күнделікті тұрмыста қолданылған басқа да көрнекті жәдігерлер арқылы дәстүрлер сабақтастығы паш етілер болса, біз үшін бұл, әрине, өте маңызды.

 Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button