Басты жаңалықтар

Жыл соңына дейін тағы 40 жаңа автобус келеді

Қоғамдық көлік

Бір жыл ішінде Ақтөбенің автопаркі 50 пайызға жаңарды

Жаз мезгілімен қатар, менің де еңбек демалысым аяқталды. Дүйсенбі күні таңертең үйден шығып келе жатып, газеттің алдағы нөміріне қандай тақырып ұсынсам екен деп ойладым. Жолдан өткенімше, мен мінетін автобус аялдамадан қозғалып кетті. Сырттай асыққаныммен, автобустың жүріп кеткеніне іштейқатты қуандым. Әдеттегідей, лық толы екен.

Еш ойланбастан таксиге отырдым да, редакцияға қарай тарттым. Бір ұтқаным, мақалаға арқау болатын тақырып табыла кетті…

Қыркүйекайы басталысыменқоғамдық көлікке мінетін адам көбейеді. Бұған дейінгісін білмеймін, мен қалаға келген 13 жылдан беріқоғамдық көлік пен аялдамалардың жағдайы әлсін-әлсін сөз болып тұрады.

Мұны таңғы кептеліс кезінде автобуспен жұмысқа жетіп, кешкісін сонымен үйіне қайтып жүрген ақтөбеліктер жақсы біледі. Сондықтан біз бұл жолы жергілікті атқарушы билік пен жолаушы тасымалын ұйымдастырып отырған мердігерлерден бұрын қала тұрғындарымен сөйлесіп, олардың айтқан мәселелерін басты назарға алдық.

Әлеуметтік желідегі парақшамда осы тақырыпта сауалнама жасадым. Ең бірінші хат Батыс-2 шағын ауданының тұрғынынан келді. Ақтөбенің элиталы ауданында тұратын оқырманым бұл жаққа келетін №25, №40, №46 автобустардың үнемі толы болатынын, уақытымен жүрмейтінін айтыпты. Сауалнама кезінде әсіресе Халел Досмұхамедұлы көшесі мен «Шығыс» базары аралығын жалғайтын №25 автобусқа қатысты шағым айтқандар көп болды. Сондай-ақ Сазды елдімекеніне баратын №43 автобус, тұрғындар арасында «Нұр сити» деп аталып кеткен Есет батыр тұрғын үй алабына қатынайтын автобустарда ине шаншар орын болмайтынын  жазғандар бар.

Жалпы қалада мұндай мәселе барын жергілікті атқарушы орган өкілдері де жақсы біледі. Өткен үш айдың ішінде Ахуалдық орталыққа қозғалыс уақытының бұзылуына, автобустардың жағдайы мен көлік жүргізушілерінің дөрекі әрекеттеріне қатысты 600-ге жуық шағым түскен. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиынның бірінде осы мәселе талқыланып, көлікті бақылау инспекциясына полициямен бірге қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау ережесінің сақталуын тексерутапсырылды.

Бүгінде Ақтөбеде қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын төрт кәсіпорын 46 бағытта қызмет көрсетеді. «Автопарк» ЖШС — 23 (№1,2,3,4,11,13,14,15,16,17,19,21,22,24,25,26,29, 30,34,37,39,42,43), «Табыс Ақтөбе» —  12

((№ 8,10,23, 31,33, 41,44,45,47,49, 49а, ), «Akzhayik Avtopark» ЖШС — 2 ((№40,51), «Qala Trans» ЖШС 9 бағыт ( (№5,7,8А, 20, 28, 46,48,9,51а) бойынша жолаушылар тасымалдайды.

Күн сайын келісімшартта көзделген 331 автобустың орнына орта есеппен 254 автобус шығады.

Айта кетейік, 2022-2023 жылдары аралығында қоғамдық көліктер автопаркінің 50 пайызы жаңарды.

Бұдан бөлек «Автопарк» ЖШС жыл соңына дейін қосымша тағы 30 автобус, «Akzhayik Avtopark» ЖШС 10 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Бекқұл баба, Шилісай, Рауан, Ақшат, Өрлеу, т.б. елді мекендеріне қатынайтын автобустар санын көбейту талабы қарастырылған.

Ақтөбе қалалық әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, тасымалдаушылармен келісім шартқа сәйкес 2022 жылы — 70, 2023 жылы 112 автобус сатып алыныпты.Қазіргі таңда жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру бойынша конкурс ұйымдастырылып жатыр екен. Техникалық сипаттамаға сәйкес қозғалыс кестесі бекітіліп, автобустар саны көбейтілді. Конкурс аяқталғаннан кейін  тасымалдаушыларға таңғы сағат 6.30-дан кешкі 22.30-ға дейін жүруге талап қойылатын болады.

«Автобус бар, жүргізуші жетіспейді»

Сауалнама кезінде түскен өтініш-шағымдардың көбі қала бойынша

23 бағытта жолаушы тасымалын ұйымдастырып отырған «Автопарктің» автобустарына қатысты болғандықтан серіктестік директоры Ақарыс Тілеулесовке хабарласып, тұрғындардың «сәлемдемесін» жеткіздік.

Телефон шалмастан бұрын «Автобус» қосымшасындағы трекингтен «Батыстың» тұрғындарын әбден «сарғайтып» келетін №25 маршруттың санын қарап алдық. Біз қарағанда бесеуі ғана жүрді. Ал Ақарыс Тілеулесов аталған бағытта сегіз автобус жүру керектігін, бірақ дәл қазіргі уақытта олардың жетеуі ғана жүріп жатқанын айтты. Бұл күні директордың сөзіне сенген кейіп танытып, «әліптің артын бақтық». Ертесіне трекингті қайта қарадық. Еш өзгеріс байқамаған соң директорға тағы қоңырау шалуға тура келді.

Иә, бүгін қала бойынша 25-ші нөмірлі бес автобус қана жүр. Жолдың нашарлығынан кеше екі автобусымыз сынып қалды. Жолдар нашар. Соның кесірі көліктерге тиеді. Өзіміз техника жалдап, Батыс-2 шағын ауданындағы көше жолын тегістеп жатырмыз. Тегістеуге келмейтін жердің жанынан жаңа жол ашып қойдық.

№25 автобус бұрын орташа сыйымдылықта болатын, бірақ қазір үлкен автобустарды бердік. Жалпы, резервте тұрған автобустарымыз бар. Дегенмен оларға жаңа планшет орнату да біраз уақытты қажет етеді. Сондықтан бір-екі күнге бола басқа автобус шығарғанымыз жоқ, — деді ол.

Директордың айтуынша, компания паркінде 320 автобус бар. Оның 160-ы күн сайын жолаушыларға қызмет көрсетсе, қалғаны резервте тұр.

Ал №43 автобусқа қатысты қойылған сұрағымызға серіктестік директоры:

— Бұл бағытта қазір орташа сыйымдылықтағы автобустар қатынап жүр. Үлкеніне ауыстырғымыз келеді, бірақ ол жақтың жолы мүмкіндік бермейді. Асфальттан мініп-түсетін жер бар. Сол аймақ ұзын автобустың қозғалысына қиындық тудырады. Көліктің бір шеті ілініп қалуы мүмкін.

Жүруге қолайлы Жаңақоныс, Есет батыр тұрғын үй алаптарына үлкен автобустарды қойдық. Мәселен, Есет батырдың ең шеткі шағын ауданына дейін баратын №2 автобустың қазір қала бойынша тоғызы жүр. Интервалы 14-15 минуттан,— деп жауап берді.

Қала бойынша ең көп бағытта тасымал ұйымдастырып отырған компанияның да мәселелері бар екен. Жолдардың жайын айтып болған соң Ақарыс Тілеулесов бүгінде қоғамдық көлік жүргізетін жүргізуші табу мұңға айналғанын айтты.

— Қазір «Автопаркте» автобус жүргізетін 280 адам бар. Компания ешқандай шағымсыз жұмыс жасауыүшін тағы 300-ге жуық жүргізуші қажет. Алдағы уақытта жүргізушілерді екі ауысым бойынша жұмысқа шығарғымыз келеді. Бірақ маман тапшы. Жастардың жүргізуші болып келгісі жоқ. Оның бір себебі: 2015 жылдан бастап жүргізушілерге қатысты заңда өзгеріс болды. Яғни сол уақыттан бастап Д санатының жүргізушісі ең алдымен Д1 санатын алуы керек. Ол үшін жүргізуші міндетті түрде 25 жасқа толған болуға тиіс. Содан үш жыл өткен соң ғана Д санатын ала алады. Ал бұрын біз Д санатындағы мамандарды өзіміз дайындап, ақысыз, келімшарт негізінде оқыттық. Қазір автобус тізгіндеген азаматтардың көбі — сол кезде оқып алғандар. Сол санаулы жүргізушілер бөлініп кеткен соң бізде маман тапшылығы сезіліп отыр, — деген директор қазір автобус жүргізушілерінің айлығы бұрынғыдай емес, едәуір өскенін жеткізді.

«Автопарктегі» жүргізушілер қазір айына 380-450 мың теңге көлемінде жалақы алады екен.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ақтөбе облысы аумағында Көліктегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жүзеге асырады. Инспекцияға хабарласқанымызда, әзірше полициямен бірге қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау ережесінің сақталуын тексеру жұмыстарын бастай қоймағандарын айтты. Дегенмен жыл басынан бері жүргізілген бақылау нәтижесінде заңсыздықтар анықталыпты. Олардың арасында жолаушыларды билетсіз алып жүргендер, сондай-ақ жолаушыларды және багажды тасымалдау қағидаларын бұзғандар бар.

Кәсіпкерлер жылы аялдамалар салады

Осыдан тура бір жыл бұрын қаладағы аялдамалардың сиқын айтып, кезекші редактор бағанына «Үнсіз» аялдамалар» тақырыбында шағын мақала жазғанмын. Онда осыдан бір-екі жыл бұрын аялдамаларда қандай автобус, сағат нешеде келетіні көрсетілген кестелер ілулі тұратынын, келетін автобустың нөмірі, оның неше минут тұратыны, сағат нешеде қозғалып кететіні — бәрі-бәрі жазылатыны айтылған еді.

«Арада 365 күн өтті, бірақ сенің аялдамаларың әлі «үнсіз» тұр», —  деп қалжыңдайды кей таныстарым.

Әлеуметтік желідегі парақшама жазылған оқырмандарым аялдама мәселесін де көтерген соң бұл тақырыпқа да тоқталып, тұрғындардың жанайқайын осында қалдырғанды жөн көрдім.

Кейбіреуі жылы аялдамалар керектігін айтса, енді бірі өздері тұратын маңда аялдаманың ешқандай белгісі де жоқ екендігін жазыпты.

Есет батыр тұрғын үй алабының 4-шағын ауданында 2018 жылдан бері тұратын қала тұрғыны үй маңына аялдама қашан орнатылатынын сұрапты.

Ақтөбеліктің бұл сұрағына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Самалбек Ідіріс жауап берді.

Бүгінде қала бойынша 757 аялдама бар. Оның 12-сі жылы аялдама болса, 62-сінің жанында дүкен орналасқан. Әлі 251 аялдама қажет. Биыл жыл соңына дейін елуден астамын орнатамыз.

Бұдан бөлек қала әкімінің тапсырмасымен қалалық кәсіпкерлік бөліміне аялдама керек 40 орынның тізімін бердік. Яғни алдағы уақытта кәсіпкерлер сол маңға өз кәсібін ашып, жанына жылы аялдама орнататын болады. Сол тізімнің ішінде Есет батырдың 4-шағын ауданы да бар, — деп жауап берді.

Студенттердің жеңілдігі

Бұрын ақтөбелік студенттер қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүретін. Әрі ол уақытта қоғамдық көлікте жүру құны қазіргімен салыстырғанда едәуір арзанырақ болатын. Өкінішке қарай, қазір студенттер үшін ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Сауалнамаға қатысқан Нұрғиса есімді студент осы мәселені көтеріпті.

— Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының бірінде оқимын. Тұрып жатқан үйім қаланың сыртында болғандықтан, университетке келу үшін 2 автобусқа отыруға тура келеді. Сабақтарымды реттеп алғанша, қосымша жұмыс жасауға келмейді. Сондықтан студенттерге автобуста жүру үшін жеңілдік жасалса екен деймін, — деп пікір қалдырыпты.

Бұл сұрақты Самалбек Ідіріске қойған едік. Сектор меңгерушісі аталған мәселе мәслихат деңгейінде, бюджет қаражатына қарай шешілетінін айтты.

— Бүгінде Ақтөбедегі автобустарда студенттерден басқа бірнеше санаттағы азаматтарға жеңілдік жасалған. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56-бабына, «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» Заңның 13-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 6 және 31-баптарына сәйкес Ақтөбе қаласының әкімдігі және Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімімен автобустарда 1,2-топ мүгедектері мен мүгедектігі бар балалар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері — тегін, 7 мен 18 жас аралығындағы  балалар, 3-топ мүгедектері, зейнеткерлер 50 пайыз  жеңілдікпен жүреді, — деді ол.

Аталған санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікте жүріп-тұруына жылына 250 млн теңге қарастырылған.

Бұл жолы көтерген тақырыбымыз — «эксклюзив» емес, бұған дейін қоғамда айтылып жүрген мәселелер. Біз жай ғана тұрғындардың күн сайын басынан өткізіп жүрген жағдайын көрсетіп, жанайқайын тыңдағымыз келді. Мақсатымыз — билікке жеткізу.

Ай емес, күн санап өсіп келе жатқан шаһар үшін мұндай мәселенің болуы заңдылық та шығар.  Десе де жайлы, «ақылды» қалада өмір сүруге кез келгеннің қақысы бар ғой?!.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button