Аспаздың әңгімесі

Палау басуды үйреніп алдым. Түк те қиындығы жоқ екен. Тіпті үйдегілер әйелімнің палауын жегісі келмей, маған палау жасататын болды.
— Ер адамның пісірген палауына жетпейді! — деді әкем.
Ол сөзі анама ұнамайды.
— Мақтаныңдар, мақтаныңдар. Осы күнге дейін әйелдер пісірген палау ішіңді тесіп шыққан жоқ қой.
Негізі, бұл өнерім басыма пәле болды. Жұмыстан шаршап келіп, палау басатын да күндерім болады, сондай кезде «қайдан ғана үйреніп ем?» деп шаршаймын.
Үйге келген көршім палау жеп отырып, «охоо, мынау палау өзгеше ғой» деді.
— Мына баламыз пісірген, — дейді анам мақтанып.
Мұндайымды бұрын көрмеген көршім таңдай қақты.
— Мынадай өнермен ақша табу керек қой. Айтпақшы, келесі аптада атамның қырық күндік асын беремін. Соған аспаз қып сені-ақ шақыра салайын да. Бәлкім, сол жерде палауың жақсы шықса, кейін де шақыратындар шығып қалар. Адам деген ақша табу керек қой. Соғұрлым өзбектерді шақырып, 10 мың теңге беріп жатырмыз, — деп көршім тоқтамай біраз сөйледі.
Ішінен өзінше «мотивация бердім» деп ойлаған шығар, бірақ мына ұсынысы маған түк те ұнамады. Енді алжапқыш жамылып, қазан жағалағаным қалып еді…
Әке-шешем менің келісімімді сұраған да жоқ.
— Міне, дұрыс! Қарап жүргенше ақша тап!
…Арада біраз күн өтіп, айтылған күн де келді. Көршімнің үйінде палау басу басталды.
— Аспаз кім? — дейді келгендер.
Үй иесі мені нұсқайды.
Олар таңғалып:
— Мынау ма? Оу, бұл пісіре ала ма?
— Пісіргенде қандай!
— Тобаа, — дейді аналар — аспаздықтың да қадірі қашты. Көрінгенге ермек болды-ау. Енді мына біреу палау пісірсе, жетісіппіз…
Мына сөзі көңілімді түсіріп жіберді. Сөйтсем, бұл басы ғана екен. Қазандағы сәбіз бен етті араластырып қуырып жатқанымда, сол жерге келген бір әйел ернін сылп еткізді.
— Фу. Еркектерде ұят қалмады. Ұсақталып кетті. Ел қорғайтын азаматтарымыздың түрі мынау. Палау пісіріп…
Оны жанындағы әйел қостады.
— Соны айтсайшы. Ертең елге жау шапса, мыналарың қазанмен қорғай ма…
Сәлден соң бір бөтен еркек келді. Менің тірлігіме ұзақ қарап тұрды да, сосын:
— Қазақсың ба? — деп сұрады.
— Иә.
— Жүрегің қазақ деп соға ма?
— Жүрек сөйлеп соғушы ма еді? — деймін қитығып.
— Қазақ болсаң, жүрегің қазақ деп соқса, онда неге қазақтың ұлттық асын пісірмей, өзбектердің палауын пісіріп жатырсың? Қазы-қартаның палаудан несі кем?
— Оны үй иесіне барып айт… Не пісір десе, соны пісірем.
Одан да құтылып ем, тағы біреу келіп, «астағуфриллах» деді. Деді де:
— Мына ет ненікі? — деп сұрады.
— Білмеймін.
— Халал ма?
— Білмеймін.
— Үйдегі сойылған малдың еті ме, магазиннен алды ма?
— Білмеймін.
— Не пісіріп, не жеп жатқаныңды білмеудің өзі үлкен күнә, — деп бастады да, менің тілім келмейтін сөздерді араластырып, біраз нәрселер айтты.
Одан да құтылдым-ау. Бір кезде қазанды жағалап, «Айфон 13» ұстаған біреу жүр.
— Аға, — деді маған. — мына етті неше минут қуырдыңыз?
— Өй, білмеймін.
— Рецепт бойынша, жарты сағат қуыру керек екен. Су күрішті бір сантиметрдей көміп тұруға тиіс. Сол жағын білесіз бе?
— Білмеймін.
— Білмесеңіз қалай палау пісіріп жатырсыз?
— Оны да білмеймін.
— Өй, онда мына палау быт-шыт болады. Түк білмейді екенсіз ғой. Білмесеңіз интернетте толып тұр ғой. Оқып-біліп алмайсыз ба?
Бір кезде палау пісіп, таратылды. Анадай жердегі сәкіде бағанағы патриот та, ана екі әйел де, халал туралы әңгіме қозғаған діншіл де, «Айфон» ұстаған білгіш те, «кім көрінген аспаз боп кетті» деп түңілген адамдар да алдарындағы палауды қырық жыл қызыл көрмегендей опырып жеп жатты. Солар жемей қоя ма деп уайымдап ем, көңілім орнына түсті…
Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ.
О, МАХАББАТ!
«Абай жолымен» келе жатқанмын. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанын» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танимын ғой, жөн сұрасам, эпостық жырдағы «Баян сұлу» сауда орталығында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» (менеджер дегенім ғой..) болып жұмыс істеп жатыр екен. Өзімше «движение» жасағым келіп кетті. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Атақонысына» барғанымда, бір рет көргенмін. Бойжетіп қалыпты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегіндей» білегі аппақ екен… Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой. Мейлі, Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты өліп кетсем де, шіреніп тұруым керек қой. Өлгені құрысын, Бердібек Соқпақбаев жазып кеткен: «Өлгендер қайтып келмейді»… Шынымды айтсам, Әбдіжәміл Нұрпейсовтің «Қан мен теріндей» терлеп кеттім.Төлеген Айбергеновтей «Бір тойымның болары сөзсіз менің!» Қыз да үндемейді.Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Мұқағали Мақатаевтың «Арманы» сияқты ма? Жоқ әлде, Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» дегендей, алып қашсам ба? Сотталып кетемін-ау! Рымғали Нұрғалидың «Аяқталмаған трагедиясы» болып жүрсем ше? Не деп кеттім? Сәкен Иманасов сияқты «Айтар едім», бірақ тілім күрмеліп…
— Кешіріңіз, Теодор Драйзердің «Аяулы Керриіне» ұқсайды екенсіз…— дедім.
— Ағай, Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» күйін кешкен жалғыз сіз емес…— деді бойжеткен назданып.
— Кешіріңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» бастасақ, қайтеді? — деп әзілдедім.
— Мұстафиннің «Миллионері» болсаңыз, көреміз…
— Хамит Ерғалиевше «Біздің ауылдың қызы» ғой, қарапайым қарындасты жолықтырдым деп ойлап тұрсам… Ақшаны ғана ойлағанша, Бекхожиннің «Мәриям Жагорқызынан» үлгі алсаңыз еді!
— Ағай деймін, әзілді көтере алмайсыз ба, жүдә, Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз…
— Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой, қарындас…
— Немене, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі» ме едіңіз?
— Айтпақшы, қолыңыз бос па? Кафеге барып, Роллан Сейсенбаевтың «Түнгі диалогын» бастасақ?
— Мұратбековтің «Ай туар алдында» ма?
— Иә. Ғабит Мүсіреповтің «Кезеспей кеткен бір бейнесіндей» ах ұрып қалмайын деп…
— Жарайды… Шексипирдің «Король Лиріндей» қоймадыңыз ғой.
О, «Мөлдір махаббат!» О, «Махаббат қызық мол жылдар»! Мақатаевтың «Аққулары ұйықтағанда» Мүсіреповтің «Ұлпанның» қыпша белінен қапсыра құшақтап, Қали Сәрсенбайдың «Тұлға –тағдырындай» болмасам да, кеудемді кере ұстап, «Оянған Өлке» — Шымқаланың шырайлы көшелерінде «Алмас қылыштай» жарқырап келе жаттым… О, Махаббат!
Мұхтар ШЕРІМ.
…деген екен
Мұқағали Мақатаев бір жолы Ақтөбеге келеді. Облыстық газетте қызмет істейтін ақын Мұхтар Құрманалиннің бөлмесіне кірсе, ол кісі жоқ екен де, бірақ жас қызметкер отырса керек.
– Мұхтар қайда? — деп сұрайды одан Мұқағали.
– Редактор шақырып еді, қазір келіп қалар, отыра тұрыңыз.
Мұқағали үстелді саусақтарымен шерткілеп: «Мұхтар да Мұқа, Мұқағали да Мұқа», — дегенді қайталап айта береді. Әлгі жігіт қарап отырмай:
— Мұқаң көп болғанмен, Мұхтар біреу ғой, — депті.
Мұқағали оған жалт қарайды:
— Дұрыс айтасың, бала, атың кім өзіңнің?
— Құрал.
Осы кезде бөлмеге басқа бір жігіт кіріп келеді. Ол Мұқағалиды танып, қол ұсынып, сәлем береді.
– Ал сен кімсің? — деп сұрайды Мұқағали:
– Болат Теміров деген ақын ініңізбін ғой, — дейді жаңа келген жігіт:
Сонда Мұқағали:
– Оу, редакцияларыңа құрал-сайман, темір-терсек толып кетіпті ғой, — деген екен.
Дайындаған: Самат НАРЕГЕЕВ.



