Заманауи мектеп, сапалы білім

Білім күнінде Батыс-2 шағын ауданында «SMART BILIM» мектеп-гимназиясы ашылды. Жаңа оқу ордасы екі ауысымда 7 мыңнан астам баланы қабылдай алады.
Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов еліміздегі ең ірі мектептің бірі саналатын білім ордасына барып, жұмысымен танысты.
122 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ғимаратта оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алуы үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалған. Мектептің құрылысына мердігер 5,7 миллиард теңге қаражат жұмсапты. Ғимарат жеке кәсіпкердің қаражатына салынғанымен, оқушылар мұнда мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алады. Ата-аналардың қалауы бойынша бастауыш сыныптарда ақылы бөлімдер бар. Яғнибалалар балабақшадағыдай кешке дейін мектепте болады. Осы жерде тамақтанып, қосымша үйірмелерге қатысады.
Төрт бағыт бойынша бірнеше үйірме жұмыс жасайды.
Оқушыларға ағылшын, түрік, француз, қытай, кәріс тілдерін үйренуге мүмкіндік бар. ІТ саласын толық меңгерем деушілер үшін қосымша сабақтар қарастырылған.
Гимназия директорының орынбасары Айгүл Алдиярованың айтуынша, қазіргі таңда мектепте 3647 оқушы білім алады. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектептің 1-сынып табалдырығын 596 бала аттады. Қазір мұнда 30 бірінші сынып бар.
Білім ордасының жұмысымен танысқан өңір басшысы мектептің құрылтайшысына алғысын білдіріп, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



