Экономика

Бұхара-Орал газ құбыры: үшінші желі іске қосылады

Бұхара-Орал магистралды газ құбырынан бөлінетін үшінші тармақты пайдалануға беру өңірдің көгілдір газға қажеттілігін алдағы 50 жылға толық қамтамасыз етпекші.

Жақында облысқа іссапармен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы құрылыс жобасының жүзеге асу барысымен танысып, оның маңыздылығын атап көрсетті, сонымен бірге жұмыс барысында отандық материалдарды кеңінен пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Ақтөбе қаласын және оған іргелес елді мекендер мен өнеркәсіптік нысандарды газбен жабдықтау Бұхара-Орал магистралды газ құбырының екі бөліністері тармағы бойынша жүзеге асырылып келеді. Бұл құрылыстар негізінде өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдар аумағында салынған. 

Көгілдір газға деген қардарлықтың сезілуі кешелі-бүгін байқалған көрініс емес. Өйткені облыс орталығы кеңінен қанат жайып, өсіп келеді, жаңа тұрғын үй кешендері мен әртүрлі нысандар бой көтеріп, жаңа кәсіпорындар іске қосылуда, кәсіпкерлік ауқымы кеңейе түсуде. Осының барлығы да газды пайдалануға мүдделі.  

Мәселен, 2022-2023 жылғы жылыту маусымында пайдалану барысындағы желілер жүктемесі 175 пайызға жетті. Табиғи газдың қардарлығы сағатына 186 мың текше метрді құрады.

Көгілдір отынға қажеттілік

Ақтөбе өңірі қолайлы географиялық орналасуы мен бірегей минералды-шикізат базасының нәтижесінде бизнес үшін мейлінше тартымды. Айта кетерлік жай, бұл аймақта салым үшін инвестициялық тартымды болып табылатын 170 шамасындағы еркін кен орындары бар. Оның үстіне облыс жерінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді.

2018 жылдың қараша айында жылыжай құрылысы бойынша ірі жобаны жүзеге асыру ісі қолға алынған кезде «Грин Капитал Қазақстан» ЖШС басшысы Алевен Диедерик Теодорик (Нидерланды корольдігі) инвесторлардың біздің облысқа неге айрықша назар аударатындығы туралы айтқан еді.

— Ақтөбе облысы бізді арзан газымен және қолайлы бизнес-ахуалымен тартады, — деген еді ол.

Шынында да, ірі жобаларды жүзеге асырудың басты шарттарының бірі — арзан газдың болуы. Әрине, бұл ретте оның бағасы ғана емес, жетілікті мөлшерде болуы да маңызды. Содан бері арада бес жылдай уақыт өтті, ал бұл арада жағдай да айтарлықтай өзгерді. Газды пайдалану деңгейі арта түсті, ал жұмыс істеп тұрған құбырлардың өткізу мүмкіндігі бұрынғы күйінде қалды. Қалыптасқан тұйықтан шығудың бірден-бір жолы — жаңа газ құбыры құрылысын қолға алу.

Бүгінгі күні Бұхара-Орал магистралды газ құбырының үшінші тармағы құрылысы жүргізілуде. Бұл Ақтөбе өңірі үшін аса қажет. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов атап көрсеткендей, Мемлекет басшысының қолдауы нәтижесінде өмірлік маңызы бар ірі жоба жүзеге асырылуда.

«Қазіргі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз өздері қолға алған нысандарын іске қосуда, бұл ретте олар белгілі бір дәрежеде мемлекеттік қолдауға ие болып отыр, сондай-ақ шаруаларын оңтайлы жүргізу үшін несие алып, қаржылай жүктеме де көтеруде. Менің айтайын дегенім — осы жұмыстар барысында газ қажеттілігі қай жерде де білінеді, — деп атап көрсетті «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Руслан Қойшинов. —Ақиқатында, дәл осы тұста кәсіпкерлікті дамытуда көгілдір отын қардарлығы кәдімгідей өз әсерін тигізуде».

Кәсіпкерлік палатасы қызметкерлері қалыптасқан жағдайға байланысты тұйықтан шығу жолдарын іздестіре отырып, «ҚазТрансГаз Аймақ» кәсіпорнымен белгілі бір деңгейде жұмыстар жүргізуде.

Бұл арада мынадай жайларды ескеру қажет. Егер кәсіпкерде бұған дейін газ желісі жүргізілген нысандар болса, оған енді қосымша көлем ғана қажет деп табылса, оны шешу жолын қарастыру мүмкіндігі бар. Ал өз бизнесін жаңадан ғана бастап, газбен жабдықтау желісіне қосуға техникалық шарттар ала алмай жүргендерге қолдау мен көмек қажет.

«Мынаны атап өткім келеді: бұл аталған проблеманың орын алып отырғаны бүгін ғана емес, ол осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болған. Бірақ ол кеде қазіргідей қиындықтар жоқ еді: «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі техникалық шарттарды бере беретін. Одан кейінгі уақытта оны беруге мораторий жарияланды, соның салдарынан 65 бизнес субъектісі газбен жабдықтаушы ұйымдардың бұйрығы салдарынан газға қосылу мүмкіндігінен айырылды»,— дейді бізге сұхбат беруші.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы бұл проблемаға қатысты мәселені осы өңірде ғана емес, басқа да жерлерде көтеріп отыр. Соның нәтижесінде ол қаралып, мораторий өзгертілді. Алайда табиғи газдың жетіспеушілігі барлық бизнес үшін қолайсыздықтарға әкеліп соғауда.

Руслан Қойшиновтың айтуына қарағанда, қазіргі қолданыстағы газ құбырларының нақты жүктелімі нормадан әлдеқайда артық. Бұхара-Орал магистралды газ құбырының үшінші желісінің құрылысы аяқталып, нысанның пайдалануға берілуі ғана бұл проблеманы біржолата шешуге мүмкіндік береді.

Жобаның техникаалық сипаттамасы

Өткізу қабілеті — сағатына 526,5 мың текше метр.

Газ құбыры бөлінісінің үшінші желісінің ұзындығы — 165 шақырым.

Магистралды газ құбыры-бөлінісінің диаметрі — 720 мм.

Құрылыс жүргізу мерзімі ұзақтығы — 17 ай.

Жобалық ұйым — «КАТЭК» ЖШС.

Тұйықтан шығу жолы

Өңірлік кәсіпкерлік палатасындағылар атап көрсеткендей, 2021 жылдың қараша айында көгілдің газдың жетіспеуінен жаңа, сондай-ақ бірқатар жұмыс істеп тұрған жобалардың тоқтап қалу қаупі орын алды. Нақты айтатын болсақ, облыс орталығындағы өмірлік маңызы бар құрылыс нысандары материалдарын шығаруда қиындыққа душар болды.

«Экотон-Батыс» ЖШС зауытының өкілдері өңірлік кәсіпкерлік палатасы сарапшыларын ұяшықты бетоннан жасалатын арматурланбаған қабырғалық блоктар өндірісінің тоқтап қалуы туралы дабылмен хабардар етті. Мұндағы мәселе мынада екен: өндіріс үшін аса қажетті әкті дара жеткізуші «Неохим» ЖШС 2021 жылдың қыркүйек айынан бері шикізатпен 60% төңірегінде ғана қамтамасыз етіп келген. Бұл «ҚазТрансГаз Аймақ» кәсіпорнының филиалы газ мөлшеріне түзету жасауға қарсылық білдіруімен байланысты болған екен. Негізінде, бұған дейін газ мекемесінің Ақтөбе өндірістік филиалы жыл сайын екінші және үшінші тоқсандарда ешқандай проблемасыз қосымша келісімшартқа қол қою жолымен тауарлы газдың артық жұмсалуына қатысты өзгерістер енгізіп келген.

2022 жылдың қазан айында облыс әкімінің өңірдегі бизнес қауымдастығымен кездесуі барысында «SD Indrustru» ЖШС өкілі өз компаниясын газбен жабдықтау желісіне қосуға бас тартқаны туралы айтты. Соның салдарынан серіктестік айына 1,5 миллион дана кірпіш шығаратын жобаны іске қоса алмай отырғанын жеткізді.

Негізінде бұл жоба құрылыс материалдары қардарлығына байланысты облыс үшін маңызды болып саналады. Сондай-ақ жаңа өндіріс тыңнан жұмыс орындарын ашу мүмкіндігіне де ие болып шықты. Бұл ғана емес, облыс аумағында басқа да бірнеше шағын кәсіпкерлік субъектісі осындай жағдайға тап болған.

Тұйықтан шығу жолы — Бұхара-Орал газ құбыры желісінің газ өткізу мүмкіндігін молайту еді. Сондықтан да оны жүзеге асыру ісі жедел қолға алынды.

Жаңа жобаның артықшылықтары:

Жаңа газ құбыры-бөлінісінің өткізу қабілеті облыстың қажеттілігін алдағы 50 жылға қамтамасыз етеді.

Жоба құрылысы таяу жылдарда құны 3 триллион теңге тұратын 30 ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.

Бұл жұмыс ауқымына сағатына 258 мың текше метр газ қажет етіледі.

Жаңа желінің жылдық қуаты 2,4 миллиард  текше метр құрайды, үш желінің жалпы жиынтық қуаты жылына 4,1 миллиард текше метр газ беруге есептеліп отыр.

 

Іс басталды

Газ құбыры бөлінісінің үшінші тармағы құрылысы мәселесі бұрыннан қозғалып келеді. Облыстың қазіргі басшылығы бұл проблемаға ден қоюының нәтижесінде ғана сең қозғалды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, қолданыстағы магистралды газ құбырлары желісінің нақты жүктелімі бүгінгі күні 114 пайыз құрайды немесе бұл сағатына 360 мың текше метр газ беріледі деген сөз.

Өткен жылы Бұхара-Орал магистралынан Ақтөбеге газ құбыры бөлінісінің үшінші тармағы құрылысына жобалау-құрылыс құжаттамасы мемлекеттік сараптамасы өтіп, жоба  43,4 миллиард теңге деп бағаланды. Жоба жүзеге асырылу нәтижесінде құбырдың өткізу қабілеті сағатына 526,5 мың текше метр құрайды, бұл газ қардарлығын жабуға мүмкіндік береді деп есептелді.

Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың шілде айында басталды. Жобаны жүзеге асыруды бастау үшін 2023 жылға бюджеттен 11,1 миллиард теңге бөлінді: нақты айтсақ,  республикалық бюджеттен — 10,1 миллиарда теңге және жергілікті бюджеттен — 1 миллиард теңге.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге Шымкент қаласынан «ОтауСтрой» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жүргізілуге тиісті жұмыстардың келісімшартта көрсетілген құны — 42 миллиард 415 миллион теңге.

Аталған серіктестіктің директоры Аслан Әлібек құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісімшарт бойынша 17 ай деп көрсетілгенімен, компания оны мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отырғанын сеніммен айтты.

— Газ құбыры трассасын бөлектеу бойынша жұмыстар жүргізілді. 82 шақырымдай аумақта өсімдік қабаты алынып, 62,5 шақырым ор қазылды, сондай-ақ 165 шақырымның 34 шақырымына диаметрі 720 миллиметр болатын құбыр желісі салынды. Шойын құбырдың 1 957 қиылысына дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді,— деді ол.

Қазіргі уақытта құбыр жүргізу үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына 150 жұмыс күші мен 30 техника бірлігі тартылған.

…Сонымен, өңір экономикасын өркендетуге үлес қосатын үлкен іс қолға алынды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Үшінші желінің іске қосылуы басқа әлеуметтік мәселелерді шешумен бірге, бизнесті өркендетуге де серпін беретіні сөзсіз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button