Өңірдегі өзекті мәселелер шешімін табады

Биыл облыстың даму бюджеті екі есеге артты
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері алдында берген есебінде бір жылда атқарған жұмыстарын және алдағы жоспарлары туралы баяндап берді.
Ералы Тоғжанов бір жыл ішінде облыстың 12 ауданына 100-ден астам жұмыс сапарымен барғанын, осы уақыт аралығында нақты шешімдер қабылданған негізгі түйткілді мәселелерді жеке бақылауға алғанын жеткізді.
— Атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталып өтсек, былтыр Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының бір жақ бөлігі пайдалануға берілді. Биыл төрт жолақты жолдың 80 пайызын бітіріп, келесі жылы толық іске қосамыз. Өткен жылы 41-разъезд жолын 1 ай 24 күнде жөндеп, жол қозғалысы қамтамасыз етілді. Ал биыл қазан айында жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады. Сонымен қатар жуырда оңтүстік айналма жолы көпіріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. Осылайша тұрғындарға берген уәдемізді дер кезінде орындадық.
Өткен жылы жол саласындағы басты мәселе битум тапшылығы болды. Осыған байланысты 11 миллиард теңгенің жобасы уақтылы игерілмей тоқтап тұрды. Дер кезінде қабылданған шешімдер мен келіссөздердің арқасында қажетті битумды қамтамасыз етіп, жобаға сәйкес жолдар салынды. Жалпы, облысымызда өткен жылдың қыркүйек айында облыс бюджеті 429 миллиард теңгені құраған болса, биыл бұл көрсеткіш 209 миллиард теңгеге артып, 638 миллиард теңгеге жетіп отыр, — деді облыс әкімі.
Өз сөзінде өңір басшысы облыстың даму бюджеті 153 млрд теңгені құрағанын, бұл өткен жылдың бюджетімен салыстырғанда 2,4 есеге немесе 89 млрд. теңгеге артық екенін тілге тиек етті.
Биыл облыстың даму бюджетін ұлғайтудың арқасында 2018 жылдан бері салынбай қалған 30 нысанның құрылысы қайта жандандырылған.

Бұхара-Орал желісі өңірде газ мәселесін шешеді
Бүгінде облыста газ тапшылығын шешу өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Биыл құрылысы басталған Бұхара-Орал газ құбырының үшінші желісі келер жылы пайдалануға берілсе, өңірде аталған мәселе шешімін таппақ.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, облыс орталығындағы газ құбырлары сонау 1960-80 жылдары салынған. Қазіргі таңда олардың жүктемесі 175 пайызға дейін жетіп отыр. Бұдан бөлек өңірде сұйытылған газға да сұраныс жоғары. Олай дейтініміз, дәл қазіргі сәтте облыста газ тапшылығы байқалады. Энергетика министрлігі ай сайын облысқа 11 мың тонна газ бөледі, алайда бұл көлем газбен жабдықталған автокөліктерді толық қамтамасыз етуге жетпейді. Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осы мәселеге қатысты жетекші министрлікке тапсырма берген болатын.
Облыста құрылысы жүріп жатқан, жалпы құны 43,4 млрд теңгені құрайтын Бұхара-Орал газ құбырының үшінші желісі алдағы уақытта газға қажеттілік мәселесін кемінде 50 жылға дейінгі ауқымда шешуге мүмкіндік береді.
- Бүгінде облысқа қажетті ай сайынғы 16 мың тонна сұйытылған мұнай газын бөлу мәселесі Энергетика министрлігі және тиісті ресурс иелері тарапынан қарастырылуда. Бұдан бөлек сұйытылған мұнай газын өндіруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазақойл», «Газ-процессинг» компаниялары қыркүйек айында жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осыған орай өңірімізде сұйытылған мұнай газына сұраныс одан сайын артады, — деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов депутаттарды осы бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Ақтөбе жағымсыз иістен құтылатын болды
Қазіргі таңда қала тұрғындары облыс орталығында жағымсыз иістің шығуына байланысты жиі шағымданады. Бүгінге дейін халық үшін күн тәртібіндегі мәселе болып келген кәріз тазарту жүйелерін жаңарту жобасы келер жылы шешімін табады.
Ақтөбе кәріз тазарту қондырғылары 1981 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта негізгі құрылыстардың техникалық жағдайы нашар, қондырғылардың тозуы 80 пайызға жеткен. Бүгінде жаңа станция салудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, құжат мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып үлгерген. Жүргізілген келіссөздердің арқасында келер жылдан бастап Ақтөбе қаласында Еуропалық қайта құру және даму банкі қаражаты есебінен жаңа кәріз-тазарту құрылыстары салынатын болады. Жобаның жалпы құны — 54 млрд теңге. Кешеннің құрылысы келер жылы басталады.
— Облыс орталығында жаңа станция салу Ақтөбе қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі — ауаның күкіртті сутегімен ластануына қатысты өзекті мәселені шешеді. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді өңір басшысы.
Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақтөбе қаласының экологиялық мәселелерін шешу өзекті екенін айтып, аталған жобаны жүзеге асыруда кемшіліктер болмауы керектігін тапсырған-ды. Міне, енді облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жобаның арқасында Ақтөбе жағымсыз иістен құтылатын болды.

Қандыағаш-Шалқар жолы жөнделеді
Облыста шамамен отыз жылдан бері жөндеу көрмеген Қандыағаш-Шалқар жолы жөнделіп жатыр. Бұл жоба келер жылы да жалғасады.
Облыс әкімінің айтуынша, Қандыағаш-Шалқар жолы сонау 1960-70 жылдары салынған. 259 шақырымды құрайтын және ауыл халқы үшін маңызы бар автокөлік жолын жөндеу жұмыстары биыл басталған. Қазіргі таңда осы жолдың 20 шақырымы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы 75 шақырымды жөндеуге қажетті барлық құжаттамалар дайын.
Тозығы жеткен Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын республикалық жолын қайта жаңарту жұмыстары да келер жылы басталады.
— Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Дегенмен бұл шаралар жеткіліксіз. Осы орайда ұзындығы 262 шақырым болатын аталған жолды 4 жолаққа дейін кеңейту арқылы 3-ші санаттан 1-ші санатқа жеткізу бойынша қажетті шешімдер қабылданып, тиісті құжаттар әзірленуде. Аталған жобаның құны — орташа есеппен 530 миллиард теңге. Бір қарағанда, бұл — бір облыстың бюджетіне тең қаржы. Келер жылы Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын автокөлік жолын жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталады, яғни 56 шақырымдық 2 учаскенің жолы жаңартылады, — деді Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ биыл Ақтөбеде қалаішілік жолдарға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда биылғы жылдың өзінде 65,5 шақырым қалаішілік жол салу және жөндеу (оның ішінде тұрғындар тарапынан көп сынға ұшырап жүрген Ә.Молдағұлова, Тәуелсіздік және 312-атқыштар дивизиясы даңғылы), 100 аулаішілік жолдарын жөндеу, 93 ескі лифтті ауыстыру, 42 спорт және балалар ойын алаңын орнату, криминогенді аймақтарда 1200 жарық нүктесін орнату, көп қабатты 6 үйдің құрылысын аяқтау, 325 шақырым болатын жаңа тұрғын алаптарға инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
— Облыс тұрғындары жиі көтеретін басты мәселенің бірі — автожолдардың сапасы.
2022 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 72 пайызды құрады, бұл — еліміздегі ең соңғы орындардың бірі.
Өткен жылы 32 миллиард теңгеге 536 шақырым жол жөнделді. Айта кету керек, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл осы бағытта жұмыстарға 1,7 есеге артық қаражат қарастырылып, 53,5 миллиард теңгеге 872,8 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар жөнделеді. Бүгінгі күннің өзінде бұл жолдардың 400-ден астам шақырымы пайдалануға берілді. Нәтижесінде жыл аяғында нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78 пайызға жеткізіледі. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 95 пайызға жетуі керек, — деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек биыл облыста 190 шақырым республикалық маңызы бар жолдар жөнделуде. Жалпы бір жыл ішінде 1062,8 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.
1 трлн теңге инвестиция тартылады
Биыл 7 айда облыстың экономикасына 470 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір тарихында алғаш рет жылдың соңына дейін 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту міндеті қойылды.
Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту тапсырмасына сәйкес 2023-2025 жылдар аралығында облыста 3,1 трлн теңгеге 17 ірі жобаны іске асыру жоспарланған.
Жобаларға тоқталсақ, бүгінде облыста 458 млрд теңгеге теміржол кластері құрылуда. Оның аясында елімізде алғашқы рет темір-болаттың арнайы маркаларын шығаратын кәсіпорын бой көтереді. Бұл жоба шетелдерден жыл сайын 1 млрд долларға сатып алынатын арнайы болат дайындамаларын өзімізде өндіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанда 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын алғашқы кәсіпорын және батыс өңірі аумағында теміржол дөңгелектер шығаратын алғашқы зауыт іске қосылады. Болашақта бұл өндірістік кәсіпорындар «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ өңірде медицина саласын дамыту мақсатында жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын ядролық медицина орталығы бар көпсалалы клиника, медициналық техника мен бұйымдар шығаратын «Қазмедприбор» зауыты, сондай-ақ Орта Азия елдерінде алғаш рет диализатор шығаратын зауыт бой көтереді.
Ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстандық мұнай жабдықтар» кәсіпорны мобильді бұрғылау қондырғылары мен фонтандық арматура шығаратын Қазақстандағы алғашқы зауытты іске қосады.
Облыста қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна болатын цемент өндіру зауытының құрылысы да жоспарлануда. Бұл кәсіпорын облысты ғана емес, еліміздің батыс өңірін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде өңірде қой жүнінен жылу сақтайтын құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салынуда. Қазіргі кезде кәсіпорын жүн қабылдау жұмыстарын бастап кетті. Бұл жоба республикадағы теңдесі жоқ бірегей жобалардың бірі болмақ.
Қазіргі таңда өңірде ERG компаниясымен 1,1 трлн теңгеге бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, алдағы жылдары Дөң тау-кен байыту комбинатында жиналған шламдарды қайта өңдеу фабрикасы іске қосылып, ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе қаласының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қуаты 100 МВт дейін кәдеге жарату станциясы өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ, ERG компаниясы «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезегін салу бойынша 878 млрд теңгеге ірі жобаны іске асырмақ.
Сондай-ақ облыста құны 198 млрд теңге болатын жалпы қуаты 305 МВт баламалы электр энергиясын өндіретін 3 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды.
Бұдан бөлек қосымша 193 млрд теңгеге «Сангроу Пауэр» компаниясымен қуаттылығы 400 МВт құрайтын жел электр станциясын жүзеге асыру бойынша келісімге қол қойылды.
«Ауыл аманаты»: ауыл үшін зор мүмкіндік
Ауылдарды барынша сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздық деңгейін азайтуды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы биыл облыста сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде өңірге қарасты елді мекендерде тұратын мыңдаған ауыл тұрғыны үйлерін кепілдікке қойып, бар болғаны 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін жүргізуде.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы жоба аясында қосымша 12,5 млрд теңгеге Үкімет тарапынан қолдау бар. Қазіргі таңда облыста аталған жоба аясында 6,7 млрд теңгеге 1 540 жоба мақұлданды. 4,4 млрд теңгелік 1118 жобаға несие берілді. Берілген несиенің нәтижесінде бүгінде 103 мыңнан астам құс алынды, қосымша 68 жылыжай салынып, 158,6 гектар аумаққа картоп пен көкөніс егілді және шағын бизнестің 385 жаңа жобасы жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері өңірдегі ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен тауарлық несие ретінде 335 отбасына 4758 бас мал берілген. Жобаны жүзеге асыру арқылы жұмыссыздар саны 41,4 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39 пайызға азайды. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін артып отыр. Бұл — республика бойынша басқа өңірлерге үлгі болатын нәтиже.
Бүгінде Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Мәселен, облыста төрт түлік мал орташа есеппен 107 пайызға дейін өскен. Мал қыстату науқанына 2,8 млн тонна қажетті мал азығының 2,5 млн тоннасы немесе жоспардың 91,7 пайызы дайындалған. Ал өсімдік шаруашылығында 747,1 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, бүгінге дәнді-дақылдарды жинау басталды, орташа өнімділігі — гектарына 10,2 центнер.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған 271 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау мақсатында 13,2 млрд теңге субсидия түрінде қаражат бөлінді. Нәтижесінде биылғы 7 айда 195 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 18 млрд теңгеге жетті.
Арзандатылған 2,5 пайыздық несиемен сүт-тауарлы фермаларын салу үшін республикалық бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөлінді.
Үкімет басшысының берген тапсырмасына сәйкес облыста биыл ұлттық жоба шеңберінде 14,5 млрд теңгеге 1,2 мыңнан астам бизнес жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Нәтижесінде белсенді кәсіпкерлердің саны 23 пайызға артып, 88 мың бірлікті құраса, бизнес субъектілерімен өндірілген өнім 20 пайызға өсіп, 393 млрд теңгеге жетті.
Қысқа уақыттың ішінде облыс экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі 2 пайызға өсіп, 27,2 пайызды құрады. Бұл — тау-кен өнеркәсібі дамыған, мұнайлы өңір үшін жақсы көрсеткіш. Мәселен, Хромтау қаласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында облыстық бюджет, «Даму» қоры және «Қазхром» компаниясы (ERG) тарапынан 3 пайызбен несие беру үшін 2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 659 млн теңге несие сомасына 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал «Қазхром» компаниясының тапсырысы аясында 440 мың бөтелке ауызсу шығаратын шағын кәсіпорын ашылды. Жобаны қолға алған «Астмед» компаниясы жергілікті 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткізіледі
Келер жылы облыс халқын таза ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткізіледі. Бүгінде облыс тұрғындарының 98,6 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Биыл осы орайда 10 мыңнан астам тұрғыны бар 32 ауылға су құбыры жүргізіледі.
Биыл 9 мыңнан астам адам тұратын 12 ауылға көгілдір отын тартылып, халықты газбен қамту үлесі 94,4 пайызға жетеді. Ал келер жылы 30 ауылға газ жүргізу үшін 22 млрд теңгеге жобалар дайындалуда.
Биыл 7 айда облыста 465 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін облыс тарихындағы ең үлкен көрсеткіш — 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл ретте бюджет қаражаты есебінен 3750 пәтерді құрайтын тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығы 1112 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар тұрғын үй саласында 2015 жылдан бастап қордаланған және күн тәртібіндегі тұрған мәселе — үлескерлердің мәселесі.
Бүгінде өңірде 540 үлескер үй алу үшін жалпы сомасы 3,5 млрд теңге қаржы салған. Қазір Ақтөбе қаласында үлескерлер қаржы салған сақалды құрылыстар бар. Олардың жалпы саны — 11. Облыс әкімінің жіті қадағалауының нәтижесінде бұл мәселе бойынша жедел шешім қабылданып, арнайы жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда барлық нысан бойынша әлеуетті инвесторлар табылды және жыл соңына дейін 285 үлескер өз пәтеріне қол жеткізеді. Қалған 255 пәтерге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында құрылысы ұзаққа созылған 12 нысан бар. Бүгінде жол картасы аясында бір нысан пайдалануға беріліп, екі құрылыс бұзылуға жататындығы анықталды. Сондай-ақ қалған 9 нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
26 су қоймасы салынады
Облыс әкімі өз есебінде су тасқынына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
Оның айтуынша, биылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы негізінде қауіпті учаскелер анықталған. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында 103 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Оның ішінде 41 жоба бойынша жұмыстар аяқталды, 62-і жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте былтыр 2 бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, облыста жаңа 26 су қойма салу жоспарлануда. Оның ішінде алтауы — республикалық бюджеттің, бесеуі облыстық бюджеттің есебінен салынады. Қалған шағын су қоймалары аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.
Жоғарыда айтылған жобалар жүзеге асырылған жағдайда облыста 619 млн текше метр ағын суды сақтап қалуға, суландыру алаңын 65 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Әлеуметтік сала: жаңа жобалар
Бүгінде облыс бюджеті қаражатының 40 пайызы білім саласына бағытталған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға жоғары.
Облыстағы мектептердің 50 пайызы — шағын жинақты мектептер. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында «Білім ALL» жобасы пилоттық негізде іске қосылды. Алдағы уақытта осы жобаны республиканың басқа өңірлерінде жүзеге асырылу ұсынылуда.
«Білім ALL» жобасының тиімділігі сол — биыл қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы 15 пайыздан 10,3 пайызға төмендеді. Жоба «Қазақстан халқы» қоры есебінен қолдау тауып, 12 тірек мектепке және 134 шағын жинақты мектепке жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын заманауи оқу құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуде.
Облыстағы 6 үш ауысымды мектептің саны биыл жаңа мектептер есебінен үшеуге қысқарып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 18 мектеп салынады. Оның 14-інің биыл құрылысы басталды. Жоба аясында қосымша 2 апатты және 3 үш ауысымды мектептің мәселесі өз шешімін табады.
Білім сапасын қамтамасыз ету үшін облыста білім саласына бірқатар жүйелі жаңалықтар енгізілді. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарындағы қаржылық басқару ісі бұлтты бухгалтерияға ауыстырылып, цифрлы платформаға енгізілді. Алдағы уақытта педагог кадрларды жұмысқа қабылдау электронды негізде жүзеге асырылатын болады.
Облыста 25 мыңнан астам педагог бар. Қазіргі таңда 85 қала мектебінің деректері 100 пайыз Jumys электронды платформасына енгізіліп отыр.
Ал медицина саласында биыл облыста «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 1,1 млрд теңгеге 5 нысан салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 медициналық нысан салуға 1,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл мақсатқа жұмсалған қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 есеге өсті.
Өз сөзінде облыс әкімі қазіргі таңда өңірде балалардың денсаулығына ерекше көңіл аударылуы керектігін жеткізді. Мәселен, бүгінде облыста 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 4934-ке жеткен, оның ішінде алғаш мүгедектік алған 434 бала бар. Алдағы уақытта медицина саласында атқарылатын жұмыстар балалар арасындағы аурушаңдықты, сырқаттануды азайтуға және ауруларды ерте анықтауға бағытталады.
Мәдениет саласындағы жетістіктерге тоқталсақ, биыл облыс орталығында «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды қорғау қорының қолдауымен құны 498 млн теңгеге С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында креативті орталық ашылды. Кітапханаға заманауи бағытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық жаңа технологиялармен, кітап қорымен толықты. Креативті орталыққа келушілер саны 9 мыңнан 15 мыңға артты. Алдағы уақытта креативті орталықтың жұмысын экономикалық тұрғыдан тиімді етіп, айына 3-4 млн теңге табыс табу көзделіп отыр.
Сондай-ақ инженерия, технологиялық бағыттағы қызығушылығы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Makerspace» орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Өнер орталығы мен Өнер музейінде осы бағытта қызмет көрсететін орындарды жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл үш ауданда құны 754 млн теңге болатын мәдениет үйлерінің құрылысы басталды. Ақтөбе қаласында кітапхана мен планетарий, Темір ауданында музей-архив құрылысына қаражат бөлінді. Бұған қосымша 633 млн теңгеге 5 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында облыста 28 спорт нысанының құрылысы басталды. Оның 7-еуі пайдалануға берілсе, 11-інің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл спорт мекемелерінің құрылысы 13 нысанға артық салынып отыр.
Ортақ мүдде оң өзгерістерге бастайды
Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрайымы Тәттігүл Талаева облыс әкімінің есебінде барлық сала қамтылғанын, өңірдің бір жылдағы даму көрсеткіші көңіл көншітетінін жеткізді.
— Алдағы уақытта өңірдің әлеуетін одан әрі дамыту үшін барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Әркім өз орнында, өз деңгейінде міндетін атқарып, халық жасалып жатқан жұмыстардың оң нәтижесін көруі керек. Сонда халықтың сенімі, әл-ауқаты артып, жалпы, облыстың экономикасы мен әлеуметтік жағдайы бұдан да зор дамиды, — деді Т.Талаева.
Бұдан кейін ол облыстық қоғамдық кеңестің жаңа мүшелеріне сертификаттар табыс етті.
Облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев бір жыл ішінде атқарылған істердің аз еместігін, облыс әкімінің бастамасымен биыл көптеген жоба сәтті жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Мәселен, осы уақыт ішінде өңірде битум тапшылығын жою, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау, мектеп пен емдеу мекемелері санын арттыру, ауыл тұрғындарына сапалы білім беру мен дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы, т.б. мәселелер толығымен шешілді.
- Облыс бюджетінің 600 миллиард теңгеден асуы — тамаша көрсеткіш. Ал, Ералы Лұқпанұлы, мүмкіндігі шектеулі балалардың дүниеге келуіне жұртшылықтың назарын аударып отырғаныңыз — дер кезінде көтерілген мәселе. Жағдай ушығып кетпей тұрғанда бұл мәселені ашық айтып, оны шешу жолдарын іздеу керек, — деді ол.
Ал облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетовтің айтуынша, облысқа жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылса, халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, көптеген маңызды мәселелерді шешуге болады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов өңірде «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқанын жеткізіп, облыс әкімінен ауылшаруашылық колледжінде мамандар даярлау ісіне көңіл бөлуді сұрады.
— Облысқа қазіргі кезде комбайншылар, агрономдар, шопандар керек. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жобаның қандай тамаша нәтиже беріп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Ауыл адамдары тынбай еңбек етіп, балалары мен немерелерінің болашағы үшін табыс тауып жатыр. Ауыл тұрғындарының аяққа тұрып, қалаға жұмыс іздеп кетпеуі үшін мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Сондықтан біз ортақ мүдде жолында бірігіп жұмыс атқарып, аталған мәселені шешуге көңіл бөлуіміз қажет, — деді кеңес төрағасы.
Данагүл ҚАЗИХАН.







