Басты жаңалықтарӘлеумет

Ақтөбеде ҚР Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өтті 

Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заң – азат елдің ар-намысы» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Еліміздің бас Заңының 28 жылдығымен өңір тұрғындарын Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов құттықтады.

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституцияда белгіленген демократия құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері Қазақстан Республикасы дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды. Қолға алынып жатқан өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту. Бұл міндеттерді орындауға еліміздің әрбір азаматы атсалысуы қажет!» деп Ата Заңымыздың маңызы туралы айтты. Расында, өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Ата Заңымыз – тірлігі мен татулығы жарасқан барлық ұлттардың Қазақстанның бір шаңырағы астында алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етті, еліміздің баға жетпес қымбат қазынасына айналды. Сондықтан да барша жұртшылық бұл күнді айрықша қадірлейді және болашағының бүгінгіден де жақсы боларына нық сенеді», – деді Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасқанын, оның ең құнды игілігі адам құқықтары мен бостандықтары екенін атап өтті.

«Конституциялық реформалар – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдістердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясын реформалау бойынша бүкілхалықтық референдум өткізілді. Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Бұл қоғамдық-саяси маңызы жоғары науқанға Ақтөбе облысының жұртшылығы да белсенді қатысып, еліміздің болашағын айқындайтын өзгерістерге дауыс берді. Біз Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына марапаттар табыс етті. Гран-при Байғанин ауданының Спановтар отбасына берілді.

Спановтар отбасы 9 бала, 37 немере тәрбиелеп, 13 шөбере өсірді. Балалар мен немерелері әртүрлі салаларда лайықты жұмыс істейді. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер және т. б. бар.

Бірінші орынды Ақтөбеден келген Толыбаевтар отбасы иеленді. Екінші орынды Ақтөбеден келген Қабижановтар мен Ойыл ауданынан келген Сәрсеновтар бөлісті.  Үшінші орынға темірлік Нұртазиндер, хромтаулық Айымбетовтер және шалқарлық Нұрғалиевтер ие болды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 16 жасқа толған азаматтарына жеке куәліктері табысталды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button