Спорт

Әлем чемпионатына жолдама алады

Ақтөбеде киокушинкай-кан каратэден чемпионаты өтіп жатыр.

Чемпионаттың ашылу салтанаты сенбі күні Жекпе-жек сарайында өтті. Алдымен еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген командалар ортаға шақырылып, жанкүйерлер оларды қол соғып, құрметпен қарсы алды. Одан соң облыс әкімі Ералы Тоғжановқа сөз берілді.

Өңір басшысы жиналғандарды келе жатқан Конституция күнімен құттықтады, сондай-ақ спортшыларға сәттіліктер тіледі.

Еліміздің атын шығаруға, халықтың рухын көтеруге, намысын шыңдауға спортшылардың қосар үлесі көп. Сондықтан біз әлемдік, халықаралық деңгейдегі жарыстарда сіздерден жеңіс күтеміз. Әрине, әр жеңіс үлкен еңбекпен келеді. Спортшының жеңісі тек жеке басының абыройына ғана қызмет етпейді, бүкіл халыққа үлгі болады, басқаларды да өмірді мағыналы өткізсем деген тілекке, үлкен жетістіктерге жетелейді. Сондықтан жеңістеріңіз көп болсын! — деді Ералы Лұқпанұлы.

Облыс әкімі өңірде спорт саласында жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Біз халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғап жүрген ақтөбелік спортшыларды мақтан тұтамыз. Болашақта олардың жеңісті жолын жалғастыратын, лайықты ізбасарларын тәрбиелеп шығу үшін өңірде көптеген жұмыстар жасалып жатыр, — деді ол.

Мысалы, жыл басынан бері облыста 7 спорт кешені пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 11 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.

Жиында республикалық ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев та құттықтау сөз сөйледі. Ол осы ел біріншілігі жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің биылғы әлем чемпионатына қатысатынын, яғни бұл әлем чемпионатының алдындағы іріктеу турнирі екенін атап өтті.

Биылғы ел біріншілігін өткізу үшін Ақтөбе өңірінің таңдап алынуының да өз себебі бар болса керек. Біздің облыста 5 мыңға жуық бала каратэмен айналысады. Бұл спорт түрі бойынша секциялар саны — 130.

Ашылу салтанатында еліміздің Әнұраны орындалды, жас каратэшілер мен облыстық халық шығармашылығы орталығының әншілері өнер көрсетті.

Чемпионат 55 келі салмақ дәрежесінде Ақмола облысының спортшысы Мәуліт Серік пен астаналық Ғалымжан Әбдіқадыровтың жекпе-жегімен басталды. Негізгі уақытта екі спортшы тең түсіп, жеңімпаз қосымша уақытта анықталды. Жеңіс  Ғалымжан Әбдіқадыровқа берілді.

Жалпы чемпионатқа жасөспірімдерден бастап, яғни 12 жастан асқан 500-ге жуық спортшы келген. Жарыстың бас төрешісі — Игор Лим. Әр салмақта чемпион, күміс жүлдегер және екі қола жүлдегер анықталады. Үздік спортшылар, жоғарыда айтылғандай, биылғы қараша айында Алматыда өтетін әлем чемпионатына қатысады.

Айна САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button