Басты жаңалықтарӘлеумет

Жолаушылар тілегі ескерілді

 Ақтөбе тұрғындарының наразылығын туғызып отырған өзекті мәселелердің бірі —  қоғамдық көлік жұмысы. Өткен үш айдың ішінде Ахуалдық орталыққа қоғамдық көлік қозғалысы уақытының бұзылуына, автобустардың жағдайы мен көлік жүргізушілерінің дөрекі әрекеттеріне қатысты 550 шағым келіп түсті.

Осыған байланысты облыс әкімі Ералы Тоғжанов көлікті бақылау инспекциясына полициямен бірге қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау ережесінің сақталуын тексеруді тапсырды. Тексеріс барысын облыс әкімі жеке бақылауына алды.

— Барлық автобус кестеге сәйкес жүруі, жолаушылар нақты бару-келу уақытынан хабардар болуы керек. Оның үстіне оқу жылы басталады —  студенттер мен оқушылардың көбі автобусқа мінеді, алда қыс мезгілі. Бағыттық  автобустардың нақты кестесі барлығына цифрлық форматта қолжетімді болуы қажет, —  деді Ералы Тоғжанов қоғамдық тасымал мәселелері талқыланған жиында.

Қалада жолаушыларға 46 бағыт бойынша 4 компания қызмет көрсетеді. Олар —  «Автопарк» ЖШС, «Табыс Ақтөбе» ЖШС, «Akzhayik Avtopark» ЖШС, «Qala Trans» ЖШС. Күн сайын келісімшартта көзделген 331 автобустың орнына орта есеппен 254 автобус шығады.

Айта кетейік, тасымалдаушылар 2022-2023​ жылдары 163 автобус сатып алды. Осылайша қоғамдық көліктер автопаркінің 50 пайызы жаңарды.

Бұдан бөлек «Автопарк» ЖШС жыл соңына дейін қосымша тағы 30 автобус, «Akzhayik Avtopark» ЖШС 10 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Бекқұл баба, Шилісай, Рауан, Ақшат, Өрлеу, т.б. елді мекендеріне қатынайтын автобустар санын көбейту талабы қарастырылған.

Қазіргі уақытта жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша жаңа конкурс өткізіліп жатыр. Байқаудың техникалық талаптарына сәйкес тасымалдаушылар автобустар санын көбейтіп, кесте бойынша таңғы 6.30-дан кешкі 22.30-ға дейін жүруге міндетті.

М.ТАБЫН.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button